ҚоғамТОП

Биатлоншыларымыз 20 медаль жеңіп алды

Риддерде биатлоннан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Тоғыз күнге созылған байрақты бәсекеде шығысқазақстандық спортшылар тамаша өнер көрсетіп, қоржынды жүлдеге толтырды.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, кеншілер шаһарындағы олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат- колледжінің базасында ұйымдастырылған ел біріншілігінің қорытындысы бойынша жерлестеріміз 20 медаль жеңіп алды. Жас биатлоншыларымыздың еншісінде тоғыз алтын, жеті күміс және төрт қола жүлде бар. Бұл көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан құрамасы жекедара көш бастағанын айтқан жөн.

Жалпы, биылғы додаға еліміздің тоғыз өңірінен, атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан 100-ге жуық спортшы қатысып, жекелей сын, эстафета, спринт, із қуу сияқты сайыстарда өзара мықтыны анықтады.

Ал облыс құрамасы сапында өнер көрсеткен жастарымыздың арасынан Антон Редькин, Софья Унжакова, Трофим Коломин, Захар Хакимов, Леонид Жулин, Екатерина Мусохранова, Алина Қазыбек сияқты биатлоншылардың өнерін ерекше атап өткен орынды.

Осы айдарда

Back to top button