Қоғам

Биесыймасты егістікке айналдырып, малға толтырып жатыр

Биесыймасты егістікке айналдырып, малға толтырып жатыр


Қойнауы мен қыраты қазынаға толы Сарыарқа ауылының Биесыймас деп аталатын елді мекенінде он шақты түтін бар. Мал асырап жан бағып келе жатқан жандардың жаз жайлауы мен қыстамалары осы жер.

Жері құнарлы, шөбі шүйгін бұл өңірде «Кенже» деген шаруа қожалығын ашып, Тоқтағазы Қайырбаев деген азамат тұрып жатыр. 1995 жылдан өз алдына жеке шығып, қожалық ашқан Тоқаңның ұпайы түгел. Шұрайлы өлкеде, ата-бабаларының жерінде тасы өрге домалап келе жатқан шаруашылық иесімен жолықтық.

-Осы шағын ауылда мал өсіріп, соның жемісін көріп келе жатқан жандармыз. Бұл жер малға өте қолайлы өңір. Ата-бабаларымыз мына оң жағымыздағы Балта-Тарақ, Кәртеміш, одан әрі Ақшайық тауларының қойнауында тұрған екен. Сонау көз ұшында шошайған әйгілі Қисық ханның зираты. Жалпы, бұл жерде қазақтың маңдайына біткен елге мәлім тұлғалары мәңгілікке орын тепкен. Байғара бидің, Ақтайлақ бидің, Солтабай төренің, Аққожа бидің кесенелері осы жерде. Ата-бабаларымыздың рухынан қуат алып жүріп жатқан жайымыз бар,- дейді Тоқтағазы.

Бұдан өзге Тоқаң «түгін тартсаң майы шығатын» бұл жерге арпа, бидай, сұлы егетін көрінеді. 1500 гектар жайылымдық, 500 гектар егістік жерге дәнді дақыл егіп, одан өздеріне де, малға да азық алып келе жатқан жігіт ағасы Зеңгі Баба тұқымын өсіреді екен.

-Ежелден мал өсірген халықпыз ғой. Мал санын арттыру үшін жайылымдық жерлер керек. Шүкір, жайылымдық жерлеріміз бар. Биыл бұйырса, «Қаз Агро Қаржы» АҚ арқылы жаңа техника алуға ниеттеніп отырмын. Бізге шынжыр табанды қуаты мол техника керек. Мемлекет «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы үлкен жеңілдікпен техника береді екен. Сол жеңілдікті біз де пайдалансақ деп отырмыз, – дейді «Кенже» шаруа қожалығының иесі Тоқтағазы Қайырбаев.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button