Бес жылда 97 дәрігер басапаналы болды

Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Беделмановтың қызмет өтілі 30 жыл. Ол Ұлан ауданының Тарғын ауылындағы орта мектепті бітірген соң, азаматтық борышын өтеуге аттанады. 21 жасында Семейдегі медицина академиясының студенті атанып, үш бірдей, хирург, травматолог, ревматолог мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Риддердегі қалалық ауруханада бастап, содан кейін Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасында бірер жыл қызмет етеді.
Бұдан жеті жыл бұрын білімді де білікті дәрігерді Глубокое аудандық ауруханасына бас дәрігерлікке тағайындайды. Ауданда 63 мыңнан астам тұрғын бар. Ол ең әуелі кеншілер мен шахтерлер, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мекендеп жатқан ауылдар мен кенттерді аралап шығады. Дәрігерлік қызмет көрсететін мекемелерде заманауи жабдықтар жоққа тән екен. Ал аудан орталығындағы орталық аурухана құлауға жақын. Бас дәрігер жаңадан аурухана салу жөніндегі ойын жүзеге асырды. Ақыры 2014 жылы аурухана пайдалануға берілді.
-Елбасының жақында ғана жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында халықтың әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту, адам денсаулығына көңіл бөлу жайлы айтылған. Біз бұл мақсатта ізденіс танытудамыз. Қазіргі таңда ауданда 14 дәрігерлік амбулатория, сегіз фельдшерлік, төрт дәрігерлік пункттер халыққа қызмет етуде. Бұл салада 670 адам қызмет етеді. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы бойынша соңғы бес жылда ғана жоғары және орта арнаулы білім ордаларын бітіріп келген жас мамандарға 97 пәтер берілді. Бізге негізінен Алматы, Қарағанды және Семей медицина институттарын бітірген жас мамандар, Семей мен Өскемендегі медколледждерді бітіргендер келеді. Олардың барлығы қызметке орналасты, тұрғын үй мәселелері шешілді. Соңғы жылдары «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қоры арқылы 47 сапалы дәрігерлік жабдықтар, УЗИ аппараттары, жансақтау бөліміне жаңа аппараттар, бес ЭКГ, басқа да қондырғылар сатып алынды,-дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Қайрат Беделманов.
Соңғы бірер жылда ғана ауданда алты емдеу орталықтары салыныпты. Атап айтқанда, кеншілер кенті-Белоусовкада, Черемшанка, Ушанов, Секисовка ауылдарындағы дәрігерлік-емдеу амбулаториялары тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Елді мекендерге аудан әкімі Қалихан Байғонысов бас дәрігермен бірге барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Ауыл тұрғындары өздерінің мұң-мұқтаждарын, өтініштерін айтады. Мәселен, Бобровка ауылында болған кездесуде тұрғындар кей мамандық иелерінің болмауынан аудан орталығына немесе облысқа баратындарын айтты. Соңынан бұл мәселе шешілді.
Аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде қазір 52 дәрігер мен қызметкерлер еңбек етеді. Бөлімше қажетті техника, жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілген. Сырқат жандар аудан орталығына немесе таяқ тастам жердегі Өскеменге жеткізіледі. Дәрігерлер телефонмен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бас дәрігер Қайрат Рамазанұлының айтуынша, соңғы бірер жылда ғана 78 дәрігер, 213 медбике, басқа мамандық иелері Мәскеу, Киев, Астана, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларында біліктілігін арттырған.
-Бізде қызмет ететін дәрігерлер науқастарға сапалы қызмет етуді басты міндеті санайды,-дейді бас дәрігер. -Жоғары санатты дәрігер хирургия бөлімінің басшысы Біржан Теміршінов, дәрігерлер Орал Сәрсенбаев, Л.Светочева, Ш.Рысбаев, Ю.Лебедева, К.Шакиртова, тағы басқалардың қызметіне аудан тұрғындары дән разы.
Оңдасын Елубай
Глубокое ауданы.