Бейбіт өмір кепілі
Семейдегі Достық үйі Ата заң мерекесіне орай көптеген игі істердің орталығына айналып, арнайы апталыққа да қатысуда. Достық үйінің директоры Надежда Шарованың айтуынша, Конституция тәуелсіздігіміздің берік іргетасына кепілдік береді.
– Қазақстан Конституциясының ерекшелігі – басқа елдердегідей «аз ұлт» деген ұғым жоқ. Аз ба, көп пе, әйтеуір, барлық ұлт біртұтас. Ешкімді түріне, тегіне, нәсіліне қарап бөлмейміз. Конституция қоғамның басты құндылығы ретінде қоғамдық-саяси бірлікті, келісім мен тұрақтылықты бекітеді. Конституцияда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық араздықты қоздыруға тыйым салатын баптар бар.
Надежда Шарованың айтуынша, бітімгерлік, яғни медиация мәселесі де басты назарға алынған. Достық үйінде этномәдени орталықтар өкілдері үшін «Медиация рәсімі және дауды шешу үшін медиатордың құралдары» семинары өтті.
Этноқоғам төрағаларына түрлі сұрақтары бар адамдар жиі жүгінеді, олар өз мүмкіндіктеріне байланысты кеңес беру үшін осы медиациялық орталыққа келеді. Семинар осы мәселелерге орай ұйымдастырылды. Оны Достық үйінің медиаторы, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» бірлестігі облыстық филиалының директоры Мақат Шәпиев жүргізді. Ол қатысушыларға медиация туралы айтып, медиатор қызметін түсіндіріп, даулы жағдайларды шешу жолдарын талқылауды ұсынды.
– Семинар пайдалы, қызықты болды. Өз тәжірибемде бірнеше рет түрлі жанжалдарды шешуде кәсіби көмекке мұқтаж адамдарды кездестірдім. Сотқа жүгінбеу және дұрыс шешім қабылдау үшін бізге қиын жағдайда қалай көмектесе алатынымыз туралы айтылды. Нәтижесінде біз кәсіби емес медиатор екенімізді, қажет жағдайда Достық үйінде кейбір дауларды қарауға қатыса алатынымызды растайтын сертификат алдық, – дейді «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук.
Еріктілер жылына байланысты, бүгінде республикалық акция – Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілер қозғалысы орталықтарының бірыңғай ашық есік күні өтуде. Семейдің Достық үйінде де еріктілер орталығы ашылды.
– Ерікті – жасына не ұлтына байланысты ұғым емес. Біздің орталыққа түрлі жастағы және ұлттағы адамдар енеді. Ол барлығына ашық. Жыл бойы біз еріктілермен байланысты барлық жұмысты үйлестіреміз. Түрлі бағытта жұмыс істейміз, – дейді Надежда Шарова.
Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысы төрт бағытта жұмыс істейді, біріншісі – әлеуметтік. Еріктілер әлеуметтік бағдарламалар шеңберіндегі іс-шараларға қатысып, мұқтаж адамдар мен табиғи апаттан зардап шегушілерге көмек көрсетеді. Білім беру бағыты аясында түрлі пәндер бойынша тегін сабақтар ұйымдастырумен, Достық үйлері жанынан тілдерді оқытумен, оқушыларды кәсіби бағдарлаумен айналысады. Спорттық бағыт патриотизмді қалыптастыруды, денешынықтыру мен спортты дамытуды көздейді. Төртінші бағыт – медиация. Еріктілер дау-жанжалдарды шешумен, әлеуметтік мәселелерді шешуде қоғамға көмек көрсетумен айналысады.
Надежда Шарованың айтуынша, оларда қолөнер шеберлерінің көрмесі де жиі ұйымдастырылады. Осындай бір іс-шара Тәуелсіздік күніне арналды. Мақсаты – түрлі ұлт қолөнершілері туындыларын көпшілікке таныту. Шараға қатысуға бірнеше қолөнер ұйымы ниет білдірген. Фестиваль барысында көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
– Ұлттық домбыра күнінде түрлі ұлт өкілдері қаладағы перинаталдық орталықта болып, жаңа босанған Альмира Рахметжанованың өмірге келген сәбиіне домбыра сыйлады. Достық үйі атынан «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының солтүстік-шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ Абайдың 175 жылдығына арналған челлендж ұйымдастырылып, «Абай әлемі» керуені сапарға шыққанын айтқан жөн. Олар қаладағы тарихи жерлерді аралап, абайтанушылардан сұхбат алды. Достық үйінде «Айша бибі» қазақ мәдени орталығы Абай поэзиясына арналған әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырды. Абайға арналған іс-шаралар келер жылы да жалғасады. Елбасы өзінің «Абай туралы сөзінде» айтқандай, «Абай – бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісімге өз үлесін қосатын рухани келіссөз жүргізуші және гуманист». Абай – Шығыс пен Батыс арасындағы бірлікке, бейбітшілікке ұмтылған ұлы адам.
Осы игі істердің барлығы да Ата заңы құрметтелер тәуелсіз елде, еркін мемлекетте жүзеге асып жатқанына ризамыз. Демократия дегеніміздің өзі – осы. Барлығыңыздың отбасыңызға береке-бірлік тілеймін. Қазақ елі жасай берсін! – дейді Надежда Шарова.
Раушан Нұғманбекова
Семей.