Қоғам

Бір уыс бидай

Қазақ халқы тағдырдың қаншама сынағын бастан өткерді десеңші. Дүниенің дүрбелеңін, аштығы мен тоқтығын, қуғыны мен сүргінін көріп-ақ келеді. Сонда да ары мен ұятының алдында адал болуға тырысып бағуда. Бір уыс бидайға қатысты бұл оқиға өткен тағдыр сынағының тәбәрәгі іспетті болғандықтан тәпсірлеуді жөн көрдік.

Бұл оқиға бүгінгі күннен бірқанша жыл бұрын болыпты. Ашөзегіне түскен ана екі баласының бірін арқалап, бірін жетелеп келеді. Жалпақ жұртқа келген жұт болғандықтан маңайы да осы кейіпте болатын. Аштықтан ыңыранған бала, қаусаған қарт. Көштің бұйдасы үзіліп, жұрт енді босып барады. Босқан елде береке болсын ба?! Қал сұрасып жатудың өзі артық болса керек-ті. Бірін арқалап, бірін жетелеген ана алыстағы нағашысын бетке алған. Иен даладағы бір ойдымға келгенде өзегін аштықтың өрті жалмап жығыла кетеді. Сілесі кепкен ана селеудің басынан түскен бүрген түбіндегі дәнді сыпырып әкеледі. Қар суына езілген дәнді қос құлынының аузына салады. Дала шөбінің нілін сорған балалары қарысуға шақ қалған жақтарын қармап, сілекейін жұтады. Осылайша, жер-ананың бауырын тіміскілеген ана байқұс бір бұтаның түбінен тышқанның інін тауып алады. Топырағы қатпаған іннің ішінде тіршілік иесі бар деп болжайды. Ол да бір қуаныш. Өйткені аштық басталғаннан бері дала тышқандары да ауып кеткен көрінеді. Осылайша, олжа іздеген ана тышқан інін лезде қазып болады. Іннің түбіне таяғанда шиқылдап жатқан тышқанның төрт баласын көреді. Олардың арғы жағында бір уыс бидай үюлі тұр. Бірнеше күн тамақ ішпеген адамға бір уыс бидай бірталай ас. Алайда ана байқұс сумаң етіп бидайға жетіп барған қолын лезде тартып алады. Бидайды алып кетсе, тышқанның балалары аштан өлері анық, алмаса, өз балалары аштан өлмек. Осылайша, өзін табиғат құдіреті мен адамгершілік заңы алдындағы таразыға салып бірқанша уақыт отырады. Ақыры алмауға бел буады. Даладағы тіршілік иесінің ырыздығын өзіне қалдырып, балаларының тағдырын бір Аллаға тапсырып аттанып кетеді.
Құлағында шырылдаған тышқан үні мен жылаған бала дауысы. Бұлдыр дүние арасында бұратыла басып жүріп келеді. Бір кезде аспаннан айнала ұшқан қыран құсты көреді. Айбарынан аң біткені сескенетін түз тағысы өздеріне қарай заулап келеді. Қорыққан ана қос құлынын құшағына қарай қыса түсті. Сол сәтте дәл қастарынан өте шыққан елікті көздері шалып қалды. Сол-ақ екен қыран бүркіт екі аттатпай үстіне міне кетті. Жан берісіп, жан алысқан аң мен құстың алысы көп ұзаққа созылмады. Бүркіттің жеңісімен аяқталары о баста белгілі болған еді. Осы сәтте екі баласын тастай сала ұмтылған адамды көрген түз тағысы олжасын қалдырып, көкке көтеріліп кетеді. Осылайша, Алла көктен тілегенін жерден беріп, қос сәби аштықтан аман қалады. Қанағат қылғанға қайдан да ырыздық бар екендігіне көздері жетіп, бір уыс бидайды қалдырып кеткендерін ризашылықпен еске алады. Осылайша, еліктің жарты етін арқалаған ана екі баласын жетектеп ел шетіне аман-есен ілігіпті.
Бұл мысал – өзегің талса да, өзгенің мүлкіне қол сұқпау керектігінің дәлелі. Өзі аш болса, қонақтың сыбағасын сақтауды салтқа айналдырған баба ғұрыпта мұндай мысалдар жетерлік.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button