Қоғам

Бестеректе мұражай-археологиялық кешен салынады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Ақбауыр археологиялық кешенінде болып, Бестерек ауылында бой көтеретін мұражай-археологиялық кешен құрылысының жоспарымен танысты.

Екі жыл бұрын Ақбауырда Зейнолла Самашев бастаған археологтар ерте сақ кезеңіне жататын елді мекенді тапқан болатын. Мұндағы барлық артефактілер көшпелі сақтардың отырықшы өмір салтын ұстанғанын көрсетеді. Биыл ғалымдар алаңды кеңейтіп, елдімекеннің тереңдігін толық қамтуды, сондай-ақ басқа учаскелерде жұмыс бастауды жоспарлап отыр.

– Алдағы жылдары Ақбауыр танымал туристік орынға айналарына сенімдімін. С.Аманжолов және Д.Серікбаев атындағы университеттер қызметкерлері мен студенттерінен құралған жасақ келесі айдан бастап іске кіріседі, – деді облыс әкімі.

Ал жаңа музей-археологиялық кешен салуға арналған жер учаскесі Ұлан ауданы, Бестерек ауылында орналасқан. Жалпы ауданы 461 шаршы метрді құрайды.

Бірқабатты ғимарат құрылысын қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр. Дәл осы жерде Зейнолла Самашев «Алтай – түркі әлемінің бесігі» конференциясының қонақтарын қарсы алғысы келетінін жеткізді, оның да өзіндік мәні бар. Алқалы жиын осы жылдың күзінде өтеді деп көзделуде.

 

DIDAR ақпарат

Осы айдарда

Back to top button