Қоғам

Бесқарағайда былтыр қолға алынған барлық бағдарламалар орындалды

Бесқарағайда былтыр қолға алынған барлық бағдарламалар орындалды

Бесқарағай ауданы үшін өткен жыл айтарлықтай табысты болды. Іргелі істер атқарылып, ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Жаңадан нысандар ашылды. Жол жөнделіп, су тартылды. Ауылдар абаттанды, құрылыс қарқын алды. Дағдарысқа қарамасан кәсіпкерліктің де табысы ортайған жоқ. Қысқасы, көз тойып, көңіл толатын бірсыпыра жұмыс тындырылды. Өңірдегі өркенді істер туралы аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов бізбен сұхбат барысында айтып берді.

Тауарлы-сүт фермалары көбейып келеді

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсарып, қой жылының қорытындысы бойынша облыста төртінші орынға шықты. Мұны сіздің жұрт алдында берген есептік жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков айтты. Мұндай нәтижеге қалай қол жетіп отыр?
– Бұл жалғыз менің ғана емес, бүкіл аудан халқының еңбегі. Оның ішінде жүктелген тапсырма мен қойылған міндеттерді тиянақты орындаған аудандық бөлімдердің, жауапты орындардың қызметінің нәтижесі. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының, керек десеңіз қарапайым еңбек адамының тынымсыз жұмысының көрсеткіші. Сондықтан бұл жетістікте әрбір бесқарағайлықтың үлесі бар. Ал біздің міндет – осының бәрін ұтымды ұйымдастырып, басқару, қадағалаумен қатар қатаң талап қойып, тәртіпті сақтау. Ең бастысы, өзімнен бастап жергілікті жердегі атқарушы биліктің барлық өкілдері, жауапты орындардың басшылары, мамандары түгел халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Кабинетте отырып алып тапсырма бермей, ел ішін аралап, жағдайды көзбен көруге тырыстық.
– Өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстар туралы тарқатып айта кетсеңіз. Не істелді, не істелмеді?
– Былтыр барлық бюджет секторларында іске асыруға арналған бағдарламалар орындалды, нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты деңгейге жеткізілді. Бесқарағай аграрлық аудан болғандықтан, экономикадағы негізгі рөлге ауыл шаруашылығы ие. Бұл саладағы жалпы өнім көлемі былтыр шамамен 11 млрд. теңгені құрады. Мұндағы басым үлес мал шаруашылығына тиесілі – 74%. Мәселен, 2014 жылмен салыстырғанда ет пен сүт өндіру көлемі 101%-ға, жұмыртқа 100%-ға өсті. Шаруашылықтарға 214 млн. теңге мөлшерінде субсидия берілді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдау-көмекті сезінген қожалықтар кәсіптерін дамытып, бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары өнім өндіруге көшті. Ол үшін бұрынғы қарапайым шаруашылықтарын асыл тұқымды мал өсіруге бағыттай бастады. Мысалы, былтыр ауданның мал өсірушілері 282 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Жалпы мұндай шаруашылықтар саны қырыққа жетеді, олардың қолында қазір 3,5 мың сиыр және 211 бас қазақтың тұқымы асыл ақбас бұқасы бар.
«Сыбаға» бағдарламасымен жалпы сомасы 30 млн. теңгеге 162 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. Осының бәрін қоса есептегенде, өткен жылы аудандағы ірі қара және ұсақ малдың өсу қарқыны 100 пайыз, ал жылқы түлігінікі 112 пайызды құрады.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірімізде тауарлы-сүт фермаларын көптеп ашу қолға алынды. Бұл орайда ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазір ауданда төрт тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр, оның ішінде үшеуі облыстық қайта құру және жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Атап айтсақ, 500 басқа арналған «Балке», 350 басқа арналған «Қалиқанұлы», 100 басқа арналған «Бекарыс» шаруа қожалықтарының тауарлы-сүт фермалары бар. Алдағы екі-үш жылда мұндай фермалардың санын бесеуге жеткізу жоспарда бар.
Жалпы бұл жұмыстар маған өте таныс. Өйткені, менің ең алғашқы еңбек жолым Бесқарағай ауданының сүт бағытындағы фермасында басталған. Институтты бітіргеннен кейін Канонерка совхозында тағы да сүт бағытында жұмыс істедім. Сондықтан осы саланың нағыз маманы ретінде облыс басшысының тауарлы-сүт фермаларын құру жөніндегі тапсырмасын өте қолдаймын және оны іске асыруда бар жинаған тәжірибемді кәдеге жаратамын.
– Мал өсіру үшін жемшөп базасы қажет. Ал жемшөптің мол қорына өсімдік шаруашылығын өркендетпей қол жеткізу мүмкін емес. Олай болса өсімдік шаруашылығының жағдайы қалай ауданда?
– Дұрыс айтасыз, мал және өсімдік шаруашылықтарын қанаттастыра дамыту туралы облыс басшысының тапсырмасы бар. Бүгінде қожалықтарымыз қос шаруашылықты қатар алып жүруге дағдылана бастады. Қазір ауданда 43 мың га егістік алқап бар, оның ішінде дәнді дақылдар 17 100 га, майлы дақылдар 2 840 га, көкөністер мен бақша өнімдері 98 га, картоп 800 га. Өсімдік шаруашылығы бойынша 54 қожалық жалпы сомасы 100 млн. теңгеге жуық субсидия алды. Жоғары өнім алу мақсатында ылғалды сақтау, тамшылатып суару сияқты озық технологиялар қолданылуда.
Биылғы жоспарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 104 пайызға дейін ұлғайту, сүт және ет бағытындағы ірі қара малдардың санын өсіру, тауарлы-сүт фермаларын, қабылдау бекеттерін көбейту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін ашу және басқа да жұмыстар көзделген.

Қарағайлы орманды қалпына келтірмек

– Аймағымызда орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытудың кешенді шаралары қолға алынған. Ал Бесқарағай жасыл желекке бай өлке екенін бәрі біледі. Қолда бар табиғат байлығын қалай игеріп жатырсыздар?
– Иә, аудан аумағының 30 пайызын еліміздің өзге өңірлерінде кездесе бермейтін қарағайлы орман алқабы алып жатыр. Ауданда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты мекемесі орналасқан. Жыл сайын қылқан жапырақты орман алқабының көлемін ұлғайту жұмыстары нәтижелі жүргізіліп келеді. Қара-Мырза ауылында Дүниежүзілік банктің қаражатына «Орман тұқымбағы мен орман тұқымы станциясы кешені» деп аталатын жоба аяқталды. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд. теңгені құрайды. Кешен жұмысының негізгі мақсаты өртенген қарағайлы алқапты қалпына келтіру мерзімін мейілінше қысқарту. Яғни, азғана уақыттың ішінде өртенген жерлерге жас көшеттерді отырғызу және өсіру.
– «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын» іске асыру барысына тоқтала кетсеңіз.
– Былтыр осы бағдарламаның көмегімен жалпы құны 733 млн. теңге болатын төрт нысанның құрылысы аяқталды. Олар: Өндіріс ауылындағы су құбыры мен тоған, Башкөл және Мостик ауылдарындағы 80 орындық мектеп, аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені. Қазір аталған нысандар құрылысы толығымен аяқталып, елдің игілігіне жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа да бірсыпыра жұмыстар тындырылды. Мәселен, былтыр ауданда 2178 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй қолданысқа өтіп, жоспар 102 пайызға орындалды. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд. теңгені құрады.
Бесқарағай, Бозтал, Башкөл, Беген, Үлкен Владимировка, Қарағайлы, Канонерка, Кривинка ауылдарында сумен қамту және су тарату жүйесінің жұмыс істеуіне шамамен 19 млн. теңге бөлінді. Бүгінде орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне аудан халқының 62 пайызы қол жеткізді.
Мұның сыртында елді мекендерді абаттандыру, гүлдендіру, санитарлық тазалықты сақтау, саябақтар мен демалыс орындарын ұйымдастыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ауданның елді мекендерін абаттандыруға 28 млн. теңге, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 3 млн. теңге қаражат жұмсалды. Бесқарағай ауылында жалпы құны 14 млн. теңге қаражатқа орталық алаң абаттандырылып, тамаша субұрқақ іске қосылды.
Бұған қоса көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу деген сияқты көптеген жұмыстар атқарылды. Олардың бәрін тізіп жатудың қажеті жоқ шығар. Ең бастысы, бұл жұмыстар биыл да өзінің жалғасын табады. Әсіресе, халықты тұрғын үймен қамтуда үлкен жоспарларымыз бар. Бұл ретте Еуропалық қайта құру және даму банкімен, «Азия» несиелік ұйымымен, Самрұқ-Қазына» және басқа да институттармен инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.
– Аудандағы инвестициялық ахуал қандай?
– Мемлекеттік және салалалық бағдарламалар аясында ағымдағы жылы бірқатар инвестжобалар іске асырылады. Еске сала кетейін, былтыр күзде Өскеменде өткен «Алтай агроинвест-2015» халықаралық форумында Қытай елінің «LongXin» сауда компаниясымен 5 млрд. 400 млн. теңгенің меморандумы жасалды. Бұл біздегі ең ірі инвестициялық жоба. Қытайлық инвесторлар аудан әкімдігімен бірлесіп майлы дақылдар өңдейтін бес шағын зауыт салмақшы. Аталған кәсіпорын ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге жалпы ауданы 14 754 га болатын төрт бірдей жер телімін жалға беру бойынша өткен конкурста жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, қытайлықтар өсімдік шаруашылығымен және мал өсірумен айналысуға ниетті. Мұның бәрі бірлескен кәсіпорын, шаруашылық түрінде жұмыс істейді. Бұл жобаның арқасында суармалы алқаптардың көлемі ұлғаяды, ауыл шаруашылығы өнімдерін молынан өндіруге, өңдеуге және оны ауданның елді мекендеріне, Семейге өткізуге мүмкіндік туады. Жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылады. Бюджетке қосымша салық түседі дегендей.
Инвестициялық тағы бір жоба – «Жаңбыр» агроөнеркәсіптік алаңы, гидромелиоративтік кешенінің құрылысы. Оның құны шамамен 3,6 млрд. теңге тұрады. Жоба жүзеге асқанда ауыл шаруашылығы өнімдері мен суармалы телімдердің көлемі артады, шаруа қожалықтарының жемшөп базасы толығады, аудан-қала тұрғындары сапалы өз өнімдерімізбен, оның ішінде көкөніспен қамтамасыз етіледі.

«Екі дос» жыл он екі ай жұмыс істейді

– Өзіне тән ерекше табиғаты бар Бесқарағай өңірі туризм саласында несімен мақтана алады?
– Глуховка ауылдық округінің Көне қорған елді мекенінде «Екі дос» деп аталатын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл шипажайдың инфрақұрылымында 300 орындық мейрамхана, саябақ, пантымен, балшықпен емдеу, сауықтыру орындары, 80 орындық қонақүй, футбол, волейбол алаңдары, хоккей корты, шаңғы жолы, атпен қыдыру және басқа да қызмет түрлері болады. Жобаның құны 325 млн. теңге, оның ішінде кәсіпкердің меншік ақшасы 145 млн. теңге, қалғаны несие қаражаты. Бұл спорттық-сауықтыру базасы іске қосылған кезде агроөнеркәсіп кешенінің барлық қызметкерлеріне және ауданның тұрғындарына жыл он екі ай қызмет көрсететін болады.
Сондай-ақ, Шошқалы көлінде бүгінгі заманның барлық талаптарына сай демалыс орындарын құру болашақ жоспарда бар. Қазірдің өзінде жаз маусымында бұл көлге келушілер қатары көп. Көршілес Ресейден, Павлодар облысынан, Астанадан келіп демалады. Суға шомылып, шипалы батпағын пайдаланады.
Жалпы, ауданның туристік әлеуетін толық пайдалануымыз керек қой. Бесқарағайдың қарағайлы орманы, сап ауасы, шипалы суы мен топырағы қандай! Оның үстіне күре жолдың үстінде орналасуы, Ресеймен шектесіп жатуы туристерді тартуға үлкен мүмкіндік. Біз осы мүміндікті пайдамызға жарататын боламыз.
– Халықты жұмыспен, бюджетті кіріспен қамтып отырған кәсіпкерлер өткен жылды қалай аяқтады?
– Иә, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөлге ие саланың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Қазір тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бізде 1386-ны құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 110 пайыз болды. Өткен жылы төрт бірдей жаңа кәсіпорын ашылып, ШОБ дамуын қолдау мақсатында төрт шағын несие ұйымы құрылды. Кәсіпкерлер палатасының бөлімі жұмыс істеп тұр.
Бөлшек сауда айналымының көлемі 2015 жылы 4 млрд. 180 млн. теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция алдыңғы жылмен салыстырғанда бес есеге өсіп, 8 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі – 107 пайыз. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы ағаш өңдеу және дайындау бойынша 8 млн. теңгенің жобалары орындалуда…
– Сандарға сүйенсек, көрсеткіштер көңіл көншітерлік екен. Ал енді әлеуметтік мәселелердің шешілуі қалай?
– Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде бірсыпыра жобалар қаржылық қолдауға ие болды. Елуден астам адам арнайы курста оқып, жұмысқа орналасты. Жұмыспен қамту орындары арқылы 485 адам (83%) еңбекке тартылды. Аталған бағдарлама аясында мемлекеттік қолдау 349 адамға көрсетілді. Жұмыс берушілермен әлеуметтік жұмыс орындарын құру және жастар іс-тәжірибесін өткізу мақсатында 30 келісімшарт жасалды. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сүру деңгейін арттыру, қолдау көрсету бағытында да ауыз толтырып айтар дүниелеріміз бар.
Білім саласына келсем, үш және алты жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайыз болса, бір жастан алтыға дейінгілерде бұл 76 пайыз. Нақты мысал келтірсем, былтырғы бір жыл ішінде Өндіріс ауылындағы орта мектеп жанынан шағын орталық ашылып, Беген және Глуховка ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында екі балабақша қатарға қосылды.
Аудан бойынша мектеп оқушыларының ҰБТ жинаған орташа балы – 75. Бұл 2014 жылғыдан 2,7 балға жоғары. «Алтын белгіге» үміткер алты түлектің үшеуі өздерінің білімдерін дәлелдей білді, үшеуі үздік аттестатқа ие болды. Оқушыларымыз облыстық, аудандық олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Денсаулық сақтау саласында 2014 жылдан бері қарай кадр тапшылығы толық жойылды. Былтыр «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен төрт жас маманды қабылдадық. Кейінгі алты жылда ауданда ана өлімі мүлдем тіркелген жоқ. Жаңа туылған нәресте өлімі бір жылда 25 пайызға, туберкулезбен ауыратындар саны 20 пайызға төмендеді.

Қиындықты бірлесіп еңсереміз

– Президент айтқандай, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жыл санап өсуі, әр саладағы қол жеткізген жетістіктер мен толағай табыстар, әлемдік өркениетке жол ашқан мүмкіндіктер, бәрі, бәрі ең бірінші кезекте елдегі ішкі тұрақтылықтың, татулықтың жемісі екені сөзсіз. Бұл тұрғыда Бесқарағай өңірінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Әлемнің алпауыт елдерінің өзін тығырыққа тіреп, экономикасын құлдыратқан дағдарыс салқыны бізді де айналып өтпек емес. Оның үстіне ақпарат құралдарынан көріп, біліп отырғандай, дүниенің әр түкпірінде қарулы қақтығыстар белең алуда. Осындай қиын-қыстау кезеңде ішкі тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық, дінаралық келісімді, береке-бірлікті нығайту біздің басты мақсатымыз. «Қалауын тапса, қар да жанады» демекші, жолын тапсаңыз дағдарыстың өзінен табысты шығуға болады. Ондай мысалдар жеткілікті. Сондықтан бірінші кезекте мықты идеологияға мән береміз. Адамдарды еңбек етуге, кәсіп ашуға ынталандыру, кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдау-көмегін ұсыну – әрбір мемлекеттік қызметкердің борышы. Тым құрығанда халықтың ішіне барып, тұрмысын көзбен көріп, бір ауыз жылы сөз айту да адамның көңілін көтеріп, рухтандырып тастайды. «Жақсы сөз жан семіртеді» дейді ғой қазақ. Қиын шақта бір-бірімізге жылы қабақ танытып, бірлігімізді бекемдей түссек, ауыртпалықты жұмыла көтерсек, қандай дағдарыс болса да сүрінбей өтеміз. Адамдардың ұнжырғасын түсірмей, жігерлендіру мақсатында әртүрлі мерекелік шаралар, мәдени кештер жиі өткізілуде. Өткен жылы бірқатар мерейтойлар аталды. Оған аудан өнерпаздары, Достық үйінің ұжымы, қоғамдық ұйымдар, дін өкілдері мен этномәдени бірлестіктер белсенді атсалысты. Бүгінгі таңда ауданда 28 ұлттың өкілі тату-тәтті тұрмыс кешуде. Достық үйінде жеті этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұлардың барлығы да ортақ мүдде төңірегінде топтасып әрекет етуде.
Айтпақшы, «Туған жерге – тағзым» акциясы арқылы жалпы сомасы 46 млн. теңгенің 44 жобасы іске асырылды. Еліміздің әр өңірінде, шетелде жүрген бесқарағайлықтар туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне, көркеюіне өз үлестерін қосуға әрқашан дайын.
– Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтеді. Айтулы датаға орай ауданда қандай жұмыстар атқарылмақ, қандай мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізіледі?
– Биыл ауданда ұйымдастырылатын барлық іс-шаралар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады. Аса маңызды қоғамдық – саяси, көпшілік – мәдени іс-шаралар, оның ішінде аудандағы шығармашыл зиялы қауыммен, суретшілер, қолөнершілер, жазушылар, ақындар, әншілермен кездесулер өткізіледі. «Елім менің» атты аудандық патриоттық әндер байқауы, «Достық керуені», ауылдық округтердің күні сияқты шаралар да осы атаулы меркенің аясында өткізіледі. «Тәуелсіздік шежіресі», «Жырлаймын Отанымды», «Бірлігімен танылған ел» фестивалі және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарда бар.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button