Қоғам

Білім беру ұйымдарының 20 пайызы ғана аттестаттаудан өткен

Шығыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Махсұтова Өскемендегі өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп,  ағымдағы алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сауалына жауап берді

Жалпы облыста 787 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, оның 354-і балабақша, 433-і шағын орталық. Сондай-ақ өңірде 650 мектеп бар болса, оның 342-сі шағын жинақты мектеп. Бұдан бөлек 78 колледж бар. Міне осы мекемелерді бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, тәуекел дәрежесіне сәйкес профилактикалық бақылау жүргізу, арыз-шағымдар мен өтініштер бойынша тексеру ұйымдастыру, лицензиялау мен білім берудің ресми құжаттарын апостильдеу, педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуін үйлестіруді, білім ұйымдарының қызметіне және білім алушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізу осы департаменттің міндеті.

– Жұмыс көлемі ауқымды, бірақ біз бұл жұмыстардың уақтылы және сапалы орындалуына бар күшімізді саламыз, – дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, департамент екі түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою және білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру. Лицензия беру бойынша мемлекеттік қызмет электронды түрде жүзеге асырылады. Қызмет алушының осы қызметті орындаушыға тікелей жүгінуі жойылған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта лицензиялау мәселелері бойынша 60 өтініш түссе, оның 16-сы ғана қанағаттандырылған.

Жалпы орта білім беру ұйымдарынан түскен 14 өтініштің үшеуі лицензия беруге және лицензияға қосымша (бас тартылғаны 3); 10-ны лицензияны немесе лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге (қанағаттандырылғаны – 7, бас тартылғаны – 3);  біреуі лицензияға қосымша беруге (бас тартылғаны – 1) бағытталған.

Техникалық және кәсіптік білім беру бойынша 46 өтініштің  үшеуі лицензия және лицензияға қосымша беруге (бас тартылғаны – 3); төртеуі лицензияға қосымшаны қайта ресімдеуге (қанағаттандырылғаны – 2, бас тартылғаны – 2); 39-ы лицензияға қосымшаны беруге (қанағаттандырылғаны – 8, бас тартылғаны – 31) бағытталған.

З.Махсұтова өтініштердің қанағаттандырылмауының негізгі себептерін атады. Олар: көзбен шолып қарау кезінде ұйымның материалдық-техникалық базасының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі. Электронды өтінімде ұсынылған ақпараттың толық болмауы. Мемлекеттік баждың дұрыс төленбеуі.

Айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта лицензиялау мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші комиссияның үш отырысы өткізілген.

Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы, сондай-ақ электронды үкімет веб-порталы арқылы көрсетіледі. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда алынған білім туралы құжаттарға апостиль қоюға 194 өтініш келіп түссе, оның 139-ы қанағаттандырылып, 55-і қараусыз қалдырылған.

Білім туралы 139 (72%) құжатқа апостиль қойылса, оның – 36-сы жоғары білім туралы; 18-і кәсіптік-техникалық білім туралы; 85-і жалпы орта білім туралы.

Білім туралы құжаттардың түпнұсқалары уақтылы ұсынылмағандықтан, төлем көрсетілген мерзімде түспегендіктен   34, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы келіп түскен мемлекеттік баждың дұрыс енгізілмеуіне байланысты  21 өтініш қараусыз қалдырылған.

Баспасөз мәслихатында департамент басшысы  бақылау шараларына да  тоқталып өтті.

Биылғы бірінші жартыжылдықта 80 білім беру ұйымында, оның ішінде 78 орта мектепте, екі мектепке дейінгі мекемеде мемлекеттік аттестаттау өткізіліп, қорытындысы бойынша 16 орта білім беру ұйымы аттестатталыпты. Бұл мемлекеттік аттестаттау рәсімінен өткен мектептердің жалпы санының 20%-ы. Ал 64 білім беру ұйымы (80%) аттестациядан өткізілмеген. Себебі мемлекеттік аттестаттау барысында бірқатар кемшілік анықталған.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда оқу қызметі жұмыс оқу жоспарына сәйкес келмейді. Білім беру қызметі типтік оқу жоспарына сәйкес жүргізілмейді. Заттық-кеңістіктік дамытушы орта құрылмаған. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша педагогтардың үлесі төмен және ерекше балаларға арналған жеке оқу жоспары мен бағдарламалар әзірленбеген. Мектепке дейінгі мекемедегі интеграциялау арқылы білім беру салаларына негізделген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұны іске асырылмаған. Тәрбиеленушілердің дамуына бастапқы мониторинг жоқ. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талап сәйкес келмейді және сақталмайды.  Балабақшадағы топтардың жас ерекшелігі мен жинақталуы сақталмайды.

Ал жалпы орта білім беру ұйымдарында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бағалауды талдау нәтижелері бойынша 344 бұзушылық анықталыпты.  Атап айтқанда, 11 мектепте тәрбие жұмысы жүзеге асырылмайды; төрт мектепте бейінді оқытуды іске асыру әлсіз;         тоғыз мектепте білім алушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, оқу процесі ұйымдастырылмаған; 26 мектепте кundelik.kz электронды журнал толтырылмаған; 51 мектепте білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және Білім және ғылым министрлігінің 17.06.2015 ж. № 391 бұйрығымен бекітілген оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесі бұзылған; сегіз мектепте тамақтану орны жоқ;  жеті мектепте ұлттық білім беру базасымен нақты деректер сәйкес келмейді; 28 мектепте тиісті бейіндер бойынша педагогикалық білімі бар педагогтар жоқ; үш мектепте медициналық лицензия жоқ.

Білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын талаптар бойынша да бұзушылықтар анықталған. 11 мектептің оқушылары мемлекеттік стандарттың талаптарына сәйкес білімдерін көрсете алмаған.

Биылғы бірінші жартыжылдықта департаментке 103 өтініш келіп түссе, оның 96-сы жеке тұлғалардан, жетеуі заңды тұлғалардан түскен. Сегіз өтініш бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бес лауазымды тұлға және бір заңды тұлға, үш жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау нәтижесінде сегіз лауазымды тұлғаға 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, үш жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір заңды тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Келіп түскен шағымдарды талдау барысында өтініш берушілердің көпшілігі мектеп әкімшілігінің заңсыз әрекеттері, педагогикалық этиканың бұзылуы туралы сұрақтар қойған.

– Департаментке келіп түскен барлық өтініш заңнамада белгіленген мерзімде қаралды, өтініш берушілерге түсіндіру сипатындағы жазбаша дәлелді жауаптар берілді, – дейді З.Махсұтова.

Сондай-ақ департамент биылғы бірінші жартыжылдықта нұсқамалардың орындалуы бойынша 19 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бес білім беру ұйымында бұзушылықтар анықталған.

Қорытындылай келе, З.Махсұтова департамент қоғам мен халық арасындағы сындарлы диалогқа ашық екенін атап айтты.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button