Қоғам

БІР ӨЗІ ЖҮЗ КІСІЛІК НҰРҚАС АҒА

Нұрқас Батырбаев 1902 жылы қазіргі Катонқарағай ауданындағы бесінші ауылда туып-өскен. Өз әкесі Шоңмұрынның биі – Ділдәйім. Әкесінің ағасы Батырбайдың өзінен туған баласы жоқтықтан Нұрқасты бауырына салған.

Алтайдағы алтын ұя болып аталған Шыңғыстай ауылындағы қазақ балаларын орысша оқытатын төрт кластық мектепті зерек Нұрқас үздік бітіріп, орысша да, қазақша да едәуір сауатты жігіт болады. 1920-1930 жылдары жаңа үкімет келгенде әртүрлі әкімшілік, кеңес орындарында әуелде кішігірім, кейіннен аудандық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып жүреді.

Отызыншы жылдардың басында Катонқарағай ауданында Қараханов деген біреу сот болып қызмет атқарған. 1932 жылы біздің колхозға астық кезінде уәкіл болып, құлыны өлген бір жарау қара биеге мініп жүргенін көріп те едім.

Сол Қараханов (атын білмеймін) 1930 жылы соттығын істеп, біздің ауылдың екі оқыған сауатты азаматын – Батырбаев Нұрқас пен Тойғамбаев Ыбырай деген ағаларымызды соттап, он жылдан түрме жазасын беріпті.

       Тұтқындағы қазақты басшы етіп сайлапты

Нұрқаспен бірге оқыған құрдас, дос Ыбырайдың екі жас үлкен ағасы Қиса Семейге іздеп барып, Қарахановтың үкімін бұзғызып, інісі Ыбырайды түрмеден шығарып алыпты. Нұрқас ағамыз би баласы ретінде «әшкереленіп», он жылды арқалап, айдалып кете берген.

Кәрі әкесі Ділдәйім би де он жыл құшақтап, баласымен бірге   айдалады. Нұрқас түрме әкімдерімен сөйлесіп, кәрі әкесімен түрмеде жылдан артық бірге болып, Ділдәйімді бір жылдан кейін өз қолынан жерлейді.

Бір топ жерлестерімен Нұрқас колонияға – Қиыр Шығысқа, Хабаровскіге келеді. Колонияда бригада басқарып, басқарған бригадаларын өндіріс жұмыстарында (ағаш дайындау, жер қазу) алға шығарып, көзге түсіреді. Жұмысқа шықпайтын, тентек, карта ойнағыш, қыңыр адамдардан бригада ұйымдастырып, соларды басқарып, жұмыс істетуді де Нұрқасқа тапсырады колония басшылары.

Колонияның бастығы Нұрқасты 1933 жылы өзіне көмекші етіп тағайындайды да, келер жылы, яғни 1934 жылы төрт айлық демалысқа кетіп, орнына көмекшісін бастық етіп қалдырады. Сол кезде Қиыр Шығыс округіне қарасты колониялардың жұмысын тексеруге Москвадан ішкі істер халық комиссариатынан тексеру келіп, Нұрқас басқарған колония бір тоқсанда барлық көрсеткіштерден алда болады. Комиссариаттың коллегиясында тексеріс қорытындысы қаралып сөз болғанда, колонияның бастығы кім екеніне назар аударыпты.

Тексеруші: «Төрт айдан бері колония бастығы демалыста екен, орнында жұмыс ұйымдастырушы, өзі тұтқын бір белгісіз аз ұлттың өкілі Батырбаев екен», – депті.

Сонда наркоматтың өкілі (мүмкін орынбасарларының бірі шығар) ұсыныс беріп: «Сол тұтқын заңмен тұтқын мерзімінен босатылып, колония бастығы болсын!» – деп тұжырыпты.

Мұндай жарлықты округ басшыларынан естіген Нұрқас: «Түсте көретін мұндай құзырлы-жақсылыққа көп рақмет. Артымда екі жас балам мен әйелім қалып еді, солардың өлі-тірісінен хабарсызбын. Кәрі шешемді де жер аударып жіберген екен. Тұтқыннан босансам, елге барып мал жайсам да, жанұямнан тірілерін тауып асырар едім» дегенде, округ бастығы: «Сені босатып еліне қайтарылсын деген Москвадан нұсқау жоқ, саған колония басқарту, сол колонияға мұсылман тұтқындарды жинап, жұмыс істеттіру ұйғарылған», – депті.

Орта Азиядан, Қазақстаннан Қиыр Шығыс округіне барған тұтқындардың көбін Нұрқас өз колониясына алдырып, ауруларын емдетіп, сауларын жұмысқа қосып, жарамсыздарын комиссияға қаратып, киіндіріп, азық беріп үйлеріне қайтартыпты. Тіпті қас дұшпанына да жақсылығын аямады. Нұрқасқа көрінеу қиянат жасап, он жыл түрмеге кескен халық соты Қараханов 1937 жылы енді өзі «халық жауы» атанып ұсталып Нұрқастың қарауына келіпті.

Көзінен сорасы ағып, имиіп өлуге шақ тұрған Қарахановты көргенде колония бастығы дүние кезекті айтып, «жақсыда кек болмайды» деп, кешегі кеткен өшін қайтаруға әрекет етпейді. Нұрқас Қарахановқа да өлер халдің аз-ақ алдында келгенінде жанашырлық жасап, ажал аузынан алып қалды. Иә, мұндай оқиға өмірде кездесе бермейді.

«Адамзаттың арыстаны еді ғой…»

«Өзіңнен қалған екі баланың кішісі Асылбай шапағатшы болған, Алтыбайың нағашысының қолында, аман» деген хабарды Нұрқасқа бір Матжан деген пысық молда кісі хатқа жазып сүйінші сұрайды. Сонда Нұрқас ақшаның қымбат, сауын сиырдың 300-400 сомдық кезінде 70 сомды азсынып, сүйіншіге 700 сом ақша жіберіпті. Матжан молда ақшаланып қалады.

Алтыбайына арнап жазған хатында Нұрқас бірауыз қара өлең қосыпты:

          «Атыңнан айналайын, Алтыбайым,

          Басады сені ойласам қайғы-уайым.

          Түсімде түнде жүріп, өңің қашты,

         Немене түнде жүрген бұйымтайың?!»

Мұны оқыған, естіген ауылдағы ағайындары түгел жылағанын бала күнімізден білеміз.

Таулы Алтай автономиялық республикасының Жазатыр ауданында тұратын Қаратай руынан шыққан жасы қазір 90-ға келген Ыбырайым ақсақал әңгіме үстінде Нұрқас туралы:

«Елге 1938 жылы аман-есен оралғаным, балалы-шағалы болғаным бір құдайдың, сонан кейін Нұрқастың арқасы. Хабаровскіде халім әбден төмендеген кезде су ішкілігім болу керек, Нұрқас басқарған колонияға іліктім, өлтірмей, емдетіп, күттірді. Жылдан артық қол астында жұмыс істедім, киіндіріп, елге қайтарды. Нұрқастың қамқорлығынан еліне, бала-шағасына кемінде мыңдаған мұсылман аман-есен қайтты ғой.

Шіркін, Нұрқас адамның арыстаны еді ғой, 90 жасқа келгенше Нұрқастай болып жаралған қазақ баласын көргемін жоқ», – деп Ыбырайым қарт сақалын сипап, тие берсін айтты.

Он жыл түрмеге кесіліп кеткен Нұрқас Батырбаев төрт жылдан кейін тұтқындықтан босап, Хабаровскідегі мың сегіз жүз тұтқыны бар колонияны он жылға таяу басқарып, 1942 жылы өзі басқарған колониядан жүздеген азаматты іріктеп алып, Сібір дивизияларының құрамында соғысқа аттанған. «Бір қатты ұрысқа кіргелі тұрмыз» деген соңғы хатты Нұрқас әйелі Уәзипаға 1943 жылдың қаңтарында жазыпты.

Алматы қаласында көптен тұратын ғалым, жазушы Елеукенов Шерияздан – Қазақстанның Шығысы десе жаны ауыратын перзенттердің бірі Д.Қонаев тұсында 15 жыл министр болып, полиграфияны басқарған, тәжірибелі мемлекет қайраткері. Мен жазған бірінші басылымдағы шежіредегі Нұрқас аға туралы ықшам очеркті оқып шығып:

– Бошеке, сіздің шежіре ішіндегі очеркіңізде аталған Нұрқас Батырбаев деген ағаңыз өте ірі тұлға екен. Жазса, бір романға арқау боларлық жан ғой, – дегенде, менің айтқаным:

– Мен өзім кеудеме нан пысырғандай, «мен-менмін» деп жүргеніммен, өзімді-өзім мөлшерлесем, мен Нұрқас ағаның қолына су құюға ғана жарайтын жанмын. Оған арланбаймын, айтуға да арланбас едім.

– Оқырман көпшілікке беймәлім батыр қаншама. Солардың бірі – ертегінің суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін батырын еске түсіретін қазақ Нұрқас Батырбаев. Бошай Кітапбаевтың айтуынша, «Бір өзі жүз кісілік» Нұрқас Батырбаев жайынан көлемді шығарма туғызғың келсе, өзің де сол кісінің ерлігінің мыңнан бірін болса қайталайтын еңбек сіңіруге тиіссің… Әлемдік көркем әдебиетіміз отыз екі ме, отыз үш пе сюжеттен тұрады деседі. Сол расқа шықса, ер Нұрқас жайынан жазған шығарма сюжеті отыз төртінші болатынына кәмілмін. Өмірден де, оқыған кітаптарымнан да дәл осындай ғаламат тағдырлы адамға кезікпеппін, – деп жазыпты жерлес бауырымыз Шериаздан Елеукенов.

Нұрқас ағаның Алтыбайы әкесін Ауа дейтін. Қазір де Ауа дейді. Алтыбай инженер жасынан қиындықты көп өткізді. Қазір зейнеткер, балалы-шағалы, Алматыда тұрады. Келініміз Нұрсара – мұғалима. Қанат деген атасына ұқсас ұлдары, екі әдемі қыздары бар.

Келіннің шыққан жері де текті жер. Сайқыман деген анасы – анық қаракөк, шешен де, көсем де адам еді. Ағасы Қылаң – өзі әнші, өзі инженер әрі балуан, Қаратайдың азаматы.

Үлкен тойларын туған ауылымызда өткіздік. Маған бас құда болуға тура келді. Сонда көрген түстей айтқан:

«Мұқамбай деген жақсы ақсақалдың үйінде Алтыбайдың Ауасының қолына 1937, 1940-шы жылдарда елге демалысқа келгенінде су құйып едім. Қазір де Алтыбайдың үйлену тойында Нұрқас ағаның қолына су құйып тұрғандаймын. Соған жарағаныма Жаратқанға ризамын!» дегенім есімде.

Туған ауылы Қабырғаның кезеңінде құрыш тастан орнаған мәңгілік ескерткіште алтын жазумен қашалып жазылған Ұлы Отан соғысының қос ауылдан қайтпаған 135 боздағының есімі бар.

Ішінде «Бір өзі жүз кісілік» Нұрқас Ділдәйімұлы Батырбаев батырдың да есімі тұр.

Мен ойлаймын, сол Нұрқастың туған ауылы Жаңаүлгідегі жаңа мектепке Нұрқас Батырбаевтың есімін берсе, ел-жұрт қуана құптар еді.

Бошай Кітапбаев, соғыс және еңбек ардагері

Өскемен қаласы.

Осы айдарда

Back to top button