Қоғам

Бестеректе бірегей орталық ашылды

Археологтардың жұмысының қорым қазумен ғана шектелмейтіні анық. Негізгі мақсаты дәуірлер мен ғасырлардың тарихи айғағы ретінде табылған жәдігерлерді зерттеп, зерделеу. Осылайша, олар нақты дерекке қол жеткізбек. Жуықта осындай мақсатта ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

  Ғылыми-зерттеу орталығының Шығыс Қазақстан облысында ашылуы бекер дүние емес. Өйткені Алтай мен Тарбағатай қойнауы, Ертістің жағасы байырғы бабалар өркениетін құшағына жасырған қорымдарға толы. Бұл қорымдар бірнеше ғасырдан бері археологтар арнайы атбасын бұратын орындарға айналған. Тарихқа таған, уақытқа дәлел, өткен өркениетке өзек боларлық артефактілер мен жәдігерлер де көптеп табылып келеді. Сондықтан да Ұлан ауданына қарасты Бестерек ауылының маңында ашылған ғылыми-зерттеу орталығының маңызы зор. Ғылыми-зерттеу орталығының бұл ауылдан ашылуы да бекер емес. Себебі талай-талай тарихтың қатпарына үңіліп, көне қорымдардың құшағына көмілген өркениеттің өрнекті ізін тапқан ғалым Зейнолла Самашев осы ауылда дүниеге келген. Облыс әкімінің қолдауымен іске асқан ғылыми-зерттеу орталықтың ашылу салтанатына Түркия, Англия, Ресей ғалымдары қатысты.

– Археология саласында сенсациялық жаңалықтар ашқан Зейнолла Самашев Берел қорғандарынан, Елеке сазы жайлауынан және Ақбауыр шатқалынан табылған бірегей олжалармен көпке танымал. Ол Шығыс Қазақстандағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуына зор үлес қосып келеді. Осы сирек жәдігерлермен қалың жұртшылықты таныстыру үшін музей салу туралы шешім қабылданған, – деді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.

Аудан әкімі былтыр осы жаңалықты хабарлағанда ғылыми-зерттеу орталығының құрылысына 170 миллион теңге қаражат бөлінгенін айтқан еді. Міне, енді игілікті жоба іске асып, пайдаға берілуде. Алдағы уақытта Ақбауыр шатқалындағы қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелер және өзге де орындардан табылған археологиялық жәдігерлер осы ғылыми-зерттеу орталығында зерттеліп, музей мұрағатына қосылмақ.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button