Бесік тербеткен әжелер
Жарма ауданы – жарқын істердің жаршысы. Жасы да, жасамысы да өз еңбектерін үлгі етіп, аудандағы әр ұжым тәрбиелік іс-шаралар өткізіп, онда өздерінің шығармашылық қарым-қабілетін ортаға салады.
Сондай ұжымдардың бірі – ардагерлер кеңесі. Кеңес төрағасы Нұрлыбек Есполов Достық үйінің директоры Б.Самежановамен бірлесіп, аудан ардагерлерін бір арнаға тоғыстырып отыр.
Таяуда ақсақалдар арасында «Батамен ел көгерер» атты дәстүрлі бата беру сайысы өтсе, әжелер арасында «Бесік жырын орындау» байқауы өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – «Ұлылықты, салт-дәстүрді әжелерден үйрен» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, ұлтымыздың бай рухани мұрасын жаңғырту. Байқау барысында әжелер сәбиді бесікке дұрыс бөлеуді көрсетіп, бесік жырын айтты. Бала тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңестерін айтты.
Қазылар алқасы Жарма ауданының 10 округінен қатысқан әжелердің жұмысын сарапқа салды. «Бесік жыры» байқауын бағалай келе, бас жүлдені Қызылағаш округінен келген Гүлнар Айтуғанова иеленсе, бірінші орынды Үшбиік округінен Алтын Уалхановаға бұйырса, екінші орын Әуезов кентінің тұрғыны Күмісхан Сейітқазинаға, үшінші орын Қалбатау округінің намысын қорғаған Гүлжан Сағынбаева мен Жаңғызтөбе округінен келген Нұржамал Хасенбаеваға берілді.
Байқауға қатысқан әжелердің бәрі әдемі, салиқалы, өнерлі, ұлттық киімді жарасымды кие білген.
Кейбір әжелердің орынға ие болмау себебі – бесікке бөлеу мен бесік жырына мән беріп, өздерін таныстыру мен бала тәрбиесіне байланысты ақыл-кеңес кезеңінде байқау шартының тек жартысын ғана орындаған. Кейбір әжелерге айтылған тағы бір сын – бесікке қуыршақты, яғни жансыз бейнені бөлеп, тербету – әбестік, жаман ырым деп шешті қазылар алқасының мүшелері. Дегенмен бізді әжелердің күш-қуаты, табандылығы мен белсенділігі қуантты.
Әсіресе, Әуезов кентінен қатысқан Күмісхан Сейітқазинаның белсенділігіне ерекше тәнті болдық. Ол 2019 жылы өткен «Әжелер – ұлттың ұйытқысы» сайысында ауданда да, облыста да үшінші орынды иеленіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолынан мадақтама мен сыйлық алған.
«Әйел – ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп ұлы жазушы М.Әуезов айтқандай, әжелер бесікті тербей отырып, келешек ұрпақты қалай тәрбиелеу керектігін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз» десе, ардагерлер кеңесінің төрағасы да, қатысушылар да ата-бабамыздан келе жатқан бесік жыры арқылы төл өнеріміздің маңыздылығын, ұлттық құндылықтың ұлылығын, қазақилығымызды дамыта беру қажеттігін байқатты. Осылайша, өткен мен қазіргінің алтын көпірін жалғастырып, жақсысын үйренгенде ғана жаңа Қазақстанның жарқыраған бейнесін биіктен көретінімізге сенімдіміз.
Жұмабақыт Рахметова,ардагер ұстаз
Жарма ауданы.