Қоғам

Бесінші түліктің басын көбейтпек

Бесінші түліктің басын көбейтпек


Марал өсірушілер палатасының ұйымдастыруымен Катонқарағай ауданындағы марал өсірумен айналысатын «Үш Бұлақ» шаруа қожалығының «Жанат» пантымен емдеу шипажайында марал шаруашылығы саласын дамытуға арналған облыстық семинар-кеңес өткізілді.

Аталмыш семинар-кеңес бұл шаруашылықта кездейсоқ өтіп отырған жоқ. 700 бастан астам марал өсіріп келе жатқан шаруашылық облыстағы ең үздіктердің бірі. Сонымен қатар бүгінгі таңда шаруашылықта инфраструктура мәселелері – жолдар, ұялы телефон байланысы, электр қуатымен жабдықтау, сервистік қызмет көрсету мәселесі оңды шешілген. Қазір «Жанат» шипажайына елімізден ғана емес, алыс-жақын шет елдердің жүздеген туристері келеді және келіп демалатындардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Алтайдың бауырындағы ерекше табиғаттың аясында орналасқан шипажайға келушілер түрлі ем-шаралар қабылдап, көптеген дерттен емделіп қайтады.

Қалиқан Ділдар басқаратын емдеу кешеніндегі қызметшілер үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсетіп, шипажайға келушілерді жарқын жүзбен қарсы алады. Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – марал шаруашылықтарының арасында тәжірибе алмасу, осы саланы дамытудың стратегиясын әзірлеу болды. Семинар барысында маралшылар өздерінің күнделікті жұмыстарындағы тәжірибелерімен бөлісті. Күн тәртібінде – мал қыстату науқанын ойдағыдай өткізу, жем-шөппен қамтамасыз ету және азықтандыруды дұрыс ұйымдастыру, жыртқыш аңдардан қорғау мәселелері де талқыланды. Оның ішінде жем-шөпті өндіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонғы жылдары тәжірибелі шаруашылықтар 50 пайыз сұлы, 30 пайыз арпа, 20 пайыз бұршақ қосылған жем қоспаларын егіп, маралдарға пішендеме беруді тәжірибеге айналдырған. Минералдық заттардан құралған жемшөп қоспалары мүйізді жануарларды барлық қорекпен қамтамасыз етеді екен. Сонымен қатар аталған пішендеменің маралдардың панты және ет өнімділігінің көбеюіне, олардың өсімін молайтуға және жануарлардың денсаулығына әсері мол.

Жиында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Ол үшін соңғы жылдары маралшылар субсидия да алып келеді. Семинарды ұйымдастырушы маралшылар палатасы соңғы он жылдықта Қытайдың марал шаруашылықтарында қолдан ұрықтандыру әдісі пайдаланылатынын атап өтті. Ауданымызда осы әдісті «Катонқарағай теңбіл бұғы», «Үш Бұлақ» және «Жоғарғы Катон» шаруашылықтары пайдалануда, себебі, марал шаруашылығында қолдан ұрықтандыруды пайдалану – төлдердің санын 70-80%-ға дейін көбейтуге, тұқымдық және сапалық өнімділіктерін арттыруға, аурулардың болмауына мүмкіндік береді. Мұның бәрі саланың дамуына тікелей әсер етеді.

Марал шаруашылығын одан әрі дамытудың тағы бір негізгі жолы – пантымен сауықтыру шипажайларын ұйымдастыру, қосымша туристік қызметтер көрсетуге назар аудару. Маралшылардың семинар-жиынында Көкпекті ауданындағы «Мараленок» шаруа қожалығының басшысы Мистер Чо бұғылардың мүйізін қайнату және консервациялау бойынша «шеберлік сыныбын» көрсетті. Оның айтуынша, егер де оның көрсеткен тәсілін пайдаланса, пантының 1 келісін ресейлік маралшылар сияқты жоғарғы бағамен саудалауға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні ауданда марал мүйізін пайдаланып, емдейтін 11 шаруашылық бар. Солардың негізіндегі сауықтыру орындары маусымдық түрде жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан марал шаруашылығына қолдау көрсетілуде. Жиында марал шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін «Марал өсірушілердің республикалық палатасының» арнайы тағайындалған медалімен «Үш Бұлақ» марал шаруашылығының басшысы Дамир Қалиқан, «Катонқарағай теңбіл бұғы» шаруашылығының бригадирі Болат Ихсанов марапатталды.

Тұрсынқан Базарбаев
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button