«Бір кезде болып едім мен де жорға…»

Әзмұқанбет Терлікбайұлы /1894 (1897) – 1978 ж.ж/ төлқұжаты бойынша 1894 жылғы. Мөлшермен осылай деп жаздырған кезінде Тарбағатай ауданы, Калинин атындағы колхоздың есепшісі Икен деген адам. Шынында Әзмұқанбет ақынның жылы Тауық, мүшел қуып есептегенде 1897 жылы дүниеге келген болады.
КЕРМЕДЕ ҚАЛҒАН ЖҮЙРІКТЕР
Төкпе ақын. Көп алдына шығып, аты ел ішіне кеңірек тарағаны 1950-ші жылдардың екінші жартысы. Осы жылдары Зайсанда атақты ақын Ержан Ахметовпен айтысты. 1959 жылы Өскеменде, Қазақ КСР-ның 40 жылдығына арналған атаулы мерекеде зайсандық Рахметолла Тоқтарбаевпен айтысып, бірінші орын, бүгінгіше айтар болсақ, бас бәйгені жеңіп алды. Айтыстан кейін республикалық радиодан келген орыс ұлтты екі адам облрадиостудияға апарып, әкеміздің импровизациясын таспаға жазып әкеткен. Кейін Ленин орденді шопан Бобылтаев Келес «Әзеңнің грампластинкасын Алматыда көріп, сатып алдым, тыңдап жүрміз» деді. «Әзеңнің әнін қазақ радиосынан тыңдадық» дегендер де кездесті. Бірақ грампластинка біздің қолымызға түскен жоқ, радиодан да тыңдамаппыз.
Ол жылдары Ақжар мен Зайсанда өткен әр мереке әкеміздің қатысуынсыз өтпеуші еді. Ат бәйге, балуан күрес басталғанша халық ол кісінің дыбыс күшейткіш арқылы саңқылдатып қойған өлеңдерін тыңдайтын. Ол өлеңдерді мәдениет бөлімінің қызметкерлері Виктор Дручинин, әнші, актер Қанапия Әліпиев деген адамдар магнитофонға жазып алып арнайы фонотекаға сақтап қоятын. Жиын-тойларда ойнататын. Осы жазбалардың мәдени, тарихи реликвия екеніне өзіміз көңіл аудармаппыз. Соның бірі қолымызда жоқ. Қолда бардың қадірі жоқ деген осы.
Бір қызық, әрі астарлы эпизод. 2000 жылдардың басы. Кезінде «Ақжар» совхозын басқарған, кейін обкомда бөлім меңгерушісі болған Төлеухан Қоғабаев кездесіп, «Әзеңнің өлеңдерін жинап жүрмісің?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. Бетін бетіме тақап тұрып, ақырын, жұмсақ үн, жылы жымиыспен: «Саған ұрсу керек! Саған ұрсу керек!» деп, саусағын безеп тұрып екі қайталады. Сол 1950 жылдары Тарбағатайда аупарткомның бірінші хатшысы, одан кейін облыстық мәдениет бөлімінің басшысы болған, 1963 жылы Ақжар халық театрын Мәскеуге апарып, Кремль театрының сахнасына шығарған, әкемізбен аса қадірлес, сыйлас болған Оралбек Малдыбаев: «Менде Әзеңнің газетке, кітапқа шыққан өлеңдерінің бәрі сақтаулы тұр» дегенді неше дүркін айтты. Кітап етіп басып шығарамын десең, бәрі дайын тұр деген тұспалы ма екен, кім білсін?
Ол өлеңдерді кезінде біз де жинап едік. Сақтаулы тұратын. Тап-тұйнақтай болып. Онан соң оқуға кеттік. Әскерде жүрдік. Ол кезде біздің үй малға шығып, көші-қонды болды деген сияқты. Тағы басқа да ебептер мен себептер қосылып, бір үй, оның болашақ ұрпағы үшін тәп-тәуір реликвия болуға тиісті дүние із-түзсіз кетті. Одан кейін де оның бәрін болмаса да, жұрнағын жинап алуға болар еді. Түрлі архивтер, кітап палатасы бар деген сияқты. Ашығын айту керек, осының соңына түсіп, жинастырудан тартыншақтата берген бір себептер де болмай қалған жоқ.
Мысалы, ол кездері аудандық, облыстық айтыстарға қатысып жүрген өзге ақындардың импровизациялық қарымдары қаншалықты екеніне менің көзім жетпейді. Ал енді Ержан Ахметовке келсек, суырыпсалма ақындықтың дүлдүлі емес пе?! Сексенді алқымдаған жасының өзінде не үні, не сөзінде бір қаяу жоқ! Біздің әкеміз болса, ол да тыңдаушысы келіссе, таңды таңға қосардың өзі. Ал сол кездегі «тәртіп» бойынша осы шашасына шаң жұқпайтын екі тарланбоз айтыстың мәтінін күнібұрын қағазға түсіріп, одан соң тексеру, былайша айтқанда, цензурадан өткізіп, сонан соң ел алдында қағаздан көз алмай, дайын тексті әндете оқи отырып «айтысуға» тиіс болатын. Сөз арасында әлдебір саяси қате кетіп қалмас үшін. Алдына ат түспес жүйріктерді тұсап, шідерлеп қойып бәйгеге қосқан сияқты. Сталин өзі кетсе де, көлеңкесі кетпей, әлі төбемізде төніп тұрған кез ғой. Бұл айтыстар Ержан мен Әзмұқанбет сынды төкпе ақындардың шынайы дарын деңгейін айқындай алмайтыны былай тұрсын, бұл айтысқа деген пародия дерлік еді. Сол себепті әлі мектеп жасында жүрген, жүрегіміз өнердің шынар биігі мен кәусар тұнығын көксеп алып ұшып тұрған біз әкеміздің бұл тұстағы әдеби мұрасына селқостау болғанымызды жасырмаймыз.
ҮЗІК-ҮЗІК ЖҰРНАҚТАР
Бірақ соның өзінде былайғы жұрт қайта оралған қастерлі өнеріміздің әлгіндей сарқынын шәрбәттай жұтып сусындаған тәрізді. Ол айтыстардан кейін он-он бес жыл өткен соң, мен Зайсанға ауысып барғанымда көшеде: «Сен Әзмұқанбет ақынның неменесі боласың?» деп тоқтатып алып, әкеміздің екі-үш шумақ өлеңін жатқа айтып жіберетін Талғатбек Жалбағаев, Сіләмбек Тоқымбаев, тағы басқалар сияқты адамдар кездесіп жүрді.
Тағы бір эпизод. Бір адам: «Әй, балам, тоқташы!» деп тоқтатып алып, әлгіндей жөн сұрап, онан соң өз жөнін айтты. Аты-жөні Уәтай Қайырлин. Сүйегі дәулетбай, көтеш, соғысқа біздің Калинин колхозынан кетіпті. «Жастар топ-тобымен майданға кетіп жатқанда аудан, облыстан кісілер келіп, елде қалған қарттарды жинап алып, енді жастардың орнын сіздер басуларыңыз керек деген сипатта үгіт айтты» деді Уекең. «Жиын аяқталған соң жұрт: «Әзмұқанбет! Әзмұқанбет!» деп шуласты. Әзең көп күттірмей сахнаға шығып: «Үкімет жинап алды өңшең қартты, Жинап ап өңшең қартқа міндет артты. Аянбай жеңіс үшін еңбек ет деп, Талабын партияның алға тартты» деп бастап, халықты бір күлдіріп, бір жылатып, түбінде ел жүрегінде үміт шырағын лаулатып бірталай өлең айтты. Мен сол өлеңді түгелге жуық жаттап алып, соғыста елді сағынғанда іштей айтып жүруші едім. Қазір соның осы бір ауызы ғана есімде қалыпты», – деді.
Бала кезімізден есте қалыпты: ауылда әлдебір жиын болса, аудан, облыс, Алматы, басқа да жерлерден әртістер келіп, концерт қойса, соңынан жұрт: «Әзмұқанбет! Әзмұқанбет!» деп шуласып, сахнаға шақырып алатын. Іле-шала әкеміздің күмістей таза, әрі биік, әрі ашық теноры, дүр сілкініп, зулап ұшқан көк перісі – лашын құстай болып, кең аспанға шарықтай самғап жөнелетін. Мұның өзі сол заманға лайық, халық өзі қолдан жасап алған дәстүр, әлдебір мәдени ритуал сияқты еді.
Сол кездің кейбір құймақұлақтарының есінде әкеміздің әлгідей «репертуарының» үзік-үзік жұрнақтары біраз уақыт сақталып та жүрген шығар. Бірақ көнермейтін, ескірмейтін ешнәрсе жоқ. Әкеміздің: «Әр нәрсе өз уақытында» дейтін мәтелі болушы еді. Бұл ақиқат. Уақыт өтеді. Ескіні уақыт шаңы басады. Құндылықтардың бәрінің тағдыры солай. Біздің мысалымызға оралсақ, ескі сөз бірте-бірте ығысып, күн өте келе жаңа сөзге орнын береді. Ұмытылады. Осыны ескере отырып, әйтсе де, әлгі «үзік-үзік жұрнақтардың» есте қалған бірнешеуіне орын берейік.
1959 жыл. Өскемен. «Алтай» қонақ үйі. Той тарап, елге қайтатын көлікті күтіп жүрміз. Әкеміз аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, өзінің ежелгі досы Жұмаш Сабырбаев екеуі қонақ үйдің екінші қабатында, орындықты баспалдақтың дәл шығаберіс аузына қойып алып, күбірге таяу бәсең үнмен әңгімелесіп отыр. Кеше ғана әкемізбен айтысқан ақын Рахметолла Тоқтарбаев, басында шляпа, екі қолын үстіндегі сол кезде мода бола бастаған қытай плащының етегінің астынан артына ұстап, екпіндете басып ерсілі-қарсылы жүр. Әңгімелесіп отырған әлгі екі адамның үстіне төне түсіп келіп, кілт бұрылып кетеді. Сонан соң қарсы қабырғаға жете бере кілт бұрылып, ана кісілердің қарсы алдына ентелей келіп тұра қалады. Осы оғаш жүріс бірнеше рет қайталанған соң Рекең әкемізге: «Жаз шығып, жер кеңігенде ағаның аулына барып, қонған жұртын көріп, жеңгенің қолынан дәм татып, аунап-қунап, демалып қайтсам деген ойым бар» деді.
Әкеміз тез жадырап, қасындағы Жүкеңе күле қарап иегін көтеріп қалды да ойланбастан: «Ағаңның көрем десең қонған жұртын, Жеңгең шәйін береді және құртын. Ежігей тіл үйірген малтасы бар, Сорасың екі езуің бұлтың-бұлтың. Бал қаймақ, бал бауырсақ бәрі даяр, Қапысыз, не қыласың, толады ұртың. Көсіліп көкорайлы көк шалғында, Апталап, ай жатасың соқса құлқың. Есіңнен талай заман кетпестей боп, Майланып қайтасың ғой іші-сыртың» деп тақпақтап жіберді. Жүкең қапелімде табылған жауапқа сүйсініп кетіп, ана кісінің көзін ала бере, әкеміздің қарасанынан мытып жіберді. Біз төменірек, баспалдақтың бұрылысында тұр едік. Менің досым, әнші Төкен Қыдырмолдин күлкіге булығып, екі қолымен аузын басып, төмен қарай тұра қашты. Үлкендердің өзара сөзіне құлақ түру, олардың алдында күлу ол заманда әбестік саналушы еді.
Мен әкеміздің бұл жауабының түп-төркініне жете алмай көп уақыт ойланып жүрдім. Біздің үйдің белдеуінен ат кетпейтін. Сол жылдардың өзінде Ғылым Академиясында М. Әуезов басқарған Қазақ ауыз әдебиеті институтында жұмыс істейтін ғалым Бекмұрат Уахапов, өмірден ерте кеткен, артында өшпес мұра қалдырған композитор Бекен Жамақаев, Қазақ радиосының режиссері Құмарбек Сыдықов, кейінірек Ақжар театрын Мәскеуге дайындаған режиссер Асқар Тоқпанов, тіпті осы сапар туралы деректі фильм түсірген бүкіл түсіру тобы біздің үйде қонақ болған. Осыны ескергенде Рахметолла қашан келіп, қанша жатса да ауырлық етпеуге тиіс еді. Ендеше әкеміздің әріптесіне осынша тік, тікенді сөйлеуіне не себеп? Осыны қаузай келе, мен, тегі, бұл жерде, былайша айтсақ, әдептілік бұзылып кеткен жоқ па екен деген ойға келдім. Қазақы жол-жора бойынша Әзеңнен мүшел жас кішілігі бар Рекең ол жылдары домбырасын қолтықтап Зайсанға екі күннің бірінде барып жүрген бұл ағасына «қонған жұртын» әуелі өзі көрсетуге тиісті еді ғой! Мүмкін Әзең осыны тұспалдады ма екен?
Бірақ аудандық қаржы бөлімінің басшысы, жазба ақын, идеология жағынан сауаты бар Рекең ұпайын түгендемей қалған жоқ. Іле-шала Зайсан аудандық газетінде бұл кісінің моллаларды әшкерелеген өлеңі басылды. Онда: “Әзмұханбет ақын да, молла атанып жүр екен» деген жолдар бар. «Баласының өлеңін, Өз сөзімдей көремін» деп мына бізді де тіркеп қойыпты. Астарлы реверанс. Жағылған «күйені» аздап жуып-шаю…
Айта кетейік: 1959 жылғы қазан айының ортасында Өскеменде өткен облыстық ақындар айтысына Рахметолла Тоқтарбаевтан басқа Сара Тоқтарбаева, Күршімнен Нұрхадиша Молдабаева, Марқакөлден Сағатбек Лұқпанов, Ұлан ауданы атынан журналист, сол кездегі облыстық «Коммунизм туы» газетінің тілшісі Қапар Қабаев қатысты. Бұл кісімен айтысуға тиісті болған Ақтан Нұрбаев (Катонқарағайдан) әлдебір себептермен келмей қалып, Қапар «дара шауып», күнібұрын дайындап келген мәтінін мәнерлеп, бабына келтіріп оқып берді. Қарт ақын Жүсіпбек Арыстановқа айтыстың беташарын айту құрметі тиді. Сара, Нұрхадиша және Ақтан бұдан кейін де көп жыл облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, танымал болды.
Айтысқа қатысушылар құрамының шағын болуына өз көзқарасымызды білдіре кетейік. Бұдан бұрын облыс деңгейінде ақындар айтысын өткізу дәстүрі бізде болды ма, жоқ па, бұл жағы бізге беймәлім. Болса да құлағымызға тие қойған жоқ. Сондықтан бұл бір тосын, тың оқиға болды. Халық Металлургтер мәдениет үйінің кең залына лықа толды. Айтысты өткізуге Семейден Қазақстан Жазушылар одағы Семей және Шығыс Қазақстан бөлімінің басшысы белгілі ақын Әбдікәрім Ахметов келді. Айтыс біткен соң сол кездегі облыстық атқару комитетінің бастығы, кейін Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, көрнекті партия және қоғам қайраткері Хайдар Арыстанбеков өзінің әкесі Арыстанбек ақсақалды ертіп келіп: «Мына кісі сізбен танысқысы келеді» деп, Әзеңмен жүздестірді.
«СЕН КЕТКЕН СОҢ…»
1960 жыл. Көк бетеге көмкерген су жағасы. Салалы, шашақты қалың шидің ортасын оя орын тепкен киіз үй. Кеш батып, көз байланып, ел орынға отырған кез. Бір уақ әкеміз елең етіп: «Аяқ жақта біреу дауыстағандай болды. Жарға қамалып, жол таба алмаған біреу ме? Сен баршы» деді ағамыз Шәріпханға. Ол кезде әлі жас, қол-аяғы жеңіл, қимылы шапшаң Шәкең лып етіп тұра жөнелді де, бірқауым уақыт өткенде әлдекіммен күбірлей сөйлесіп үйге жақындай берді. Ол «күбірге» құлақ тігіп отырған әкеміз: «Өй, мынау Әмірхан ғой!» деп, орнынан тез көтеріліп, есік жаққа беттей бергені сол еді, зор дене, батыр тұлғалы бір адам табалдырықтан аттай бере: «Ассалаумұғалайкум!» деп кіре берді. Сәлем алу рәсімін: «Уәғала…» деп бастай берген әкеміз даусын әндете шырқай көтеріп жіберді: «Уәғалайкум әссәлам, Әмірханым! Бейуақыт даусыңды естіп таңырқадым! Қалды ма жас жеткен соң жол тарылып, Жәнім-ай, неге мұнша жабырқадың?! Айсыз түнде тау-тасты еркін кезген, Кетті ме сағындырып балғын шағың?Өткен күн, бал дәуренің қайтымы жоқ, Көзіңнен бұл-бұл ұшқан ол бір сағым. Сайрандап еркін жүрген осы күнің, Емес пе биік тұғыр, алтын тағың?! Қарсы алған құшақ жайып жолдас-жора – Саялы салқын самал Иран бағың»…
Бірте-бірте үдей, екпіндей түсіп ұзаңқырап кеткен бұл ән-өлеңді бұдан әрі жіпке тізіп, жадымызға тоқып алу мүмкін болмай қалды. Әр жерінен есте қалған үзіктер келе-келе ол да ұмытылды. Тек есіктің көзінде, сол әуелгі кездескен жерінде, күректей қос алақанына әкеміздің оймақтай қос алақанын тоғытып алған күйі ара-тұра: «Айта түс! Айта түс!» деп қойып, әнге ме, әлде оның сөзіне ме елітіп тұрған Әбеңнің зор тұлғасы есте қалыпты.
Бұл кісі соғыс жылдарында біздің колхозда ауылсәбеттің бастығы болыпты. Сол кезде әкемізбен шекісіп барып бекіскен досы. Тегінде, Әзекеңнің шекісіп барып бекіскен достары аз болмайтын. Сүйегіне ақындық туа біткен, жан-жүрегі лирикаға толы адам болғанмен, әкеміздің мінез-құлқы үнемі жібектей жұмсақ емес-ті…
Бұл кісінің ақындық мұрасының шын жүректен шығып, жан тебіренткен ең бір інжу-маржаны өзімен тағдырлас, тілектес орта – құрбы-құрдас, замандастарына арналып, әртүрлі жиын, бас қосу, дастархан басында туып, естігендерді тербетіп, тебірентіп алып, сонан соң із-түз жоқ, желмен ұшып, көк әуеге сіңіп кете берген десе болады.
1965 жыл. Көктемгі лайсаң кез. Рамазан айы. Әкімбайдың Кәкеші деген адам ауызашар беріпті. Бұл кісінің үйі ауылдың ең аяғында. Біздің үй – ең баста. Әкеміз недәуір кешігіп келіп, алдыңғы үйге кіргенін көрген замандастары әзілдеп, тоғыз саққа жүгіртіп жіберсе керек. Сонда, Кәкештің айтуынша, Әзең бір қолымен тамға (стенге) сүйеніп, аяғындағы калошын екінші аяғымен үйкей шешіп жатқан күйі: «Әнім жоқ шырқап айтар баяғымдай, Сарқылдым ағын судың аяғындай. Елу жылдай отасқан кемпір өліп, Жылқының жалғыз қалдым саяғындай» деп бастап, осы отырған тұрғыластарының бәріне ортақ балғын шақ – балалық, желкілдеп өскен жас дәурен, өмірдің әртүрлі толқындарында бір батып, бір шығып осы күнге жеткен ыю-қию өмірлерін жіпке тізіп, қолға ұстатқандай, өлеңмен өрнектеп береді. «Ауызашар ұмытылды, дейді Кәкең. Әйелдер жағы жаулық үшімен көз жастарын сүртіп, шалдар: «Сен кеткен соң құлаққа ұрған танадай боламыз ғой!» десіп жамырай қауқылдасты»…
1975 жыл. Осындай бір басқосу. Әкеміз біреуге әзіл, біреуге қалжың, енді біріне көтерме, қолпаш дегендей біраз сөз «сөйлеп» тастаған. Тоқтар Оразбеков деген адам: «Әзе, мына Хасен құдаңызға бірдеңе демедіңіз бе?…» деп қолқа салды. Сонда ана кісі: «А!» деп демде тамағын кенеп алып бірден: «Әйгілі құдам мынау Хасен деген, Бір кезде аспанға ұшып әсемдеген. Тіс түсіп, тізе қақсап, бел сырқырап, Бұл күнде, амал бар ма, бәсеңдеген» деп қысқа қайырды. Тоқтар орнынан тез тұрып келіп, Әзеңді иығынан құшақтап, аузына басқа сөз түспей, тек: «Әй, даңғылым-ай! Әй, даңғылым-ай!» дей берді. Шынында, бір кезде помещик Федоровтың малын бағып, балығын аулаған; одан өкіметтің оң көзіне ілініп, «выдвиженец» атанып, билікке жетіп, Алматыда үкімет үйіне ел басшылары Ұзақбай Құлымбетов, Елтай Ерназаровтармен бірге кіріп, бірге шығып жүрген; одан бірте-бірте облыс, аудан деңгейіне ығысып келіп, ақыры бір кезде өзі ұшып шыққан ұясына қайта келіп қонақтаған Интин Хасеннің бейне-тұлғасы осы бір ауыз өлеңге сиып тұрған жоқ па?
«ҚАЙРАН ДАУСЫМ!» …
Осы жерге дейін әңгіме Әзмұқанбет Терлікбай ұлының жер ортасынан өтіп, кәрілікке аяқ басқан кезі туралы болып отырғаны өзінен-өзі түсінікті болған сияқты. Ал бұған дейін ше? Ақынның әдеби мұрасы дерлік айтқан, жазған-сызған, сақталған дүниелері бар ма? Жоқ болса, оның себебі не? Төтесінен қойылған бұл сұраққа кесіп-пішіп жауап беру әрі оңай, әрі қиын. Оңайы сол, аяқ астынан көк аспанға ойнап шығып, ақ жауынын апыр-топыр төге сап өте шығатын нөсер жаңбыр сияқты, төкпе ақындықтың тағдырының өзі осындай. Еш дайындықсыз, қолма-қол, қас қағымда туып, найзағайдай жарқ етіп өте шығатын бұл сөз тасқынын ешкім де бастан аяқ, тұп-тұтас есте ұстап қала алмайды. Айтушы да, тыңдаушы да! Ерте заманнан жеткен айтыстарға келсек, ол – реконструкция, сол айтыстардың жалпы сюжеті бойынша жасалған жаңа нұсқа. «Ол олай деді, мен бұлай дедім» деген сияқты. Ал егер айтысқан ақынның ешқайсысы бұл айтысты таратуға мүдделі болмаса, онда оның үзік-үзігі бірқауым уақыт әркімнің аузында жүріп, түбінде ел есінен шығады.
Әйгілі Әсет ақын:
«Артыма сөз қалтырмай алып кеттім,
Қаптағы дән секілді себілмеген.
Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайлап қайран даусым ерінбеген!»
деп өкінетіні сондықтан.
«Қайран даусым!» дегізген өкініштен Әзекең де құр емес. Үш құдырет – асқақ ән, қанатты сөз, қос ішектің күмбір үнімен дүйім жұртты талай жерде дүр сілкіндіріп, желпіп өтті де жүре берді. Жақын ағайындары, оның ішінде немере інісі Бекіш: «Біздің Көкілік Қытай жеріндегі айтыстарда ананы жеңген, мынаны жеңген» деп, мақтан тұта, көтере сөйлеп отырушы еді. Әкеміздің өзінің «Қытайдағы айтыстар» деп ат қойып, арабша жазған дәптерлері де сақтаулы тұр. Кезінде расшифровка жасалмаған. Ғалым Б.Уахаповтың ұсынысы бойынша қағазға түскен болу керек, бірақ соңынан іздеу болмаған соң еш жерге ұсынылмаған. Қазір сиясы өшкен, оқу қиын. Ол айтыстар ертеректе, әкеміздің жас шағында болса керек.
Дөп басып айтуға болатын бір-ақ пікір: бұл ол айтыстардан соң іле-шала қағазға түскен «түпнұсқа» емес. Бері қойғанда 35-40 жыл өткен соң, Әзеңнің ақындық мұрасына сұраныс пайда бола бастаған 1960 жылдардың басында жасалған реконструкция ғана. Сондықтан оның тарихи және әдеби құндылығын мөлшерлеу қиын.
Әзмұқанбет өзінің, не өзгенің айтқандарын, жазғандарын жаттап айтып, қайталаған адам емес. Ол кісінің кейде ұзақ, кейде қысқа өлеңдері әңгіме, ахуалдың орайына қарай қолма-қол, экспромт түрінде, қас қағымда туатын. Сол жерде қалатын. Әйткенмен, қауымның қолқалауымен ол кісі айтып жүретін екі шығарма болушы еді. Оның бірі «Бақтиярдың бір бұтағы» деп аталатын. Бұл ақын Жанұзақ Шыңанұлы шығарып, оның ұлы Әрімжан таратқан 40 поэмадан тұратын туындының бір тарауы. Әкеміз оны жас кезінде жаттаған болу керек. Қартайған шағына дейін бір сөзін ұмытпай әр жерде айтып жүрді. Бұл күнде Бақтиярдың қырық бұтағы толық жиналып, әртүрлі кітаптарда басылып жүр. Ақын Ержан Ахметовтің ұлы Төлеген «кезінде оны түгелге жуық жатқа білуші едім» дейтін.
Әзең белгілі бір шағын ортада, оның өзінде жұрттың қолқалауымен, өте сирек айтатын бір туынды «Жәжең жыры» деп аталатын. Оны белгілі болыс, бұрымбет Зейнолла Бұтабайұлы дүниеден өткен соң ол кісінің қырқына арнап әкеміздің өзі жазған. Бұл жұмысты арнайы тапсырған қараша Сиырбай, есеңгелді Ақыш қажылар. Ол кезде әкеміз 26-27 жаста болса керек. Тегінде «Жәжең жырының» үш нұсқасы болған. Оның бірін Жәжең дүниеден өткен күні жерлеуге жиналған жұртқа арнап ол кісінің немере інісі Жақия жазған делінеді. Оның арабша жазылған нұсқасы Кәкеш Әкімбайұлының балаларының қолында сақтаулы болса керек. Жоқтаудың жетісіне арнап жазылған нұсқасының авторы – Әрімжан. Бұл – кең панорамалы, алты жұмықтың сол кездегі ахуалынан мол ақбар беретін көлемді, әрі өте көркем шығарма.
Әкеміз жырдың өзі шығарған нұсқасын жазып, қалдырып кетуге құлықты болмады. Біздің бірнеше қайталаған өтінішімізге: «Өз заманыңның сөзін сөйле!» деп қысқа қайыратын…
ТІГУЛІ ҮЙ, ӨРІСТЕ МАЛ, ҚАЙНАУЛЫ ҚАЗАН…
1920-30 жылдары әбден орнығып, ежелгі, үйреншікті тірліктің астын үстіне шығарған жаңа большевиктік үкіметке Әзекеңнің қас-қабағы кейінгі уақыттарға дейін онша дұрыс болмайтын. Сондықтан күнде құбылған аумалы-төкпелі бұл жылдары «тілін барынша тізгіндеп» ұстаған тәрізді. Тек 1950 жылдардың аяғына қарай, өзінің ақындық өнеріне сұраныс пайда бола бастағанда ғана бұл билікке ептеп «жүрегі жібігендей» болған. Ал енді ол кезде қолына қалам алған, немесе ресми жиында сахнаға шыққан ақын сөзінің «Ленин», «партиясыз» тұздығы келісуі мүмкін емес еді. Ашығын айту керек, жүре-жүре әкеміз бұған да көндігіп, тіпті бұл тақырыпты тәп-тәуір «игеріп алды» десе де болады…
Әлдеқалай сақталып қалған, машинкаға басылған бір ресми анықтамада: «Талай өлеңдер жинағы жарық көрген», деген сөз кездеседі. Шын мәнінде, бір-екі өлеңі «Ленин деп халық жырлайды» деген жинақта, бірер айтысы «Айтыстар» дейтін Алматыда басылып шыққан жинақта жарияланған. Олар да бүгін біздің қолда жоқ. Әркім-әркім оқуға сұрап алып, қайтармаған болу керек. Шынтуайтқа келгенде, қағаздың қадірін білмейтін қазақпыз.
Сол анықтамада «Қазіргі Сарыөлең бөлімшесі 1930 жылдары поселок болған. Сол жерде Ә.Терлікбаев поселкелік советтің төрағасы болған» деген дерек келтіріледі. Бұл күмәнді. Себебі 1928 жылы жаңа өкіметтің қысымы күнде түрленіп, күшейе бастағанда Әзең жеті-сегіз үй ағайын-туыстарын бастап, астыртын, шекара бұзып, Тарбағатай асып, Қытай жеріне, шындығында, өздерінің ата қоныс жайлаулық жерлеріне өтіп кеткен. Бірер жыл өткен соң ағайын-туыстар сонда қалып, Ә. Терлікбаев үй-ішімен қайта бері өтеді. Бірақ іле-шала соңынан қуғын түсіп, 1930-36 жылдар арасында онда қашып, мұнда қашып күн кешеді. «Байтал түгіл бас қайғы», бірер рет түрменің босағасын аттап, дәмін де татады.
Әйткенмен, шешемізден: «Әкелерің бірер жыл старшын болған» дегенді естігенбіз. Бұл, бәлкім, 1920 жылдардың басы, не ортасы болуы мүмкін. Және сол жылдары ел ішінде «партия» деген шығып, Ә. Терлікбаев сол партиялардың бірінің басшысы да болыпты…
Сөз басына қайта оралсақ, ақын Р.Тоқтарбаевтың: «Әзмұқанбет ақын да, Молла атанып жүр екен» деуінде жаңсақтық жоқ. Ол кісі жасында арабша молладан оқып білім алған. Өзі дүниеден өткенше жыл сайын ораза айының қарсаңында Құран кітапты шешеміз екеуі кезек оқып тәмамдап, ағайын-туғанды жинап, ата-бабаға құран бағыштайтын. Өрісте мал, тігулі үй, қайнаулы қазан мұнда қалып, абыр-сабыр жаяу-жалпы Қытайға қашқан кездерде бұл кітапты шешеміз қапшыққа салып, мойнына асып ала кетіп жүріпті.
Бір қызық жері: бұл кітап шешеміз дүниеге келген 1902-ші жылы Санк-Петербургте басылып шығыпты. 1917 жылы шешеміз ұзатылғанда әкесі жарты сандық әртүрлі өзге де діни, әдеби кітаптармен бірге жасауға қосып беріпті. Айта кетейік: ХХ ғасырдың басында, қарашекпенділер қазақтың сулы-нулы жерлерін басып ала бастағанда шешеміздің әкесі Нағымжан Есіркегенұлы туыс-туғандарының басын қосып, қазіргі Мешіт деп аталатын жерге қоныстандырып, сол жерде Тарбағатай жеріндегі алғашқы мешіттердің бірін салған. Ол мешітте діни сабақтармен қатар, «ендігі заманда керек білім осында» деп, есеп, тарих, жағрафия пәндері де оқытылған дейді. Бұл сол кездегі қазақты оқу-білімге шақырған алаш арыстарының үндеуіне жауап болса керек.
Нәкең Ресейден әскери міндеттен қашып келген Меңлібай дейтін татар досы арқылы Уфа, Орынбордан қазақша, татарша газет, журнал, кітаптар алдырып тұрыпты. Нағымжан өзі 1930 жылдардың басында алақанын кеңес сақшыларының оғы тесіп, Қытайға қашып, сүйегі сонда қалған. Ал ол салған мешіт үйі жетіжылдық мектепке айналып, 1948 жылға дейін ендігі жастардың санасына коммунистік идеологияны тереңдете сіңіріп жатты…
Енді бір жайт (күлкілі десе де болады): әкеміз соғыстан кейін 4-5 жыл атқа мініп, ферма басқарып жүрген кезінде аудан деңгейіндегі атқамінерлердің бірі бұл кісіден намазды қойып, сақалды жойып, өзін «тәртіпке» келтіруді талап етіпті. Ал кейін, айтыс туралы сөз шыға бастағанда жақын ағайындар секем алып, бұған біразы қарсы болғаны есімізде. Бұл жерде күні кеше бір ауыз сөзден адамның бүкіл тағдыры ұшынып кетуі мүмкін екенін көзімен көрген жанашыр ағайынды түсіну қиын емес. «Басқа пәле тілден ғой…»
…Түйіндей келгенде, Әзмұқанбет Терлікбайұлы жас кезінен-ақ жүрегіне сіңген иман, наным-сенімі мен табиғатына біткен ақындық-серілігінің қос тізгінін тең ұстап, қолынан шығармаған күйі дүниеден өтті десе болады.
Шәкерхан Әзмұхамбетов