Бильярд шеберін еске алды

Өскеменде 70-80 жылдары спортсүйер ортаға танылған бильярдшы Александр Подковыровты еске алу турнирі өтті. Турнирдің ұйымдастырушысы – спортшының ұлы Олег.
– Әкемнің бірге жүрген үзеңгілес-жолдастарының қатары сиреп қалды. Десе де, бүгін ортамызда жүр. Айтпақшы, олардың бірі – Николай Иванович қатысушы болып тіркелді жаңа ғана. Бұл бізді одан сайын қуантады. Менің ағам Юрий де топқа түссем деп бел байлап отыр. Өзгесі: кәсіпкерлер, менің достарым, басқа да тілек білдірушілер – жиыны қырық адам, – деді ол.
Оның айтуынша, А.Подковыров бір кездері Кеңес Одағының чемпионымен де бақ сынасқан көрінеді.
– Саша бір сағатта он ойынды тәмамдаушы еді. Кезек тисе болды, тастарды ұяға тоғытып жіберетін. Былай қарасаңыз, дөңгелек тас домалауы керек қой, жоқ, Саша соққанда, ұшып бара жататын, – деп еске алады досын Ермұхаммед Халелов. – Қасымызға талайлар еріп жүрді ғой… Қайсыбірі осында жүр, қайсыбірі өз жолымен кетті. Ішіміздегі әлі тың, «аттан түспегені» – міне, Николай, – деді ол Николай Ивановичті нұсқап.
Ермұхаммед ақсақал ойынды сырттай бағып, Николай Ивановичке қолдау көрсетті. Қарт сайыскер алғашқы айналымда қарсыласын шаңына да ілестірмеді. Жеті ұпаймен озып кетті. «Тіс қаққанның аты – тіс қаққан» деп, оның арқасынан қағып қойды досы.
– Жетпісінші жылдары бильярдты Жамбыл саябағында ойнайтынбыз. Дядя Толямен, А.Подковыровты осылай атаушы едім, таныстығымыз сол кезден басталды. Ол негізінен қоғамдық қызмет атқарды. Қолы қалт етсе, бильярд тасын қуалап, балық та аулайтын… Серілеу кісі болды, – деп Николай Иванович те өз естелігімен бөлісті. Ұлдарының әкесін ұлықтап жатқаны орынды. Мына турнирді жоғары дәрежеде ұйымдастырыпты.
Жарыс нәтижесінде Нұржан Жиенбаев – бірінші, Бейсен Байғалиев – екінші, Дәурен Қасымханов пен Асхат Жұмағалиев үшінші орынды иеленді.
Тасқын Болатұлы