Биліктің әділ тепе-теңдігіне апаратын жол

Президенттің қайта сайлану құқығынсыз бір рет жетіжылдық мерзімін енгізу – елді демократияландыру қадамдарының бірі және либералды саяси реформалардың жалғасы. Шығыс Қазақстан облысы Азаматтық альянсының төрағасы, облыстық талдау және болжау институтының директоры Олег Чернышов осындай пікірде.
Естеріңізге сала кетсек, президенттіктің жетіжылдық мерзімі ел Парламенті депутаттарының ұсынысы бойынша күшіне еніп отыр.
– Бұл бастаманың басты мақсаты – билікті монополизациялаудың кез келген мүмкіндігін түбегейлі жою және әділ тепе-теңдік орнату. Бұған дейін президенттің партиялардың жұмысына қатысуына, сондай-ақ оның жақын туыстарының саяси лауазымдарға орналасуына тыйым салынғанын білеміз. Осылайша, авторитаризмге және биліктің бір адамның қолына шоғырлануына тағы бір нақты тосқауыл қойылып отыр, – дейді Олег Чернышов.
Ендігі сайланатын және Қазақстанның барлық кейінгі президенттері үшін президенттік сайлауға қайта қатысудың заңды мүмкіндігі жоқ.
– Сонымен қатар бір жетіжылдық мерзім президентті өзінің сайлауалды бағдарламасы мен экономикалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға толықтай жұмылдырады. Бұл ретте ол бөгде мәселелерге алаңдамайды, яғни келесі мерзім туралы ойланбайды, түрлі популистік шаралар жүргізбейді. Нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан іс-әрекеттер үшін Президенттің жауапкершілігі айтарлықтай артады, – деп түсіндіреді ол.
Бір президенттік мерзім әлемнің көптеген елдерінде, мысалы Израильде, Арменияда, Мексикада, Оңтүстік Кореяда қолданылады. Қазіргі уақытта Францияда осы артықшылықтарға байланысты бір рет жетіжылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқылануда.
20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына келер болсақ, сарапшының пікірінше, ол – соңғы үш жылда жүріп жатқан саяси реформалардың логикалық жалғасы. Себебі маусым айында елде референдум өтті. Әрі биліктің барлық тармағына енгізілетін өзгерістер айтылды. Осы орайда соның жалғасы ретінде президенттік және парламенттік сайлаудың болуы міндетті.
– Себебі жаңа мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасуы керек. Билік жаңадан сайлануы тиіс. Оның үстіне суперпрезиденттіктен парламенттік басқаруға барынша өкілеттілік беру керек. Міне, осыған байланысты қазір жаңа тұлғалар, жаңа партиялар тіркелуде. Барлық саяси реформаларды, алға қойған мақсаттарды жүргізу үшін президентке осы 7 жылдық мерзім жеткілікті, – дейді қоғам белсендісі.
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында осы жылдың күзінде кезектен тыс президент сайлауы, ал келер жылдың бірінші жартыжылдығында парламент сайлауы өтетінін айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда президент сайлауы да, парламент сайлауы да алдын ала жария етілді.
– 1 қыркүйектен бергі уақытта сарапшылар үшін де, саясаткерлер үшін де осы процесті талқылап, дайындық жүргізуге толық мүмкіндік болды. Сондықтан меніңше, қазір өз кандидатурасын ұсынып жатқан азаматтар үшін дайындалуға жағдай жасалды. Сайлау 20 қарашаға белгіленді. Оған дейін де әлі бір айдан артық уақыт бар, – дейді Олег Чернышов.
Сонымен қатар сарапшы парламент сайлауы келер жылдың бірінші жартыжылдығында өтетінінің алдын ала жариялануы да саяси партиялар үшін қазірден бастап дайындалуға толық мүмкіндік беретінін баса айтты.
Институт директорының пайымынша, Парламентке шынымен бәсекелес саяси партиялардың өкілдері мен азаматтық белсенділер кірген жағдайда ғана парламенттік көпшілік партия үкіметтің сапалық құрамына, оның өкілеттіктеріне қандай да бір түрде әсер ете алады. Сондықтан келер жылы өтетін парламент сайлауынан да зор үміт күтеді халық.
Ержан Кеңесұлы