COVID-19 

Білім беру мекемелеріне шектеулер қойыла ма?

Өткен тәулікте елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған  930 науқас тіркелді. Жаңа жағдайлардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан (203) мен Алматы (103) қалаларының, Қарағанды облысының (173) үлесіне тиеді. Шығыста соңғы тәулікте ковидтің  екі жағдайы анықталды.

Коронавирусқа қатысты эпидахуал елімізде тұрақты болғанымен,  жаңа оқу жылы жақындаған сайын балалар арасында таралуы алаңдатады.  Денсаулық сақтау министрінің мәліметі бойынша,  қазір республика аумағында  400-ден астам  бала ковидтен ем қабылдап жатыр.

– Жыл басынан бері алты мың бала ковидті жұқтырса, қазір 423 бала емделіп жатыр. Балақайларда тек коронавирус инфекциясы ғана емес, басқа да вирусты аурулар ауыр өтеді, асқынулары өкінішті жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Мысалы, сепсис сияқты асқынудың ауыр  түрі байқалды, – деді министр Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі мектепке дейінгі ұйымдар мен білім беру мекемелеріне шектеулер қойыла ма деген сұраққа жауап берді.

– Шектеу шаралары алдағы уақытта  балалар арасында КВИ-мен сырқаттанушылықтың таралу деңгейіне, ағымның ауырлығына, балалардың денсаулығына келетін зардаптарға байланысты болады. Біздің басты міндетіміз – балалардың денсаулығын қорғау, – деді министр.

Ажар Ғинияттың айтуынша, егер қыркүйек айында COVID-19 ауруының  қарқынды өсуі байқалса, балалардың бұқаралық іс-шараларын өткізуге тыйым салу жоспарлануда.

– Барлығы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға және өңірлердің қандай аймақтарда болуына байланысты, соған қарап шаралар қабылданады, – деп түсіндірді  Ажар Ғиният.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірімізде коронавируспен ауырып жатқан бала тіркелмеген.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button