Қоғам

Бейжіңге велосипедпен шығыпты

Бейжіңге велосипедпен шығыпты


Астана – Бейжің бағыты бойынша велосипедпен жол жүріп келген елімізге танымал марафоншы Дулат Иманқажы Қалбатау ауылына аялдады.

Кезінде Меккеге жаяу барған спортшы Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Алматы қаласында ұйымдастырылған Азия ойындарының құрметіне орай еліміздің бірқатар қаласына да жаяу саяхаттап қайтқан.

Жасы елуге келген Дулат Иманқажы – бүгінде Астана қаласының тұрғыны, жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген мұғалім әрі жаттықтырушы. Еліміздің бас қаласында жастарға арнап «Астана желаяғы» спорт клубын ашқан.

Спорттың бірнеше түрімен айналысатын марафоншы 7 шілде күні Астана қаласынан жолға шығып, 67 күнде 5 240 шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтуді жоспарлап отыр. Алыс сапарға аттанған спортшыны Жарма ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев қарсы алып, сапарына сәттілік тіледі.

– Менің осынау сапарыма Еуразия ұлттық университеті қолдау көрсетті. Негізгі мақсатым – қазақ елін әлемдік қауымдастыққа таныту және жастарды спортпен айналысуға шақыру. Сапарым Астана қаласынан басталып, Ақсу, Павлодар, Семей, Қалбатау, Көкпекті, Зайсан арқылы Майқапшағайға дейін жетеді. Одан әрі Қытайдың Жеменей аймағы, Үрімжі, Гуанчжоу, Шаньси және Бейжің қалалары бар. Күніне ең азы 60 шақырымнан астам жолы жүріп өтемін. Кейде 240 шақырымға дейін кетіп қаламын, – дейді спортшының өзі.

Сондай-ақ, Дулат Иманқажы өзінің бұл сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы және еліміздің бас қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі құрметіне арнайтынын жеткізді.

Кәусар Арықханқызы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button