Бейбітшілік акциясы өтті

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Осыған байланысты Семейде «Бейбітшілік акциясы» өтті. Аталмыш шараға «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері, облыс басшысы Даниал Ахметов, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары және қала тұрғындары қатысты.
Аймақ жұртшылығы үшін ерекше датаның 29 тамызға қойылуы да бекер емес. Себебі осыдан 30 жыл бұрын дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Осылайша жылдар бойы ядролық сынақтардың зардабын шеккен халыққа бейбіт өмірге есік ашылды.
– Әрине, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. БҰҰ трибунасынан халықаралық форумдарда сондай-ақ ядролық держава басшыларымен болған ядролық қарудан бас тарту жайлы ұсынысымен сынақтарға нүкте қойды. Нұрсұлтан Әбішұлының жаһандық бастамасының арқасында алпауыт мемлекеттер ядролық қарудан бас тартты, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Ядролық қарудан бас тартуда шығысқазақстандықтардың белсенділігі де ерекше. Себебі сұм қарудың зардабы жайлы олардан артық ешкім білмейді.
– Бүгін біз тағы бір мәрте полигонның жабылуы тарихи мәні зор оқиға екенін сезіндік. Полигонды жабу, еліміз үшін жеңісті шешім болды. Еліміз өзге мемлекеттерді бейбіт өмірге шақырды. Осы бір сұм жылдарда қаншама жерлесіміздің зардап шеккені баршамызға аян, – дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев.
Акцияға жиналған жұртшылық «Өлімнен де күшті» мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақ құрбандарын және Жамбыл облысы Байзақ ауданында қайтыс болған әскерилер мен құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Флора Левина