Экономика

Бейсенғазы Ұлықбек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында суландыру мәселесіне ерекше мән берілген. «Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды»,- деді Мемлекет басшысы.

Ауданымыз – қалың нулы, сулы өңір. Бір жағы көл, бір жағы бұйратты, сеңгірлі тау болып келетін өлкеде екі ірі су қоймасы, 19 өзен, 23 магистральды су қоймасы бар. Басқа аймақтарға қарағанда Үржардың  артықшылығы – бұлақты алқаптарының көптігінде. Жазда, күзде ағыл-тегіл көкөністер, жеміс-жидектер көліктерге тиеліп, еліміздің шартарабына тарап жатады. Ауданда суландыру жүйесі жақсы дамыған.

Дегенмен, сыйымдылығы 31 миллион текше метр Егінсу және 55 миллион текше метр су жиналатын Қарақол су қоймаларының жағдайы қалай, су жіберу шамасы қай деңгейде, жөндеуді керек етпей ме, көктемде су мөлшері көбейіп, тасымай ма?! Өңірде егін және көкөніс алқаптарын суландыру қалай жүзеге асуда?

– Егінсу су қоймасы үш жыл бұрын ғана күрделі жөнделген. Бұл су қоймасынан қауіп жоқ. Бөлінген 1 миллиард 613 миллион теңге толық игерілді. Жұмысты атқарған – Зайсан қаласының «СМУ-Шығыс» серіктестігі. Бұл қойманың су мөлшерін өлшеу, су жіберу жабдықтары заманға сай автоматтандырылған. Осы су қоймасынан ағып шығатын 23 шақырымдық Қасқа магистральды каналының суы біраз елді мекеннің егістіктерін, көкөніс алқаптарын, бау-бақшаларын суаруға пайдаланылады. Суарылатын аумағы – 2622 гектар. Осы мезгілге дейін толық қуатында іске аспай келе жатқаны – Қарақол су қоймасы. Кеңес өкіметі тұсында  60 пайызға ғана істелініп, сол күйі аяқталмай қалған. Бұл су қоймасының тек дамбы, туннельдік суағары ғана салынған. 2012 жылы «ПТИ-Пищепром» серіктестігі жобалық-сметалық құжаттарын толық іске асырмай, тастап кеткен. Біздің алда жүзеге асыратын ірі жұмысымыз – осы, – деді «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Үржар өндірістік учаскесінің басшысы Еркін Ғабдулмулинов.

Су қоймаларының қазіргі жағдайы туралы мәлімет бере келе Еркін Кәкенұлы аудандағы су бөгеті мен гидро жүйелері туралы әнгімеледі.

Аудандағы Қусақ өзеніне салынған су тоспасы мен Мақаншы өңіріндегі Келдімұрат өзенінің су тоспасы қайта жөнделіп жатыр. Қусақ өзенінен шығатын Бұрған магистральды каналы 15 шақырымға, осы өзеннің тағы бір Тастоған каналы 25 шақырымға жетеді. Келдімұрат өзенінен шығатын Ақтоған тоғаны 16 шақырымға созылған. Бұл тоғандардың суландыратын аумағы кең – 5 мың гектар. Қаншама шаруа қожалықтары осы тоғандардың суын керегінше жаратуда. Жоғарыда айтып өткендей, ауданда 23 тоған жұмыс істеп тұр. Өңір жұрты су тапшылығын еш көрген емес.

Президент Жолдауында «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек» деп аталған салаға ерекше мән берді. Осыған орай ауданда атқарылар жұмыстар да баршылық.

– Алакөл жағасындағы Қарабұта және тауға жақын орналасқан Көктерек ауылдық округтерінің шеңберінде су қоймаларын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір олардың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, техникалық-экономикалық сараптаудан өтуде. Жалпы, суландыру жүйесіне салғырт қарай алмаймыз, – дейді Еркін Ғабдулмулинов.

Ауданның суландыру жүйесінде 25 адам жұмыс істейді. Олардың көбі – осы саланың жоғары оқу орындарын бітірген, көпжылдық тәжірибелері бар білікті мамандар.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button