Қоғам

Бес уақыт намазының арқасында аман қалған

Бес уақыт намазының арқасында аман қалған

Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан кешіп, Жеңіс туының желбіреуіне үлес қосып, елге оралған және бейбіт өмірде мал шаруашылығының дамуы мен өрлеуі жолында аянбай еңбек еткен қадірлі атам Мажен Шілдебаев пен тылдағы қажырлы еңбегімен ел құрметіне бөленген аяулы апам Алтынсары Әмірқызы келіні туралы білетінімді жазу перзенттік борышым деп есептедім.
Менің атам Мажен Шілдебаев Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың күзінде Ақсуат ауданы, Көктүбек ауылына қарасты Жаңа тілек колхозынан аттаныпты. Жалғыз ұлының дүниеге келгенін ғана көріп, яғни, менің әкем Нұрханның былдырлап шыққан тілін, қаз басқан қадамын көрместен, сол кеткеннен 1947 жылы ғана оралыпты.
Атам майдан жайында әңгімелегенінде: – Соғыс кезінде сарбаздарды окоптан шығармай, бірнеше күн жаудың жақындағанын тостыратын. Сондай кездерде орыстар темекісінің түтінін шығармай тартып, біресе ұйықтап, жиылып ап әңгіме-дүкен құратын. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып, бес уақыт намазымды, қаза болғаны бар, алдағы күнгі намазымды да оқып алатынмын. Содан, бір күні жау барлаушылары бізді сезіп қалса керек, тұтқиылдан бомбалап ала жөнелді. Барлығы да жараланды. Ең ауыр жараланған мен болдым. Орыстар «Сенің намазыңның пайдасы» деп мені келемеждей бастады. Мені госпитальға әкеткенде майдандастарымның барлығын қырып кетіпті, – деп жылап алатын. Сосын: – Менің тірі қалғаным – шынымен бес уақыт намазымның арқасы ма екен? – деп, көпке дейін мұңайып, қыршын кеткен қанды көйлек майдандастарын есіне алып, ұзақ уақыт үнсіз отырып қалушы еді, қайран атам.
Айтуынша, 1943 жылы жау қолында тұтқынға түсіп, көрмеген бейнеттің түр-түрін көреді. Жау қолында болғандығы үшін күдіктілер санатына ілініп, талайға дейін ақталмай жүріпті.
– Соңынан қайдан шыққанын кім білсін бізді ақтап, наградаларын беріп, соғыс аяқталған соң екі жылдан кейін ғана босатты ғой бұлар. Негізі, орыстардың адалы да, арамы да бар деп отырушы еді жарықтық.
Апам Алтынсары Әмірқызы жалғыз өзі соғыс уақытында бір табын мал бағып, қаршадай екі баласын аш-жалаңаш қалдырмай қажырлы еңбек еткенін білемін. «Егінді де егіп, соқамен де жер жыртып, өгіз арба айдап, орақпен егін орғанда тірі жанға жеткізбейтін пысық еді, сенің апаң» – дегенді талай рет қатарластарынан естуші едім.
Иә, осыдан тура 70 жыл бұрын атам соғыста, апам тылда, ал әкем болса майданға кеткен әкесін бір көруге зар болып жүріп қарсы алған – Жеңіс күні ғой бұл.
Атамның мені ерекше жақсы көргенін, еркелетіп төбесіне көтергенін, айтқанымды орындағанын қалайша ұмытайын. Болашағымнан үлкен үміт күтетін. Мен жоғары қызмет істеп, байлық пен мансап қумасам да, қарапайым мамандық иесі бола жүріп атам салған сара жолды таңдап, адалдықтың ақ туын жоғары ұстап келгенімді мақтан тұтамын. Ол кісі өмірден өткенше бес уақыт намазын тастамаған еді.
Бүгінде мені жетелеп мектепке апарған, орыс тілін бір кісідей біл балам, ана тіліңді құрметте деген атам да, кісінің ала жібін аттама деп өсиет айтқан апам да, «Ешқашан өтірік айтпа, қолыңнан келсе қамқорлық пен мейірімділікті ұмытпағайсың» деген әкем де жоқ бұл өмірде. Осы бір қамқоршыларымның өсиетін мен де, немере-шөберелеріңе қолымнан келгенше айтып, үйретіп, уағыздап отырармын.
Өмір жалғасы деген осы шығар.
Мариға Маженова
Танамырза ауылы,
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button