
Кения астанасы Найробиде жеңіл атлетикадан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында Әлем чемпионаты өтті. Қазақстан атынан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қызы Анастасия қатысты.
Ұзындыққа секіруден Қазақстаннан басқа Оңтүстік Африка, Нигерия, Ресей, Польша, Бразилия, Испания, Швеция, Үндістан, Ямайка, Колумбия, Украина, Эстония, Италия, Кения және Багам аралдарының өкілдері сынға түсті. Қатысушылардың жалпы саны – 20. Финалға шығып, жүлде алу үшін спортшылар 6,35 метрден асып секіруі керек болған.
Осы орайда Анастасияның жеке рекорды 6,18 метр екенін айта кетейік. Өкінішке қарай, ол жарыста іріктеуден өткен 12 спортшының қатарына ілінбеді. Кестеде 13-інші орынға тұрақтады. Ол екі рет шектеу сызығын басып кетіп, тек бір нәтижесі есепке алынды (6,05 метр).
Спорт сарапшыларының айтуы бойынша, Анастасияның финалға шығуына бар-жоғы бір сантиметр жетпеді. Дегенмен, спортшы өзінің бабында екенін көрсетті. Өйткені ол небары 16 жаста, ал қарсыластары өзінен үш-төрт жас үлкен.
Айта кету керек, кіші Рыпакова осы маңызды чемпионатқа Қазақстан атынан жалғыз барды. Оның өзіндік себебі бар. Анастасиямен бірге ұзақ қашықтыққа жүгіруде риддерлік Арина Гладышева да жолдама алған еді. Өкінішке қарай, ол жарақат алып, Найробиге барудан бас тартуға мәжбүр болған.