Қоғам

Қазақтың қайырымдылығына тәнтімін

Гүлсімхан Қожағұлова – қазақ арасында өскендіктен қазақтың тілін жетік меңгерген, салт-дәстүрін бойына сіңірген жан. Ата-анасы 1962 жылы арғы беттен бері ауған қазақтармен бірге көшіп келген. Бесқарағай ауданы, Беген ауылында 1963 жылы дүниеге кепті.

– Беген, Башкөл ауылдарында қазақ, татар балаларымен ойнап өстік, – дейді ол. – 1973 жылы Үржар ауданына көшіп келдік. Осында қазақ мектебін бітірдім. Оқуым жаман болған жоқ. Семейдегі мәдени-ағарту училищесін, Алматыдағы Орта Азия университетін аяқтадым.

Гүлсімханның кітапханашы болып істегеніне – 30 жыл. Кітапханашы болу оңай емес. Дамыған елдерде кітапханашылар мұғалімдермен бірдей құрметтеледі, жалақылары да жоғары.

Мен Гүлсімхан Әлиқызынан Қордай оқиғасына байланысты пікірін сұрадым.

– Біріншіден, олардың Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмейтіні, Қазақстан қарулы күштеріне бармайтыны қайран қалдырды. Елді қазақ және басқа ұлт өкілдері қорғап, олар болса ел тыныштығына еш қызмет етпей, жайбарақат өмір сүре бермек. Осыларды ой елегінен өткізіп, қорытындыға келгенім – бұл  өңірде достық, интернационалдық қатынастардың дұрыс жолға қойылмағанын, ауыл мектептерінде тәрбиенің сапалы жүрмегенін көрсетеді. Еліміз көпұлтты болғандықтан жеткіншектерге интернационалдық тәрбиені тиянақты беру керек. Алдағы кезеңде мұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Біз дүнгеннің салт-дәстүрін шамамыз келгенше ұстаймыз. Жұртымыздың қазаққа ұқсастығы көп, әсіресе той тойлауы, мерекелерді қарсы алуы. Біз де қазақтар секілді ырымшылмыз. Сондай-ақ мақтанғаным емес, дүнгендер еңбекқор әрі ұйымшыл. Егін егіп, бақша өсіру бізге тән, – дейді Гүлсімхан.

Қазақстанда дүнгеннен шыққан даңқты адамдар баршылық. Мысалы, атақты революционер Мағазы Масанчи, халық әртісі Бәкір Баяхуновты айтуға болады. Масанчи атында Алматыда көше мен ескерткіш бар.

Жамбыл облысының Қордай ауданында дүнген жұрты біртұтас тіршілік кешуде. Ол арада 61 мың дүнген тұрады.Дүнгендердің сан қырлы ұлттық өнерін кезінде Шоқан Уәлиханов ерекше зерттеген.

Қазақтармен аралас тұрған дүнгендердің көбі қазақ тілін жақсы біледі. Дүнгендердің өлең-жырлары, аңыз-әнгімелері негізінен тарихи тақырыпқа арналған. Дүнгендер XX ғасырдың 20-шы жылдарына дейін қытай иероглифімен қатар араб алфавитін қолданды.

Дүнгендердің мықты бір қасиеті қай өлкеде жүрсе де төл мәдениетін, тілін, салтын, дінін айрықша қорғап, сақтай біледі.

– Ұлтым дүнген болғанымен, жаратылысым – қазақ, – дейді Гүлсімхан. – Жолдасым Болат – көлік жүргізуші. Қызым Аяулым елордада жоғары оқу орнын бітіріп, сонда қызмет етуде. Қазақ еліне, қайырымдылығы мен пейілінің кендігіне, қиын уақытта ұлтыма көрсеткен көмегіне, жанашырлық қолғабысына алғыстан басқа айтарым жоқ.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button