Қоғам

Бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтаймыз

Бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтаймыз

Телекөпір

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемен мен Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Барнаул қаласы арасында өткен телекөпірге қатысты. Этноауылдағы Ұлы Отан соғысына арналған мұражайда ұйымдастырылған бұл шараға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері және жастар қауымы жиналды.
Бізді Ресей елімен ортақ тарих қана емес, сондай-ақ, ортақ Ұлы Жеңіс те байланыстырады. Екі ел екінші дүниежүзілік соғыс барысында жеңіске бірге жетті. Майдан даласында қос елдің сарбаздары жаумен жұмыла шайқасты.
Бауырлас қалалар арасындағы телекөпірді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ашты.
– Құрметті Алтай өлкесінің ардагерлері, қадірменді Александр Богданович! Шығыс Қазақстан жұртшылығы атынан мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Біз бүкіл әлемдік қауымдастыққа халық бірігіп, алдына бір мақсат қойғанда ғана жеңіске жететінін дәлелдедік. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, алдарыңызда қарыздармыз, сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Халқымызда «көршіні таңдамайды, Құдай береді» деген сөз бар. Тату-тәтті көршілігіміз де жалғаса берсін! Біз ата-әжелеріміздің ерлік істерін жадымыздан өшірмей, бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл іс-шараның тәрбиелік мәні өте зор. Әсіресе, кешегі достар бір-біріне оқ атып жатқан қазіргідей кезде, – деді аймақ басшысы.
Барнаул қаласындағы студиядан телекөпірге Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин, ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысып отырды.

Бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтаймыз

– Біз Шығыс Қазақстан тұрғындарын Жеңіс күнімен құттықтаймыз! Алпыс тоғыз жыл бұрын Ұлы Жеңіске бірге жеттік. Рас, жауынгерлер ерлігі есімізде мәңгілік қалады. Олар өз жандарын қия отырып, бізге бейбіт өмір сыйлады. Бұл соғыста түрлі ұлттың өкілдері ортақ жаумен бірге шайқасты. Иә, фашизм індеті сол жолы жеңіліске ұшырады. Бірақ бұл «арам шөптің» тамыры қалып қойыпты. Оны Украинада болып жатқан қақтығыстардан аңғаруға болады. Фашизмге қарсы күш – ол азаттық үшін жандарын пида еткен жерлестерімізді жадымызда сақтау. Ардагерлерге зор денсаулық, екі өңірге де өсіп-өркендеу тілеймін, – деді Александр Карлин.
Алтай өлкесі мен Шығыс Қазақстан арасындағы байланыстар жылдан-жылға бекіп келеді. Өңір басшыларының құттықтауларынан кейін екі жақ та соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Осылайша, жиналған қауым майдан даласынан оралмаған алты жарым миллион солдатқа құрмет көрсетті.
Барнаул телестудиясына жиналған ардагерлер Александр Кремлев пен Антонина Яркина, тыл еңбеккері Александра Гончарова сол бір сұрапыл күндер жайындағы естеліктерімен бөлісті. Өскемендіктер Шығыс Қазақстан майдангерлері туралы сюжет ұсынды. Онда Кеңес Одағының Батырлары Төлеген Тоқтаров пен Серікқазы Бекбосынов, Ақмола өңірінде туып, майданға Алтай өлкесінен аттанған Александр Ершов жайлы деректер айтылып, соғыс ардагері Бошай Кітапбаевтың естелігі берілді.
– Біз ешбір ардагер назардан тыс қалмауы тиіс деген принципті ұстанамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін қолдау ісіне жіті көңіл бөліп отырады. Олардың коммуналдық төлемдеріне, жолда жүру ақыларына жеңілдіктер жасауға тырысамыз. Тимуршылар қозғалысын жандандырдық. Ардагерлердің тұрмыстық жағдайлары лайықты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеп келеміз. Қазір осы телекөпір ашық аспан астындағы мұражайда өтіп жатыр. Мұнда соғыс кезінде қолданылған әскери техника қойылған. Ондағы мақсатымыз – жастарға үлгі-өнеге көрсету, патриоттық тәлім-тәрбие беру, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Телекөпірге қатысып отырған шығысқазақстандық ардагерлер мен тыл еңбеккерлері жеңіске жету жолындағы қиындықтарды баяндады. Қайролла Бақтыбаев майданнан өзінің екі ағайыны оралмағанын айтып, соғыстағы ауыр кезеңді әңгімеледі. Ғазиз Ахмеров, Михаил Чернецкий «майдан даласында ешқайсымыз бір-біріміздің ұлтымызды сұраған емеспіз, біз бір халық болып, жаумен жұмыла күрестік» десті. Тыл еңбеккері Анна Моисеева еңбек майданының ауыртпалығын сөз етті. Петр Коломин жуырда облыс әкімімен бірге Барнаулға барып, сондағы қаруластарымен кездесіп қайтқанын жеткізді.
– Телекөпірді ұйымдастырушыларға өз атымнан рахмет айтамын, бұл байланысты жалғастыру қажет. Осы айдың аяғында үш елдің – Ресейдің, Белоруссияның және Қазақстанның Президенттері Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімге қол қояды. Осы тарихи сәтке орай, мен Могилев (Беларусь), Барнаул және Өскемен қалалары арасында телекөпір өткізуді ұсынамын, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Шараның соңында Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» өлеңі оқылып, екі жаққа жиналған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, сарбаздар мен жастар әйгілі «Катюша» әнін бірге шырқады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button