Қоғам

Бір ғасырлық мектеп тарихы – ұстаздар мен үздік шәкірттердің өнегелі ордасы.

Семей тарихи жер. Ұлы Абай елі болғандықтан тарихи білім ордалары да осында орналасқан. Солардың бірі Т.Аманов атындағы орта мектеп.  Мектеп тарихы  білім алушыларға өз есіктерін ашқан сонау 1922 жылдан басталады. Мектептің алғашқы директоры болған -үлкен жүректі мұғалім, қайратты да салмақты, тұла бойы тың идеяларға толы азамат  Нұрымқан Омарұлы Тұрғанбаев. Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғашқылардың бірі болып,  Нұрымқан Омарұлы майданға аттанады, ал 1943 жылдың тамызында отбасы «қара қағаз» алып, қайғыдан қан жұтады. Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарына мектеп мұғалімдері –Мұқаш Оспанов, Төкен Жұманов, Бейсен Жұмагелдин, Әшім Шайхин, мектеп түлегі, болашақ физика – математика ғылымдарының докторы, профессор –Төлеубай Ыдырысұлы Аманов та қатысады.

-Мектебімізге  есімі берілген Төлеубай Амановтан да өзге мақтанарлық, оның атын асқақтатқан түлектері жетерлік-дейді мектеп директоры мектеп директоры Бақтыгүл Құрманғалиева,-олар-ақын Қасым Аманжолов, жазушы Сәду Машақов, сазгер, қазақ вальсінің атасы-Бекен Жамақаев,  Абай мұражайының алғашқы директоры Ілияс Тұтқышев, ғылым докторлары-Жабағы Тәкібаев, Хамит Жұмабеков, Жұмағали Есенбеков, Ғалия Төлеутаева, Асхат Сейсенбаев; ғылым кандидаттары-Рахым Мыңжанов, Еңбекшіл Омарханов, Ерғали Есенжолов, Нұргүл Мекишева, Төлеуғайша Ысқақбаева, Гүлнар Қатабаева; армия генералы-Өркен Әбдірахманов, милиция полковнигі-Миллат Құсайыновтар.

Мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының айтуынша, Аманов Төлеубай Ыдырысұлы  бұрынғы Семей облысындағы Новопокровка ауданына қарасты Құрманқожа ауылында 1923 жылы 25 тамызда туған екен.    1940 жылы Семей қаласындағы орта мектепті бітірген соң Алматыдағы ҚазМУ-нің физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1941жылдың тамыз айында армия қатарына шақырылып, 1943 жылы майданға жіберілді. Украинаның екінші майданында шайқасқан. Онда ауыр жарақаттанып, 1944 жылдың көктемінде Семейдегі пединститутты жеделдете аяқтау үшін мемлекеттік емтихандар тапсырады. 1944-1949 жылдар арасында Семей пединституттында аға оқытушы және физика-математика факультетінің  деканы болып қызмет атқарады, студенттерге дәріс оқиды. 1950 жылы Мәскеудегі Ресей ҒА-ның қарамағына қарайтын В.А.Стеклов атындағы математика институтының аспирантурасына қабылданады.

Аспирантурадан кейін 10 жыл бойында Семей пединститутындағы жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, институттың ғылыми жұмыстары бойынша проректоры болып қызмет атқарады.1967 жылы С.М.Никольскийдің жетекшілігімен физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, ал 1971 жылы профессор атағын алады.1968 жылы мамыр айында Т.Ы.Аманов ҚазССР ҒА-дағы математик және механик институтының функционалдық анализ және функция теориясы лабораториясының меңгерушісі болуға шақырылады және де директордың орынбасары қызметіне тағайындалады.1972 және 1978 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болған.

1966 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкіл дүниежүзілік математиктердің 13-ші конгресіне, 1977 жылы Чех кеңесінде, ал 1974 жылы Канадада өткен математиктердің халықаралық конгресінде ғылыми баяндамалар жасайды. Аралас туындыдағы функциялар кеңістігіне еңгізу теориясын құру жөніндегі іргелі нәтижелер мен олардың элиппе типтік теңдеулерін шектік есептерді шешуге кең қолданылуын дамытуда Т.Ы.Амановтың еңбегі зор.Бесов кеңістігінің элементтерін көрсету туралы тура және кері теоремалар тапқан. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.100 астам ғылыми еңбектің авторы, 10 ғылыми монография жазған.

Бүгінгі күні де мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының басшылығымен тәуелсіз еліміздің жас өрендерін білім нәрімен сусындатып жүрген, тұңғыш қазақ мектебінің намыс туын жоғары ұстай білген алдыңғы толқын ұстаздарымыздың жарқын істерін жалғастырушы ұстаздар тобы қалыптасқан. Олар  директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих пәні мұғалімі-Перизат Райстанова, информатика пәні мұғалімі-Төлеуғайша Алиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары,   директордың тәрбие ісінің меңгерушісі, қазақ тілі пәні мұғалімі-Маржан Ажғожина, тарих пәні мұғалімі Тілек Отанұлы,  қазақ тілі пәні мұғалімдері-Гүлнара Құнафина, Жанар Нұрлыбаева, Жанар Есенова, Рауия Жұмабекова;  орыс тілі пәні мұғалімдері-Фарида Чингаева, Алмагүл Рахимова, биология пәні мұғалімі-Гүлбаршын Нығметжанова, ағылшын тілі пәні мұғалімдері-Анара Каримова, Жұмагүл Құтанбековаларды атауға болады. Жас ұстаздар арасынан қос Арайлым: Арайлым Амантаева мен Арайлым Исина өз еңбектерімен  көзге түсіп, эстафета жалғастырушылары бар екендігін дәлелдеуде.

Мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының еңбегі ерекше.  Ақсуат ауданы Құлбабас ауылында дүниеге келген Бақтыгүл Құрманғалиева           1987-1992 жылдары Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университетінің жаратылыстану география факультетінде оқып, география – биология мамандығы бойынша бітірген.География – биология пәнінің мұғалімі болған ол осы Семей        қаласындағы №26 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болады. Кейінірек сол мектептің директоры, ал қазірде әңгімеміздің арқауы болып отырған Т. Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп директоры болып еңбек жолын жалғастыруда.

– 2018 жылы облыс мектептері түлектерінің арасындағы «Мақтанышым мектебім» атты бейнероликтер конкурсында мектеп қатысып жүлделі ІІ орынды иелендік, 2018 жылы Семей қаласындағы «Үздік орта білім беру мектебі» атандық,-дейді Бақтыгүл Қадылбекқызы өз әңгімесінде,-2019 жылы білім беру ұйымдары арасындағы облыстық ең үздік веб-сайт-2019 конкурсында ІІ орын алсақ, 2019 жылы білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі мекемелер аймақтарының қалалық байқауында қала ІІ орынға шықтық.

2020 жылы  ҚР Тəуелсіздігіне арналған  «Мəңгілік ел-болашаққа ұмтылған ел»  тақырыбында ШҚО ғылыми əдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырған аймақтық конкурста «Бас жүлде» иеленген білім ордасы, келер жылы облыстық «Парасатты отбасы» байқауында «Бас жүлде»-ні тағы да жеңіп алыпты.    Осы жылдар көлемінде мектепте отандық білім беру саласына ерен еңбек сіңірген, кез келген оқушысы мақтан ететін, Қазақ КСР және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздіктері-Меңкебану Сұлтанова, Төкен Жұманов, Төкен Искаков, Рабиға Ахунова, Гүлбағи Ахметова, Хадиша Баймұратовасияқты көптеген ұстаздар еңбек еткен.

Бәрін айт та, бәрін айт. Мектеп-керемет әлем! Балалық, жастық, білім әлемі. Кімге де болсын мектебі, сүйікті тарихи білім ордасы әрқашан қымбат.Мектеп-бұл үлкен үй, онда қуаныш пен бақыттың көз жасыбар, кездесулер мен үзілістер деосында. Адам тағдырындағы ең маңызды нәрсе мектептен басталады. Сіз мектеп жылдарында қандай боласыз, сіз келесі өмір баспалдағында да солай қалыптасасыз.

Раушан Нұғманбекова,Семей

Осы айдарда

Back to top button