Қоғам

Білім мен спортты тең алып келеміз

Шырайлы Шығыстың жалпы білім беретін мектептерінде спорттық-бұқаралық және денешынықтыру-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру дұрыс жолға қойылған. Мәселен, өзім қызмет ететін Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебі – бұл бағытта жылдар бойы тыңғылықты жұмыс жүргізіп, қалалық, облыстық спорттық іс-шаралардан тыс қалмай, үздіктер қатарынан көрініп жүрген білім ордасы. Бұған мектебіміздің директоры Базарбек Садықовтың біліммен қатар, спортқа да зор көңіл бөлуі өз септігін тигізгені анық.

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», – деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Біздің мектебіміз де бұл бағытта ілкімді істер атқарып, Мемлекет басшысының сенімінен шығуға тырысуда. Атап айтқанда, соңғы уақытта біздегі спорт алаңдары мен спорт залы күрделі жөндеу көріп, қажетті мүкәммалмен барынша қамтылуда. Мектебіміздегі спорттық-бұқаралық және денешынықтыру-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастырып, өткізу жоғары деңгейде десек артық айтпағаным болар. Оған дәлел ретінде жыл бойы өткізілетін спорттық іс-шараларды  келтіруге болар.

Мысалы, мектебімізде жаңа оқу жылы тұрақты түрде «Ашық есік күні» спорттық іс-шарасымен, былайша айтқанда, денсаулық күнімен басталады. Бұл күні кез келген ата-анамыз мектепке келіп, балаларын мұндағы спорт секцияларына жаздыра алады. Бұл секциялар қыркүйек айынан бастап маусымға дейін тегін қызмет көрсетеді. Жылда ашық есік күніне орай, эстафеталық жарыстар мен марафон ұйымдастырылады. Оларға оқушылармен бірге, мұғалімдеріміз де қатысады.

Ал мектепішілік жарыстарда бақтарын сынап, үздіктер қатарынан көрінген оқушыларымыз қалалық және облыстық бәсекелерге қатысуға мүмкіндік алып жатады. Осы ретте, қаладағы «Мектеп лигасы» деп аталатын білім ордалары арасындағы жарыстар спорт түрлеріне қарай екіге (қысқы және жазғы) бөлінетінін айтқан орынды.

Мектебімізде Тәуелсіздік күніне орай да ауқымды спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сол сияқты, оқушыларымыз дәл осы күндері ұйымдастырылатын қалаішілік жарыстардан да тыс қалып көрген емес. Мысалы, өткен оқу жылында футболдан 5-6 сыныптарда оқитын қыздар арасындағы қалаішілік жарыста біздің командамыз екінші орынға ие болған еді. Ал 7-8 сыныптарда оқитын ұлдарымыздың құрамасы қалалық біріншілікте қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығаларына байлаған.

Жасыратыны жоқ, әлемді шарпыған пандемия шәкірттеріміздің де өмір салтына өзіндік түзетулер енгізгені рас. Осындай қиын-қыстау заманда балалар да, ересектер де өзінің және жанындағылардың денсаулығы қаншалықты маңызды екенін түсіне бастады. Олар өткізіліп жатқан іс-шараларға асқан жауапкершілікпен қарап, ешқайсысын қалт жібермеуге тырысуда. Бір сөзбен айтқанда, жас та, жасамыс та салауатты өмір салтының қадірін бұрынғыдан бетер түсінгендей.

Иә, жер-жердегі бұқаралық спортты дамытудың бір жолы – мектепаралық және мектепішілік жарыстарды тұрақты түрде өткізіп тұру. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өскелең ұрпақтың деңсаулығын нығайтып қана қоймай, жасөспірімдер арасындағы суицидтік құбылыстардың алдын алуға, нашақорлық және балалар қылмысы сияқты көптеген әлеуметтік мәселені шешуге септігін тигізері сөзсіз. Осыны нық түсінген мектеп басшылығы мен ұжымы алдағы уақытта да қажетті жұмыстарды атқарып, оқушылар мен ата-аналарына салауатты өмір салтын насихаттай бермек.

Гүлнафис Нұрхабанова, Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің

денешынықтыру пәнінің мұғалімі, Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button