ТОП

Білім саласындағы жаңа тренд

Алматыда отандық тұңғыш «ToplQ.Kz» электронды оқулықтар платформасының тұсаукесері өтті. Оған біздің өңірден арнайы делегация қатысып, білім саласындағы жаңашылдықтармен танысты.

Платформаның тұсаукесері ерекше форматта ұйымдастырылды. Инновациялық 3D технологияның көмегімен Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сынды ұлы тұлғалардың бірегей бейнелері мен ерекше интро-қойылымдары көңілді бірден жаулады. Голографиялық таныстырылымда заманауи электронды оқулықтың мүмкіндіктері толық көрсетілді. Отандық және шетелдік спикерлер сөз алып, цифрлық дәуір балаларының ақпарат пен білімді қабылдауындағы ерекшеліктерін атап өтті.

«ToplQ.Kz»  – 1-11-сынып оқушыларына арналған электронды оқулықтар платформасы. «Алматыкітап баспасы» оны «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірлеп шығарған. Платформа былтыр апробациядан сәтті өтіп, жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілді.

– Біздің платформада мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясындағы бірегей интерактивті және мультимедиалық материалдар біріктірілген. Электронды оқулықтар жеке оқушымен немесе оқушылар тобымен мектепте ғана емес, басқа жерлерде де жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Электронды оқулық қолдануға ыңғайлы. Оқушы оны экскурсияда, жолда, спорттық жиындар кезінде пайдалана береді. TopIQ.kz платформасын кез келген құрылғыда, кез келген уақытта пайдалануға болады, – дейді «Алматыкітап баспасы» ЖШС басшысы Элеонора Баталова.

Көп жағдайда, адамдар цифрлық оқулықты баспа оқулықтың электронды pdf нұсқасы деп есептейді. Бұл қате пікір. Электронды оқулық – интерактивті тапсырмалары бар мультимедиялық оқу құралы. Оның ішінде анимация, бейне, аудио, мультимедиа элементтері қамтылған, графикалар және зияткерлік бағдарламалар бар. Білім алушы және педагог электронды кітапты қалта телефоны не ноутбук арқылы қолдана алады.

– Бұл оқытудың инклюзивті тәсілі, яғни барлық балаға оқулықтарға  тең қолжетімділік береді. Ештеңе жүктеудің, тіркелудің, құпия сөздерді есте сақтаудың қажеті жоқ. Мектепте ақпараттық-коммуникативті технология саясаты мен интернет болған жағдайда оқушылар барлық оқулықтарды өзімен бірге алып жүрмейді, – дейді «География» оқулығының авторы, профессор Руслан Қаратабанов.

Бүгінде аталмыш платформаны бірқатар білім ошағы қолданысқа енгізген. Мұғалімдер өте жақсы пікір білдіруде. Тіпті, оқушылардың білім алу қабілеті артқан. Балалар бұрын қызығушылық танытпаған оқулықтардағы кейбір материалдарды осы платформа арқылы оқып шығыпты. Бұл таңданатын жайт емес. Қазіргі заманның балалары ақпаратты гаджет, техника арқылы жақсы қабылдайды, ілім мен білімді қағаз кітаптан гөрі цифрлық технологиядан алғанға бейім. Оның үстіне платформа карантин және қашықтан оқыған кезде өте ыңғайлы. Онда мұғалімдердің журналы, kundelik.kz, ертегілер, қосымша әр тақырыпқа аудио-бейне материалдар бар.

Мадина Қайнарова

 

Осы айдарда

Back to top button