Қоғам

Бес миллион тонна астық экспортталды

Бес миллион тонна астық экспортталды

Жыл басынан бері Қазақстан бес миллион тонна астық экспорттады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров мәлім етті.
– 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап 4,9 миллион тонна астық сыртқа шығарылды. Бұл өткен жылғы деңгейге қарағанда 961 мың тоннаға немесе 24 пайызға көп, – деді ол.
Вице-министр тиелген астықтың 3,3 миллион тоннасы дәнді дақыл, 1,2 миллион тоннасы ұн екенін атап өтті. Атап өтер жайт, 2015 жылы жиналған астықтың жалпы көлемі 18,8 миллион тоннаны құрап, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 1,5 миллион тоннаға артқан. Ал жиналған бидай көлемі 13,5 миллион тоннаға жетіпті.

Көлік сатылымы төмендеді

Қазақстанның автокөлік нарығы соңғы төрт-бес жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткішке жетті. Қаңтар айында жаңа автомобильдердің сатылымы өткен аймен салыстырғанда 45,68 пайызға азайды. Бұл көрсеткіш 2015 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 55,25 пайызға аз. Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлайды.
Сатылымы жоғары көліктердің тізімінде де өзгерістер орын алғанын айта кеткен жөн. Мәселен, ресейлік Lada автокөліктерінің сатылымы бір айда үш есеге азайыпты. Олар 457 автокөлік сатып, үшінші орынға ие болса, Toyota бренді 761 көлік сатып көш бастаған. Жапондық концерннің бір айдағы сатылымы үш есеге дейін өскен. Мамандардың айтуынша, Toyota өз бағаларын ұлттық валютада белгілегендіктен, оның сатылымы да анағұрлым артқан. Ал тізімнің екінші орнында 559 автокөлік сатқан Renault компаниясы келеді. Отандық өндірушілерге келетін болсақ, есепті айда 486 көлік сатып, желтоқсан айымен салыстырғанда 42,65 пайызға аз сауда жасаған.

Кәсіпкерлердің шығындарын өтеп береді

Елімізде «Өнімділік-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші кезеңінде (2011-2014 жылдар аралығы) 140 астам кәсіпкерлік субъектісінің 27,5 миллиард теңге сомасындағы шығындары өтелді.
Атап өтер жайт, аталмыш бағдарлама Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың базалық құралдарының бірі. «Өнімділік-2020» бағдарламасының 2015-2020 жылдардағы екінші кезеңін іске асыру былтырғы күзде басталып кеткен. Осы уақыт ішінде еліміздегі 28 кәсіпкерлік субъектісі өз шығындарының 40-50 пайыз көлеміндегі өтеуін алып үлгерген.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы кәсіпкерлік құрылымдар Индустрияландыру картасының жобаларына арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу және сараптау, кадрларды, оның ішінде топ-менеджерлерді даярлау және қайта даярлау, өндірістік технологияларды енгізу сияқты мәселелер бойынша «Өнімділік-2020» бағдарламасының көмегіне жүгіне алады. Бұл туралы нақтырақ www.kidi.gov.kz сайтынан білуге болады.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button