Қоғам

Бес мыңнан аса іс медиация арқылы аяқталған

Бес мыңнан аса іс медиация арқылы аяқталған


Облыс соттарында былтырғы жылы 5249 іс медиацияны қолданумен аяқталған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 557 іске артық.

Бұл жөнінде өңірде 2018 жылдағы сот төрелігін атқарудың қорытындысын жариялаған облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдіғалиев мәлім етті.

– 2018 жылды облыс соттарымен барлығы 71 235 азаматтық, 5 157 қылмыстық және 32 765 әкімшілік іс қаралды. Қаралған істердің жалпы саны – 109 157. Былтыр облыстағы бірінші сатыдағы соттардың жұмыс көрсеткіштері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жақсарды, – деді ол.

Сот процестерінде келісу рәсімдерін белсенді пайдалану жоғары маңызға ие екенін атаған орынды. Атап өтерлігі, облыс соттары республикада осы бағытта бірнеше жыл қатарынан алдыңғы орында келе жатыр. Бұған облыстың ірі соттарында жүзеге асырылатын әртүрлі қанатқақты жобалар, бітімгершілік және медиация орталықтарымен орнатылған тығыз ынтымақтастық байланыстар дәлел.

– Азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жыл сайын жақсарып келеді. 2017 жылы бірінші сатыдағы соттардың шағым түсірілген 2880 ісінің 465 шешімінің күші жойылып өзгертілсе, өткен жылы шағым түсірілген 5039 істің 399 шешімінің күші жойылған және түзетілген. Шағымдалған шешімдердің саны 2 есеге артқанымен, алайда өзгертілген актілер саны 8,2%-ға жақсарған, – деді баспасөз мәслихатында Дамир Әбдіғалиев.

Жиында облыстық соттың судьясы Ғалия Алипанова қылмыстық істер жөнінде статистикалық мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, есепті уақытта аудандық және қалалық соттармен қаралған қылмыстық істердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 24,9% -ға төмендеген.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында тілшілерге өңірде пилоттық жобаларды іске асырудың нәтижелері, судья әдебі жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері және судьялардың әрекеттеріне шағымдар туралы ақпараттар берілді. Мысалы, облыста «Отбасылық сот» жобасының аясында 270 отбасы екіге бөлінбей, отбасын сақтап қалса, келісу рәсімдері бойынша барлығы 638 дау шешілген. Ал «Түнгі сот» жобасымен жиыны 693 әкімшілік іс қаралған. Мұның ішіне электронды форматта жасалған материалдарды қарау да кіреді.

Облыс бойынша Соттар әкімшісінің орынбасары Әйгерім Хайрулинова соттарды цифрландыру бағдарламасын іске асыруға тоқталды. Жоғарғы Соттың жетінші басымды бағытын іске асыру аясында сот төрелігін жүзеге асыруды одан әрі цифрландыру үшін облыс соттары виртуалды сот жобасын іске асыруда.

Мәселен, Глубокое, Аягөз, Ұлан аудандық соттарында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, уақыт пен қаржы ресурстарын үнемдеу және сот процестерінде инновациялық технологияларды дамыту мақсатында енгізілген «Виртуальдық сот» қанатқақты жобасы іске асырылуда. Ол арқылы барлығы 27 іс қаралған.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында айтылған тағы бір жаңалық ол – «Smart Sot» жобасының енгізілуі болды. Егер тараптардың қалта телефонында TrueConf мобильді қосымшасы болған жағдайда, онда олар сот тыңдауын қашықтан өткізуге мүмкіндіктері бар. Осы ретте мобильді гаджеттер арқылы барлығы 57 іс қаралып, азаматтардың уақытын тиімді үнемдеуге мүмкіндік берген.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button