Қоғам

Бескүндік оқу жүйесіне көшеміз

Бескүндік оқу жүйесіне көшеміз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес еліміз алдағы уақытта бес күндік оқыту жүйесіне көшеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
– Бескүндік оқу аптасы, менің ойымша, бәріміз үшін ұтымды болар еді. Ал мұндай жүйеге ауысу жағына келетін болсақ, дайындық жұмыстары көп уақыт алмауы керек. Мөлшерлеп айтсақ, жаңа жүйеге өту үшін шамамен үш-төрт жыл кетеді. Жалпы, бұл туралы алдағы айда нақты айтатын боламыз, – деді министр.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын Парламент палатасының отырысында ел Президенті оқу аптасын бес күнге дейін қысқартуды ұсынған болатын. Елбасының айтуынша, қазіргі оқушыларға тым көп тапсырма беріледі. «Мектептеріміздегі пәндердің саны өте көп деп санаймын. Кейбір пәндерді біріктіруге немесе мүлдем алып тастауға да болады. Осы мәселені жақсылап зерттеп, зерделеу қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Халықтың атаулы ақшалай табысы қандай?

2015 жылдың төртінші тоқсанында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 72 676 теңгені құрады. Бұл туралы статистика комитеті хабарлады.
2015 жылдың төртінші тоқсанында тұтыну тауарлары мен қызметтердің бағасы 2014 жылдың атаулы мерзімімен салыстырғанда 9,7 пайызға өсті. Халықтың атаулы ақшалай табыстары болса, 2014 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда 2,0 пайызға кеміген.
Осы кезеңде халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысының ең жоғары мөлшері Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ, Атырау облысында тіркеліп отыр. Олардағы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 1,9-2,1 есеге дейін асқандығы байқалады. Ал табысы ең төмен өңірлер қатарына Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары кірді.
Айта кетейік, 2015 жылдың төртінші тоқсанында өңірлер бойынша халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы арақатынас 4,1 есені құраған-ды (2014 жылғы төртінші тоқсанда – 3,5 есе).

ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енді

Қазақстанның 16 тарихи ескерткіші ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.
– Бүгінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қазақстаннан 10 тарихи ескерткіш және адамзаттық материалдық емес мұралар тізіміне үш рухани мұрамыз енгізілген. Оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Алматы облысындағы Тамғалы петроглифтері ескерткіші сынды мұраларымыз бар, – деді ол.
Оның айтуынша, енді Сырдария өзенінің бойындағы 16 нысан бойынша материалдар дайындалу үстінде. Олар келесі жылы немесе одан арғы жылы тапсырылмақ. Қазіргі уақытта Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан және Тәжікстан ғалымдарымен бірлесіп, нысандардың құжаттамалары әзірленуде.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button