Қоғам

Бейнебақылау жүйесі орнатылмаған тоғыз мектеп бар

    Арнайы мониторинг нәтижесі көрсеткендей, өңірдің білім саласындағы бейнебақылау жүйелерінің көпшілігі Ішкі істер министрлігінің  жедел әрекет ету орталықтарына қосылмаған. Бұл балаларға қатысты құқық бұзушылықтар болған жағдайда қиындықтар тудыруы мүмкін. Бұл жайлы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің балалардың құқығын қорғау бағытындағы қызметі туралы  онлайн брифинг барысында айтылды.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Мақсұтованың айтуынша, аталған департамент мектептердің бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуына мониторинг жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша Тарбағатай ауданының тоғыз мектебінен басқа өңірдегі барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бұл мектептерді қосу биылғы жылдың қыркүйегіне жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз бала құқығын қорғау жөніндегі ауқымды проблемаларды шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балалар арасында суицид пен буллингтің алдын алу бойынша мемлекеттік бақылауды күшейтуге тиіспіз», деп тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеген болатын.

Департамент білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты және өз құзыреті шеңберіндегі бақылауды ғана емес, сондай-ақ балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Биыл жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың басшыларымен өткізілген кеңестің ұсынымдарын орындау мақсатында білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, облыстың білім және денсаулық сақтау басқармалары, «Экокелісім» облыстық қауымдастығы арасында мониторингтік тексерулер жүргізу бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.

Сонымен қатар департаментте бала құқығын қорғау мәселелері бойынша өңірлік мониторингтік топ құрылды. Оның құрамына білім басқармасының, полиция департаментінің, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жауапты қызметкерлері, Өскемен мен Семей қалаларының педиатрлары кіреді. Бұл мониторингтік топтың міндеті – балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау.

Департамент мәліметінше, өңірдегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында, арнаулы білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп, білім алып жүрген 2 219 баланың білім алуы, тамақтануы, тасымалдануы, демалысы, сауықтырылуы мен бос уақытын ұйымдастыру құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерінің барлығы мониторингтік тексеріспен қамтылатын болады.

Департамент облыстағы білім беру ұйымдарында жылы дәретханалардың орнатылуына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 647 орта білім беру ұйымының сегізінде немесе тек 1,2%-да ғана тиісті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалмағаны анықталды. Атап өтсек, Алтай ауданында алты, Тарбағатай ауданында екі мектеп ауладағы дәретханаларды пайдаланады. Департамент басшысының мәліметінше, өңірдегі 98 мектепте жылы дәретханалармен қатар аулалық дәретханалар да бар. Олар мектепте жарық немесе су өшірілген кезде ғана пайдаланылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Даниал Ахметовтің басшылығымен балалардың денсаулығы мен дамуына кері әсерін тигізетін ақпараттан қорғау мақсатында да кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Сонымен қатар балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау, тәрбиелеу, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, денешынықтыру және спорт, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button