Бесқарағайда қолға алынып жатқан іс көп
Өскемендегі облыстық ақпарат орталығында Бесқарағай ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Брифинг алдында Нұрлан Сыдықов ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қысқаша баяндап, жетістіктері мен проблемаларына тоқталып өтті.
– Бесқарағай ауданында 21 мың халық тұрады. Оның 70 пайызы – қазақ ұлтының өкілдері. Ауданда 10 округ, 24 мектеп, бір іргелі аурухана, барлық округтерде медициналық бекеттер бар. Аумағы 11 мың гектарды құрайды, оның 35 пайызы – орманды алқап. «Семей Орманы» резерватының 6 орман шаруашылығы біздің ауданда жұмыс істейді. Оларда бір мыңдай адам еңбек етеді. Орташа жалақылары – 45 мың теңге шамасында. Аудан бойынша орташа еңбекақы – 61 мың теңге, – деді аудан әкімі. Осыған орай, қазір аудан басшылығы Ауыл шаруашылығы министрлігіне орманшылардың жалақысын көтеру бойынша ұсыныспен шығып отыр.
Ауданда осы жылдың 9 айында 6,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Мұның 99 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарлары. Тек қалған 1 пайызы ғана өндіріске тиесілі.
Жыл басында ауданда дәрігерлер тапшылығы болған-тын. Қажетті 10 маманның бүгінде 8-і жұмысқа алыныпты. Олардың бәріне қызметтік пәтер мен көтермеақы берілген.
Аудан әкімі брифинг барысында «Жаңбыр» жобасы туралы және өзге де бірқатар ірі бастамалар жайында кеңінен мәлімет беріп өтті. Кеңес одағы кезінде Бесқарағай өңірінде суармалы жерлер мол болатын, аймақ басшысының мұрындық болуымен аталмыш алқаптарды қайта жандандыру қолға алынуда. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 805 миллион теңгені құрайды. Аудандағы «Арбиев» шаруа қожалығы 2 мың бас ірі қараға арнап бордақылау алаңын салып жатыр. 1990-1997 жылдары Бесқарағайдағы орманның 26 пайызы өртеніп кеткен болатын, қазір сол орманды қалпына келтіру бойынша ағаш көшеттерін өсіретін жылыжай салынуда. Тағы бір мәселе – ағаш өңдеу. Осы ретте, аудан «Ертіс» корпорациясымен бірлесе отырып, «Экоотын» кәсіпорнын құрған. Ол ағаш қалдықтарынан биоотындық брикеттер жасаумен шұғылданатын болады. Сонымен қатар, ауданда пластикалық құбырлар жасайтын зауыт та іске кіріспек.
Мейір Тоқабаев, «Рудный Алтай» газеті:
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтсақ, ет пен сүтті, көкөністерді қайта өңдеу бағытында ауыз толтырып айтатын жобалар бар ма?
– Расында да, бұл күрделі мәселе. Сүтті өңдеумен бізде «Қалиханұлы» және «Балке» шаруа қожалықтары айналысады. Бесқарағай Семейге жапсарлас орналасқан, аталған қала – біздің негізгі тұтынушымыз. Глухов ауылдық округі Семеймен шектеседі, сол жерде «Қалиханұлы» шаруа қожалығы орналасқан. Көкөніс бізде молынан өсіріледі, бірақ оны да қайта өңдеу жағы ақсап жатыр. Мен шаруа қожалықтарына бірлесіп, көкөніс пен жеміс-жидек өңдейтін зауыт салуды ұсынып отырмын. Ет те өңделмейді. Бірақ, бұл ретте «Арбиев» шаруа қожалығының жоспарлап отырған жобалары бар.
Надежда Михеева, «Қазақ-Астық» ақпараттық агенттігі:
– Ауданда күзгі жиын-терін жұмыстары қалай аяқталды? Агроөндірістік кешен мамандары ауданда жеткілікті ме?
– Біздегі топырақтың банитет балы – 20-25. Биыл жауынның көп болуынан астық ауданда жақсы шықты. Гектарынан орташа алғанда 13 центнерден өнім алдық. Жалпы, 53 мың гектарға егін егілген болатын. Оның 30 мыңы – бидай. Дәнді дақылдар негізінен Семейге жөнелтіледі. Тұқым қорына қатысты айтарлықтай мәселе жоқ.
Ауыл шаруашылығында маман тапшылығы бар. Кейбір қожалықтар маман дайындау бойынша Семейдегі жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Ал грант бөліп жатқан шаруашылықтар жоқ. Қазір, әсіресе, мал дәрігерлері жетіспейді. Мәселен, Беген ауылында сондай мәселе бар.
Әлия Сейітқұмарова, облыстық ақпараттық орталығы:
– Ауданда тарихы тереңде жатқан әйгілі Ақкөл мешіті бар. Осы мешіттің жағдайы мәз емес, оны қалпына келтіру жұмыстары атқарыла ма?
– Иә, бұл мешіт 1807 жылы салынған. Қазіргі жағдайы, әрине, сын көтермейді. Оны өзім барып көрдім. Апаттық жағдайда тұр. Ғимаратты Өскеменге алып келіп, саябақ ішіне орналастыру туралы пікірлер бар. Бірақ, дұрысы – сол жерде реставрациядан өткізу. Мен «Семей орманы» мекемесіне осы ғимаратты өз қарамағына алып, одан мұражай жасау туралы ұсыныс жасап отырмын. Ол жерде мешіт жасау мүмкін емес, себебі ол маңда бүгінде ешқандай елді мекен жоқ.
Рахат Алтай, «Алтай» газеті:
– Аудан әкімдігінің алдында бастауыш сынып оқушысының ермексаздан жасаған ойыншығы секілді тәуелсіздігімізді мазақ ететін бір ескерткіш тұр. Сол жерге болашақта бесқарағайлық ақын Нұрлыбек Баймұратұлының ескерткішін қойса деген тілегім бар. Солай жасауға бола ма?
– Ауданда тұғырлы тұлғаларға арналған бірде-бір ескерткіш жоқ екен. Жас жұбайлар неке қидырған соң, қайда барып гүл қоярын білмейді, себебі ондай орын жоқ. Осыған орай, біз жергілікті қоғамдық ұйым өкілдерімен, ақсақалдармен ескерткішті кімге, қайда қою бойынша ақылдасып жатырмыз. Абай атамыздың мүсініне смета жасалып қойды, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ержан Әбіш, «Дидар» газеті:
– Ауданда ауызсу мәселесі қалай шешілуде? Мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Ауданымыз, өкінішке қарай, тұрғындарының таза сумен қамтылу көрсеткіші бойынша облыста ең төмен орындардың бірінде тұр. Аудан орталығы – Бесқарағай ауылында су құбыры төрт жыл бойы салынып жатыр. Сол құрылыс келесі жылы толық аяқталып, ауылды толық сумен қамтимыз деп ойлаймыз. Өндіріс ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасымен алдағы жылы су құбыры тартылады. Сонымен қатар, Жетіжар және Қарабас ауылдарының су жүйесі құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуді көздеп отырмыз. Осы шараларды іске асыру арқылы біз аудан халқының ауызсумен қамтылу деңгейін 90 пайызға жеткізетін боламыз.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша аудан 246 миллион теңге алды, тек биыл ғана. Барлығы 160 жоба қолға алынған. Әрине, несиелердің көбі мал шаруашылығы саласындағы жобаларды қаржыландыруға бөлініп отыр. Сонымен қатар, жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін Жарма ауданында жасалған он шақты малшылар вагоны сатылып алынды. Алдағы уақытта тағы алмақпыз. Өзге де жобалар жоқ емес, мемлекеттік бағдарлама арқасында арзан несие алып, шағын наубайхана, шаштараз, машина жөндеу стансаларын ашып жатқан азаматтар баршылық ауданда.
Надежда Иванченко, облыстық ақпараттық орталығы:
– Аудандағы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтылу деңгейі жайында білейін деп едім.
– Аудан орталығында 90 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр, ол үшін қазынадан 55 миллион теңге бөлінген. Алайда, ол қаражат игеріліп, жетпей қалды. Мердігер компанияның басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досқожанов қазір өз қаржысына құрылысты жалғастыруда. Ғимараттың 80 пайызы салынып бітті. Алайда, бұл балабақша да проблеманы түбегейлі шешпейді. Бесқарағай ауылында бақша кезегінде 150 бала тұр. Сол себепті біз жекеменшік балабақша ашуды да жоспарлап отырмыз.
Андрей Кратенко, «Эксперсс К» газеті:
– Ағаш өңдеу бойынша жоба қазір қай кезеңде тұр? Аудан туристерге қандай қызықты демалыс орындарын ұсына алады?
– Ағашты қайта өңдеу бойынша бізде екі жоба бар, бірі – «Ертіс» корпорациясымен бірлесе құрылған «Экоотын» серіктестігі, қазіргі кезде оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, енді техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Екіншісі – Астана қаласындағы Еуразиялық ұлттық университетінің инновациялық паркімен бірлесе жасалған ағаштан биоотын өндіру жобасы. Оның шеңберінде инновациялқ парк өз қаражаты есебінен зауыт салып, осы отынның түріне аудандағы бір мектептің қазандығын тәжірибе ретінде жабдықтап шықпақ.
Сауықтыру кешендерімен танымал катонқарағайлық «Екі дос» фирмасына Старая Крепость ауылының маңынан 3 мың гектар жер бөлініп отыр. Олар онда үлкен спорттық-сауықтыру кешенін салмақшы. Бұл жобаны іске асыру үшін үшін аталмыш серіктестік 260 миллион теңге қөлемінде қаражат бөлуді көздеп отыр. Кешен демалушыларға келесі жылдың шілде айында өз есігін айқара ашпақ. Онда пантымен және сазбен емдеу орталықтарын, демалыс саябағын, хоккей қорапшасын, шаңғы базасын ашу жоспарға алынған. Осы маңда емдік қасиеті бар «Қасиетті бастау» деген атауға ие су көзі де бар. Бұл жоба ауданның әлеуетін арттырып, туристік саланың дамуына ықпалын тигізері сөзсіз. Одан соң, бізде реликтілі қарағай орманы бар. Бұл табиғат ғажабын көрем деушілер жылдан-жылға көбейіп келеді.
Әсел Қасымғожина, «Семей таңы» газеті:
– Ауданда инновациялық бағыттағы жобалар бар ма?
– Индустрияландыру картасына ауданнан пластикалық құбырлар шығару бойынша жоба ұсынылған-ды. Алайда, Үкімет бұл жобаны қабылдамады. Енді біз «Арбиев» шаруа қожалығының 2 мың басқа арналған бордақылау кешені мен «Экоотын» жобасын облыстық үйлестіру кеңесіне ұсынып отырмыз.
Ауданның даму көрсеткіштері
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша рейтингтік көрсеткіште Бесқарағай ауданы 13 орын алды.
2013 жылдың 9 айы ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 6 миллиард 346 миллион теңгені құрады. Осы кезең ішінде 3,6 тонна ет (өсуі – 2,5 пайыз), 38,3 мың тонна сүт (өсуі – 4,9 пайыз), 3,1 миллион дана жұмыртқа (өсуі – 2 пайыз) өндірілді.
Аудан бюджеті өзіндік кірістері бойынша 110 пайызға орындалып, негізгі түсім 260,3 миллион теңгені құрады. Асыра орындалуы – 23,6 миллион теңге.
Тіркелген жұмыссыздар саны 0,1 пайызға төмендетілді, ағымдағы жылдың 9 айы қорытындысы бойынша белсенді тұрғындар арасында жұмыссыздардың үлес салмағы 0,6 пайызды құрады. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында биыл қосымша 237 жұмыс орны құрылды.
Халықты ауызсумен қамту 37,9 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта Қоянбай су құбырының құрылысы аяқталуда. Келесі жылы аудан орталығындағы су жүйесінің құрылысы аяқталады.
Ержан Әбіш