Бес жылда бағындырған белес көп
Өскемендегі мыс зауыты өзінің алғашқы мерейтойын атап өтті. Осыдан бес жыл бұрын «Қазцинк» ЖШС қанатының астында іске қосылған зауыт бұл күнде алпауыт компанияның маңызды бөлшегіне айналған. Сарапшылар «Қазцинктің» әлемдегі ең ірі металлургиялық кешендер үштігіне кіруінің өзін осы мыс зауытының жемісті жұмыс істеп кетуімен байланыстырады.
Биылғы 26 – шілде күні зауыт өзінің бес миллионыншы катодты мыс табағын шығарды. Металлургия саласының әлем бойынша ең озық деген технологияларына негізделіп салынған бұл өндіріс ошағына «Жаңа металлургия» деп ат қойылған. Атына заты сай зауыттың іске қосылуына жалпы есеппен бір млрд. доллар төңірегінде қаржы жұмсалды. Зауытты жобалау жұмыстарына ғана Ресей мен Қазақстанның білікті мамандарынан бөлек, 14 елдің білгірлері атсалысқан. Сол жобаны құжатқа қаттап, бекіту үшін әлемнің 48 компаниясынан 1000-нан астам инженер тартылды. Олардың 25-і еуропалық көшбасшы компаниялар-тұғын.
Осыншама қажыр-қайрат жұмсалып жасалған жобаны жүзеге асыру жұмысына Қазақстанның барлық өңірлері бір кісідей жұмыла кірісті. Құрылысқа қажет металл құрандылары еліміздің 15 зауытында дайындалды. Ара-тұра ресейлік зауыттар да тапсырыс қабылдап жатты. Ал өндірістік қондырғылар мен технологиялық желілер Еуропаның 30 компаниясынан, Жапония, Канада, Аустралия, Түркия сынды технологиясы дамыған елдердің 15 зауытынан әкелінді. Бір сөзбен айтқанда, зауыт құрылысына сол кездегі өз саласының үздіктері ғана атсалысты. Бұл шығын көп кешікпей өзін ақтады да.
«Үлбі» орталық мәдениет үйінде өткен мерейтойлық шарада «Қазцинк» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Попович құттықтау сөз алып, бес жыл бұрынғы бүкіл ұжым болып бастан өткен қиындықтарды еске алды.
– Мыс зауытын салудағы жетістіктерді бір сөзбен «оптимизмнің ақылды» жеңуі деп атар едім. Құрылыс барысындағы көлденең кедергілер бізді шыңдады, жаңа дүниелер үйренуге мәжбүрледі. Біздің мыс зауытын әлемдік ауқыммен қарасақ, аса бір үлкен өндіріс нысаны деуге де келмес. Бірақ оның ерекшелігі, кез келген концентраттан мыс, қорғасын, алтын, күміс, мырыш сияқты 23 түрлі өнім айыра алады. Жоғары технологиялардың арқасында металлургияда ең қиын саналатын, әлемнің ешбір зауытының жүрегі дауаламайтын қоспаларды өңдейміз, – дейді Н.Попович.
Технологиясының күрделілігімен, мыс пен қорғасын-мырыш сынды бір-біріне қайнаса сорпасы қосылмайтын өндірістерді бір кешенге біріктіруімен бұл зауыт әлемдік металлургия тарихында ерекше орын алып отыр. Осының арқасында «Жаңа металлургия» зауыты өз теңдес кәсіпорындар арасында үздік үштікке кіре білді. Никола Попович бұл жетістікке зауыттың әрбір қызметкері үлес қосқанын айрықша атады.
– Осындай берекелі ұжым барда біз кез келген қиындықты кедергі ретінде емес, сынақ деп қабылдаймыз. Бес жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әуел баста көздеген мақсаттың барлығы орындалды. Мерейтойымыз бұдан да үлкен атаулы күндерге ұлассын, – деді Н.Попович.
Құттықтаулардан кейін кезек үздік қызметкерлерді марапаттау салтанатына тиді. Майталман металлургтерге марапат ұсынған «Қазцинк» ЖШС-нің атқарушы директоры Тұрарбек Азекенов бесжылдықты жоғары жетістіктермен қорытындылауға «Қазцинктің» әрбір қызметкері өлшеусіз үлес қосқанын атады.
– Зауытты бүгінгі деңгейге шығару үшін тек мыс өндірісінің жұмысшылары ғана емес, барлық құрылым қызметкерлері күш салғанын білесіздер. Алдымызда біз бағындыруға тиісті одан да үлкен белестер тұр. Біз өндірген өнім әлемнің барлық бұрышында сұранысқа ие болуына қол жеткізуіміз қажет, – деді ол.
Бүгінде «Жаңа металлургия» мыс зауытын «Қазцинк» ЖШС-нің металлургиялық кешенінен бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені, ол кешендегі барлық өндірістік процестердің соңғы нүктесін қоюшы кәсіпорын. Марапатқа ие болған әріптестерін төбесіне көтере қолпаштаған ұжымдарды көріп, бар болғаны бес жылдық тарихы бар кәсіпорынның ынтымағына тәнті болдық.
Бес жыл ішінде бес миллионыншы катодты мыс табағын шығарып үлгерген зауыт алдағы уақытта қарқынын үдете түспек.
– Ендігі меже – 10 миллионыншы катодты мыс табағын шығару. Бұл межеге 10 жылдық мерейтойдан бұрын жетеміз, – дейді «Жаңа металлургияның» бірлігі жарасқан ұжымы.
Есімжан Нақтыбайұлы