Бес сағаттық шараның берері мол

Бас-аяғы бес сағатқа созылған шараның жеткіншектерге берері мол екен. Біз Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Абай әлемі – Әуезов қаламында» атты кітап фестивалі жайында айтып отырмыз. Балалар және жасөспірімдер кітаптары апталығының аясындағы шара Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орайластырылған.
Мектеп оқушыларынан жиналған кітапқұмар топ ең әуелі кітапхана ішімен толық танысты. Әр бөлімнің тыныс-тіршілігіне жіті назар қойып, қызметкерлермен аз-кем сұхбат құрды. Мұнан әрі олар әдебиеттің қос алыбы – Абай мен Мұхтар еңбектеріне шолу жасап шығуға мүмкіндік алған еді. Өзара әңгіме-дүкен құрып, кітап туралы ой-пікірлерін ортаға салып, шүйіркелесіп қалған жасөспірімдер «Кітап әлеміндегі қазына» атты мерейтойлық балалар көрмесіне куә болды. Осы сәтте «Жаңа кітаптар отшашуы» әдеби-таныстырылымы да кезек күттірмеді. Кітапхана сөрелеріне енді келіп түскен «білім бұлағына» үлкен қызығушылық танытты оқушылар.
Шара барысында бала оқырмандар жергілікті ақын-жазушылармен кездесті.
Өңірге белгілі жазушы Г.Пуссептің:
– Абай мен Әуезов туралы, олардың сабақтастығы мен әлем әдебиетімен үндестігі-түгесілмейтін бітпес телегей әңгіме. Оны кітаптан ғана оқып, тағылым алуға болады. Кітаппен достықтарың бұрыннан жақсы болар. Соны үзбеңдер, – деген сөзі шәкірттерге ой салды.
Кітапхана жанынан құрылып, бұл күнде Шығысқа кеңінен танымал болып үлгерген «Шабыт» ақындар мектебімен жүздескен өлеңге құмар жастар сырлы сұхбат құрып, әдебиет әлеміне саяхаттап қайтты. Өрелі өлеңге кезек беріліп, құлақтан кіріп, бойды алған әсем ән шырқалды. Тыңдармандар арасыннан да өз өлеңдерін жатқа оқып, үлкендердің ықыласына бөленген жас буынның бар екенін көріп қуандық.
Әңгімелері жарасқан жасөспірімдер кеш соңында өз орталарында мәнерлеп өлең оқып жарысып, сурет салып, кітап фестивалінің базарын тарқамастай етті.
Оразай Жеңісұлы