Руханият

БЕЙБІТ ӨМІР СҮРГЕНГЕ НЕ ЖЕТСІН!

Тағдырдың түрлі талқысы салдарынан өткен ғасырларда елімізге көптеген ұлт өкілдері қоныс аударған соң, Қазақстан 130-дан астам этнос өкілдері бар көпұлтты, көпконфессиялы мемлекетке айналды.

Бүгінде облысымызда жүзден астам ұлт өкілдері әлеуметтік теңдікте  өмір сүруде. Кезінде елімізге тағдыр талайымен келген түрлі этнос өкілдері бір нанды бөліп жеп, қиындықта қатар жүріп, қуанышымызды бөліскені аға буын өкілдері – біздердің есімізде. Алайда соңғы жылдары осы тарихты білмейтін кейінгі буын этнос өкілдерінің қазақ мәдениетіне, ұлттық құндылықтарға жат болып өсіп келе жатқандығы байқалады. Ал қазіргі жастар әлеуметтік желіден бұрыс дүниені оқып алып, соның жетегіне еретін сияқты. Ел тұтастығы, ел бірлігі үшін ортақ құндылықтар қалыптасуы шарт. Бұл орайда,  данышпан Абайдың “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”, сондай-ақ “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидаларын еліміздің барлық азаматтары жадында сақтап, рухани байлығын, қоғамдық санасын осы бағытта жаңғыртулары ауадай қажет болып тұр. Себебі, ұлтымыз, дініміз әртүрлі болғанымен, біз бір Қазақстан халқымыз.

Солардың арасында рухани келісім туралы сөз қозғағанда, бәріміздің табынатын, жүрекпен сезіп сыйлайтын, бір тылсым күш “дүниені жаратушының бар” екенін білеміз. Бұл орайда, 2006 жылы бірінші қыркүйекте Астанада салынып, ашылған Бейбітшілік және келісім сарайы – Қазақстан халқының достығы мен береке-бірлігінің бірден-бір символы. Ғимаратты салу идеясы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Бұл ғимарат қазақ жерінде түрлі діндер мен ұлттар өкілдерінің бас қосатын жері. Пирамидада Қазақстан халқының бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын бейнелейтін жүз отыз көгершін салынған.

Қазіргі таңда әлем мемлекеттерін есеңгіретіп тастаған коронавирус пандемиясының салдарынан жер жүзіндегі халық әлеуметтік қиыншылықтарға тап болып отыр. Біздегі көп ұлттың ортақ шаңырағы – Қазақстанның да ортақ індеттен жеке-дара қалуы мүмкін еместігін баршамыз түсінуіміз керек. Осындайда, еліміздің басты байлығы – ұлт тұтастығы, бірлігі, рухани келісімі екенін ұмытпайық.

Елбасымыздың бейбітшілік пен татулықты ту еткен саясатын жалғастырушы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық қамын ойлап, бүгінгі экономикалық-әлеуметтік қиындықтарды жеңіп шығу үшін Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеуінің арқасында бейбіт те тыныш өмір сүріп жатырмыз.

Дана халқымыздың “жаман ұлт болмайды, тек жаман адам болады” дегеніне сексен жылдық ғұмырымда көзім жетті. Екі қоғамдық құрылыста да аянбай еңбек етіп, ел келешегіне деген сеніміміз, үкілі үмітіміз өте берік  болып келді.

Қайтсек те, енді адам баласы үшін бұрынғы мамыражай тіршіліктің келмеске кеткендігі, алда жаңа әлемнің кеңістігіне енетіндігімізді сезіну, соны түсіну қажеттілігі туындағанын біліп, көріп отырмыз. Сондықтан сенімді жоғалтпау үшін еліміздің азаматтары бір Қазақстан халқы болып,  рухани күшімізді біріктіріп, болашақ Мәңгілік Ел құрушы жастарымыз келешекке зор үмітпен қарап,  құлшына білім алып, іскер маман болып еңбек етуге міндетті.

Ата-бабаларымыз неше түрлі сұрапыл қиыншылықтарды еліне-жеріне деген сүйіспеншілікпен, жанын құрбан етіп жүріп жеңіп, өз ұрпақтарына аманат етіп қалдырған киелі қазақ жерін, бүгінгі ең құнды байлығымыз – тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Баршамыз Жаратушы сыйлап берген бір өмірімізді бағалап, жоғары рухани дәрежеде бір-бірімізді ұғысып, мұқтаж  жандарға қол үшін беріп, мейірімділік жасап, еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарап, өмір сүруіміз  керек демекпін.

Сайлаухан Аухадиев,

ШҚО ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағағасы

Осы айдарда

Back to top button