Қоғам

Бейбіт күннің жайқалсын туы желбіреп…

Қалды ма бір үй тартпаған зардап соғыстан,

Талайлар төгіп көз жасын жылап тауысқан.

Талайлар беріп төрт мүшесін топ болып,

Талайлар мүлде ақыл мен ойдан ауысқан.

 

Талайлар кетті өмірмен мәңгі қоштасып,

Сұм ажал жатты тырнағын салып от шашып.

Түршікті жүрек тірідей салған айуандық пен таңбадан,

Тұрғызып қойып жатқанда бетке қып-қызыл ғып шоқ басып.

 

Өзен боп ақты жазықсыз қан, толассыз төрт жыл төгілді,

Қара күн туып, жер үстінде тыныштық бұлты сөгілді.

Жай түскендей жас махаббат жайқалып тұрған орылып,

Езілді бауыр, жастардың жаны қайғы-қасіреттен  егілді.

 

Аждаһа рас қарғыс атқан, ол – фашист Гитлер,

Жер бетінде ажал шашқан рақымсыз қаныпезер.

Билік құрып отырмақшы еді күллі әлемге құдай боп,

Ойына алған мақсатына сұм қарақшы жетсе егер.

 

Жеткізбеді мақсатына желкесін қиды халық, Армия,

Отан үшін от кешіп, күресті ел боп жан қия.

Жеңістің туын желбіретіп көтерді бүкіл әлемге,

Бүктіртіп белін фашисті құртып, жер бетінен зым-зия!

 

Куәсі әне, қарт солдат жүр қасыңда ұлы Жеңістің,

Ол әкелген күллі әлемге сәулесін септі тыныш күн.

Бала – жетім, әйел – жесір қалмасын енді мәңгіге,

Бейбіт күннің жайқалсын туы желбіреп биік жер үстін!

Мәуітқазы Зүкенов, ардагер журналист

Осы айдарда

Back to top button