Қоғам

Билікке сенім мемлекеттік қызметшіден басталады

Билікке сенім мемлекеттік қызметшіден басталады


Мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне арналған салтанатты шара биыл жаңаша форматта ұйымдастырылды. Өскемен қаласының көрікті жерлерінің бірі – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғат-ландшафты музей-қорығында, ашық аспан астында өткен жиында мемлекеттік қызметшілердің сапына жас мамандар қабылданды. Қызметтерінде қарымды жұмысымен көзге түскен мамандар мен үздік шыққан департаменттер мен басқарма ұжымдары грамота және Алғыс хаттармен марапатталды.

Мемлекеттік қызметке жаңа келген бір топ жастар үшін бүгінгі күн ерекше есте сақталары сөзсіз. Айнұр Көшербаева, Әсем Бөкейханова, Айзат Әубәкіров, Қарлығаш Ильясова сынды жастар әріптестерінің алдында мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айырықша сенім білдіру деп бағалап, халқымызға адал да білікті қызмет етуге салтанатты түрде Ант берді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы жас мамандарға қызметтік куәлік тапсырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

-Халықтың билікке сенімі мемлекеттік қызметшіден басталады. Сол себепті де ол әділетті де шыншыл, заманауи қоғамның сұранысына жауап бере алатын кәсіби маман болуы керек. Мемлекеттік қызметті таңдап алғандар үлкен құрметке лайық, өйткені олардың иығына халықтың әл-ауқатын жақсарту, оларға адал қызмет істеу сияқты абыройлы міндеттер жүктелген. Барлықтарыңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Еліміздің өркендеуі мен халыққа қызмет ету жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс пен таусылмас қуат пен жігерлік, отбасыларыңызға бақыт пен ізгілік тілеймін, – деді әріптестерін мерекемен құттықтаған департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Жыл сайын республикада ең үздік мемлекеттік қызметшіні анықтау мақсатында конкурс өткізіледі. Биылғы байқаудың ерекшелігі – әр маман өз саласы бойынша өзінің жобасымен қатысып, соны қорғап шықты. Елімізде он мемлекеттік қызметші үздік деп танылса, солардың ішінде шығысқазақстандық та маман бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Облыстық қазынашылық департаментінің бас маманы дәл бүгін Нұр -Сұлтан қаласында мемлекеттік қызметшілердің форумына қатысып, марапатталып жатыр.

-Салтанатты шараны әсем саябақта өткізуіміздің бір себебі – мамандарымыз тек жұмысбасты бола бермей, қаланың әсем бір бұрышымен таныссын, таза ауа жұтып, қуаттансын деген ойымыз болды. Төл мерекемізбен адами тұрғыда құттықтағымыз келді. Бүгін мемлекеттік қызметте қиыншылықтар бар . Жастар келгісі келмейді, жұмысы көп, табысы аз. Алайда халыққа қызмет ету – абыройлы іс. Біз бүгінгі жас мамандарға осыны жеткізгіміз келеді, – дейді департамент басшысы.

Билікке сенім мемлекеттік қызметшіден басталады

Кәсіби мерекелеріне орай қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілер«Мемлекеттік қызметтің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін», «Үздік, жас мемлекеттік қызметші», «Қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін», «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін» ,«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыпастыруға қосқан үлесі үшін\” номинациялары бойынша марапатталды.

-Он тоғыз жыл бойы осы мемлекеттік қызметтемін. Ант қабылдап, халыққа қызмет істеуді мақсат еткендіктен, жұмысыма жауапкершілікпен қараймын. Әріптестірімнің барлығын да төл мерекемізбен құттықтаймын, – деді қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін марапатталған облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы Қарлығаш Нүрекенова.

Мемлекеттік қызметшілер салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларда да жоғары көрсеткіштерге жетіп жүр. Жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада ұйымдастырылады. Осы жарыстардың қорытындысы шығарылып, жеңімпаз командаларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков құттықтап, кубоктар мен грамоталарды табыс етті.

Мемлекеттік қызметшілерге облысымыздың танымал өнер топтары ән-жырдан шашу шашып, мерекелерін гүлдендіре түсті.

Осы айдарда

Back to top button