Бір үйір жылқы иесіне қайтарылды

Жарма аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне 27 жастағы Белтерек ауылы шаруа қожалығының басшысы қаңтардың ортасында бір үйір жылқысының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген. Еркін жайылымнан барлығы 24 бас ұрланғанын айтқан шағым иесі.
– Бөлім қызметкерлері полицияның қоғамдық көмекшілерімен бірлесіп іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде 15 күн үздіксіз іздеуден кейін бір үйір мал иесіне қайтарылды, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Полиция департаменті бастығының айтуынша, мал ұрлығының негізгі себебі – малдарын қараусыз жайылымға шығаратын иелерінің салғырттығы. Иен далада иесіз жайылып жүрген мал – қаскөйлер үшін оңай олжа.
Сонымен қатар қараусыз мал жол-көлік оқиғаларына себеп болады. Себебі соқтығысу салдарынан жануарлар өледі, ал жүргізуші мен жолаушылар жарақат алып, көлік құралдары зақымданады.
Тасқын Болатұлы