Бес жасар баланы тасып жатқан өзеннен алып шықты
Катонқарағай ауданы, Солоновка ауылының тұрғыны Анна Сагель тасып жатқан өзенге түсіп кеткен 5 жасар баланы құтқарып қалды.
Ауыл іргесімен ағатын моп-момақан шағын өзен көктем туа алдынан кездескеннің бәрін ағызып әкететін буырқанған тасқынға айналады. Бар-жоғы бес жастағы Айдын атты бүлдіршін өзен жағасында ойнап жүріп оқыс жағдайға тап болған. Жағалаудағы еріп үлгермеген қар кесектерін аяғымен басып ойнап жүрген ол опырылып түскен мұзбен бірге өзен ағысына күмп ете түседі. Баланың бақытына орай дәл осы сәтте өзеннен су алуға ауыл тұрғыны келе жатады. Көрші үйдің баласын тасыған өзеннің ағысы әкетіп бара жатқанын көрген Анна Сагель ойланбастан суға секіреді. Лай-батпақ араласқан көктемгі тасқынға қарамай жанұшыра балаға ұмтылған ержүрек әйел жанталасып жүріп баланы жағаға алып шыққан. Бүлдіршіннің өмірін сақтап қалған Анна Сагель жергілікті пошта бөлімшесінде еңбек етеді. Айта кетуіміз керек, ол – ауылдағы беделді адамдардың бірі. Бұл оқиғадан кейін ауыл тұрғындарының батыр әйелге деген құрметі тіптен арта түсті.
Қазір өзен-сулар арнасынан асып-тасып жатқан уақытта кез келген ата-ананың балаларына сақ болғаны ләзім. Бұл оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласпағаны қуантады. Сондықтан ересектер аталмыш жағдайдан сабақ алып, өзен жағасында ойнап жүрген бүлдіршіндерге деген бақылауды күшейте түскендері дұрыс.
Дарын Нұрсапаров