Бір көшенің тұрғындары сайлау учаскесіне автобус жалдап келді
Өскемендегі Деповская көшесінің тұрғындары бірлік пен татулықтың тамаша үлгісін көрсетті. Олар мерекелік көңіл-күймен сайлау учаскесіне бірге келді, деп хабарлайды didar-gazeti.kz тілшісі.
Аталған көшенің тұрғындары сайлауға алдын ала дайындалыпты. Мұнда тұратын 15 отбасының мүшелері сайлау учаскесіне бірге баруға келіскен. Тіпті көлігі жоқтар үшін автобусқа алдын ала тапсырыс беріпті.
– Бұл бастаманы көше тұрғындары бір ауыздан қолдады. Көшедегі көрші-қолаң бұрыннан тату. Сайлау – еліміздегі маңызды оқиғалардың бірі. Өйткені біз жарқын болашағымыз үшін дауыс береміз. Сондықтан Президентімізді сайлауға әділетті қоғам құруға деген зор сеніммен, жақсы көңіл-күймен келдік, – дейді көше комитетінің мүшесі Евгения Загорулько.
Осылайша Деповская көшесінің бірлігі жарасқан тұрғындары түрлі-түсті шар ұстап, әрқайсы еліміздің көк жалаушасын желбіретіп, сайлау учаскесіне бет алды. Өздерімен бірге балаларын да ертіп алған.
Бұл көшеде де зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жылжымалы дауыс беру қызметі ұйымдастырылды.
Айжанат Бақытқызы