Білім негізі – бастауышта

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің съезі өтті. Міне осынау съезде қаралған мәселелерді жүзеге асыру аясында Өскеменде «Білім негізі – бастауышта» атты облыстық форум ұйымдастырылды. Форумға облыстық, қалалық, аудандық әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері, өңірдегі жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасарлары мен бастауыш сынып мұғалімдері, барлығы 150 педагог қатысты.
Иә, білім негізі бастауыш сыныпта қаланатыны сөзсіз. Оқушы үшін бұл өте маңызды кезең. Сондықтан да бала қолына алғаш әліппе ұстатып, әріп танытатын бастауыш сынып мұғалімінің өте сауатты болғаны абзал. Осы орайда осынау облыстық форумының мақсаты – республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің съезіндегі жаңалықтарымен бөлісіп, мәселені практик мұғалімдермен талқылау, тәжірибелі мұғалімдердің іс-тәжірбиесін таратып, педагогтардың әлеуетін арттыру.
Форумға қатысушыларды облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова құттықтап, бастауышта білім берудің әдістемелік жүйесі, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби және тұлғалық өсуі мен бастауыш білім беру мазмұнын жетілдіру мәселелерін қозғады.
– Бүгін біз бастауыш сынып мұғалімдерінің «Білім негізі – бастауышта» атты облыстық форумын өткізіп отырмыз. Бастауыш сынып мұғалімі – бұл ең ізгі, шығармашылық және қажетті мамандық, ол – педагог, тәрбиеші, психолог. Қазіргі заманның ұстазы ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып төл мәдениетін қадірлейтін, сыйлайтын, оны өзгеге таныта, сыйлата алатын, дүниежүзілік мәдениетті танитын, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық деңгейі жоғары, білімді, білікті болуы керек, – деп сөзін бастаған облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова биылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен әрбір пән мұғалімдерінің форумын өткізу дәстүрге айналып отырғанын айтты. 15 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» атты бастауыш сынып мұғалімдерінің съезі өтіп, оған біздің облыстан 21 бастауыш сынып мұғалімі қатысып, іс-тәжірибе алмасып қайтыпты.
Облыстың бас педагогының айтуынша, өңірімізде 10 мыңнан астам бастауыш сынып мұғалімі бар, бұл – барлық педагогтың 44 пайызы. Оның 422-ы жас педагог болса, 959-ы зейнет жасына жеткен мұғалім. Сондықтан да бүгінгі таңда өңірде білім негізін беретін бастауыш сынып мұғалімдеріне деген қажеттілік өте жоғары. Бұл алыс ауылдардағы мектептерде де өте өткір тұрған мәселе. «Сіздер шәкірттеріңіздің мұғалім мамандығын таңдауына ықпал етулеріңіз керек» деді білім басқармасының басшысы. Жыл сайын пеадгог мамандарын даярлауға қаншама грант бөлінеді. Республикалық гранттан бөлек, облыс әкімінің гранты да бар.
Мұғалімдер неге білімін жетілдіруге немқұрайды қарайды?
Сонымен қатар бес жылда бір рет аттестация өткенімен, бүгінгі таңда бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілік деңгейінің құрамы төмен күйінде қалуда. Тек 42 педагогтың педагог-шебер деген біліктілік санаты бар, бұл 0,4 пайыз ғана. Ал 1711 (16%) – педагог-зерттеуші, 2062 – (20%) – педагог-сарапшы, 2029 (20%) педагог-модератор. Былтыр облыс бойынша тек бір мұғалім педагог-шебер санатын алуға өтініш беріпті. Неге? Өйткені көптеген мұғалімдер заман ағымына сай өзін, білімін жетілдіруге немқұрайды қарайды.
Биылғы оқу жылының жаңалығы – әліппенің оралуы болғаны белгілі. Оқулықтың сапасы технологиялық жағынан жетілдірілген, смартфонның камерасын арнайы QR-кодқа тақасаң, картиналарға жан бітіп, «тіріліп» шыға келеді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған басқа да оқулықтардың электронды нұсқасы интернетте қолжетімді. Бірақ кейбір мұғалімдер электронды оқулықты пайдаланбайды. Әлі күнге дейін ескі әдіспен оқытатын мұғалімдер бар. Өйткені олар індет басталғалы цифрлық технологияны меңгеру бойынша қаншама курстан өткендеріне қарамастан ақпараттық технологиядан мақұрым. Олардың айтар уәжі сол баяғы, «мен зейнет жасындамын», «маған зейнетке шығуға үш-ақ жыл қалды» деген сылтаулар. Осы орайда білім басқармасының басшысы оқып, үйрену ешқашан кеш емес екенін ерекше айтты.
Облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова сондай-ақ олимпиада, ғылыми жобаға қатысатын дарынды оқушылармен жұмысты дұрыс жолға қою керек екенін ескертті.
Баға құнды емес, бала құнды
Форумда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының мектепалды даярлық және бастауыш білім беру зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бижан Игенбаева ZOOM платформасы арқылы «Білім беруді жетілдіру әр педагогтың құзырында» атты тақырыпта баяндама жасады.
– Бастауыш сынып мұғалімі болу қиын ба деген сұрақты маған көп қояды. Әрине, қиын. Өйткені, әрбір баланың зейінін ашамын, қабілетін табамын деп жүріп, шаршағаныңды да сезбейсің. Бірақ балалардың аурасы, саған деген сенімі жұмысқа деген құлшынысыңды арттырады. Менің ұстаздық ұстанымым – баға құнды емес, бала құнды. Өйткені бұрын жаңартылған білім мазмұнына көшпей тұрған кездегі 5 балдық жүйеде «екі алу қорқынышы» деген синдром болды. Бұл оқушының сабаққа деген ынтасын төмендетіп, білімге деген талпынысын жоятын, – дейді форумда функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы ұстанымдар туралы әңгімелеген Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, «Үздік педагог-2019» республикалық сайысының жеңімпазы Нұргүл Мұқанова. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны жүйесінде ол баланың уәжін, талпынысын арттыру арқылы нәтижеге жетуді көздейді. Сондай-ақ ол үштік одақтың, яғни ата-ана- шәкірт- ұстаздың бірлескен жұмысы айтарлықтай нәтиже беретінін айтады. Осы орайда аталған мектепте «Әкелер кеңесі» мен «Аналар алқасы» құрылыпты. Ол тек мектептің тәрбие жұмысына ғана емес, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек те көрсетеді.
Жалпы Нұргүлдің бастауыш сынып саласында еңбек еткеніне 32 жыл болыпты. Осы уақытта қаншама шәкірті облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі сайыстардың жеңімпазы атаныпты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Бастау» математикалық турниріне Нұргүл жетекшілік ететін «Индиго» командасы 7 жыл қатарынан қатысып, жыл сайын жүлделі орындарды жеңіп алып отырған.
Сондай-ақ форумда Өскемендегі №15 мектептің директорының орынбасары Анар Қуатова ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді бастауыш мектеп жағдайында ұйымдастыру тақырыбын қозғады.
Форумға қатысушылар «Болашаққа қосқан үлесіңізді өлшеңіз» атты көрмені тамашалады. Өскемендегі дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешенінде соңғы үш жылда төменгі сынып оқушыларын зерттеушілік жұмыстарға баулу мақсатында «Бала зерттеуші» атты курс жүргізіліп келеді. Курстың авторы – мектеп директоры Наталья Ахаева. Курс төменгі сынып оқушыларының зерттеушілік және коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталған. Оған 1-4- сынып оқушыларының барлығы қатысатын көрінеді. Осынау форумда аталған мектептің 3-сынып оқушысы Денис Лагутин өзінің картоп өсіру үшін экологиялық жағынан таза тыңайтқыш әзірлеу туралы жобасын ұсынды. Денис бұл жобасын «Зерде» байқауының облыстық кезеңінде сәтті қорғап, жүлдегер атаныпты. Ол өзінің зерттеу жұмысын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолдануға арналған ұлттық зертханасында жүргізген екен.
Форум жұмысы бұдан әрі төрт панельдік сессияларға жалғасты.
Мейрамтай Иманғали