Қоғам

Бес жылға созылған құрылысты Ахметов аяқтап берді

Бес жылға созылған құрылысты Ахметов аяқтап берді


Күршім өңірінің ең шеткері жатқан бір мекені -Үшбұлақта бес жыл бойы жүріп, тым ұзаққа созылып кеткен мектеп құрылысын ақырында осы ауылдың тумасы, Өскемендегі «АКВА-строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ж.Ахметов қолға алып, уәделі уақытта аяқтап шыққан-ды. Осы күні бір кезде беделі мен берекесі бек жарасып, кейінірек елі көшіп, түтіні сиреп қалған ауылға көрік беріп тұрған екі қабатты ақшаңқан ғимараттың ашылу мерекесіне күллі үшбұлақтықтар, аудан, облыс басшылығы, басқа да құрметті қонақтар ортақтасып, бір кісідей бас қосқан болатын.

Алғашқы сөз осы қуанышқа арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа берілді. Нұрымбет Аманұлы жалпы облыс көлеміндегі оң қадамдар мен соңғы кездерде орын алып жатқан игілікті істерге кеңінен тоқтала келіп, Үшбұлақ орта мектебінің сондай айтулы жақсылықтардың бірі екендігін атап айтып өтті. Ауыл тұрғындарын көптеген соны ақпараттардан құлағдар ете келе, құрметті қонақ жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мәртебелі мерекесімен құттықтады.

Бұдан соң аудан әкімі С.Шоқаев сөз алып, өзінің шын жүректен шыққан құттықтауын ортаға салды. Сейсенғазы Жұмағалиұлы аудан ауқымындағы келелі игіліктерді, халыққа жасалып жатқан бірқатар жақсылықтарды тізбелей келе, осы қадамдарға ауыл тұрғындарының, ұстаздар мен оқушылардың елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Осыдан кейін ауылдағы еңбек ардагері, Үшбұлақтың байырғы тұрғыны Мұхтархан Ақпышев қария, патронаттық тәрбиедегі жасөспірім қыз Томирис Гольцева өз ықыластарын білдірді. Әсіресе жас қыздың ақтарыла айтқан жүрек сыры тыңдаған жұртты шынымен тебірентті.

– Мен балалар үйінің тәрбиеленушісімін, – деді ол. – Ұлтым – орыс. Бірақ мен осы ауылдан ата-ана, мейірбан да қамқор ұстаздар таптым. Қадірлес, сыйлас достарымды кездестірдім. Солардың баршасына айтар алғысым шексіз. Мектепті тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түссем, ұстаздық мамандықты игерсем деген арманым бар. Содан соң осында қайта оралып, мына жаңадан ашылған жаңа мектепте ұстаздық етсем деймін.

Осыдан соң салтанатты мерекеге әдейі келген Теректібұлақ, Бурабай, Қойтас, Қыстаукүршім, Маралды мектептерінің директорлары құттықтау сөздерін айтып, сый-сияпаттарын ұсынды.

Ауылдастарын мереке қарсаңындағы қуанышпен құттықтап, тілек айтқан құрылыс жетекшісі Ж.Ахметов сөзін аяқтай келе, мектеп директоры Е.Хаминге жаңа ғимараттың кілтін табыс етті.

Ал өз кезектерінде ауыл тұрғындары Жандос Ермекұлына шынайы ризалықтарын білдіріп, ата салтымен астына ат мінгізіп, иығына оқалы шапан жапты. Сонымен бірге оны аудан әкімі С.Шоқаев құттықтап, өзінің Алғыс хатын табыс етті.

Жаңа ғимараттың лентасын қию құрметіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Сақтағанов, тыл ардагері М.Ақпышев, көпбалалы ана, ардагер ұстаз Б.Құсайынова, Маралды ауылдық округі бойынша сайланған аудандық мәслихаттың депутаты, Бурабай ауылындағы «Алгүл» шаруа қожалығының жетекшісі Ә.Бақтияров, Үшбұлақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Д.Тұзған ие болып, олар жұрттың ду қол шапалағымен өз міндеттерін орындап шықты.

Көпшілік ішке кіріп, ондағы бөлмелерді аралап, тамашалап болған соң, мектептің акт залында ұстаздар мен оқушылардың күшімен даярланған концерт көрсетілді.

Салтанат соңы үшбұлақтықтардың бірлесе отырып жайған мол дастарқанының басындағы көңілді сұхбатқа ұласты. Ауыл клубында өткен бұл басқосуды аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнмен әдіптеп, тәтті күймен тербетіп отырды.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button