Бес көпбалалы отбасы қуанышқа кенелді

Тәуелсіздік күні Жарма өңірінде ерекше ықыласпен аталып өтті. Бұл күні аудан көлемінде жаңадан ауыл клубы ашылып, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана кілттері табысталды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Жарма ауданының Белтерек ауылында ауылдық клуб қолданысқа берілді. Белтеректіктер бұл мәселені біраз бұрын аудан әкімінің алдында көтерген болатын. Ауыл тұрғындарының өтініші жерде қалмай, елді мекен орталығындағы нысанды жөндеуге аудандық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді. Жалпы, осыған дейін аудан бойынша 19 клуб жұмыс істесе, бүгін олардың қатары тағы бір клубпен толықты.
Бұдан бөлек, бұл күні аудан орталығында екі пәтерлі он0 тұрғын үй қолданысқа беріліп, оның бесеуі көпбалалы, екеуі мүгедек жандарды бағып отырған отбасыларға табыс етілді. Жергілікті кәсіпкер Динара Исабаева «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша екі пәтерлі бес тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, қолданысқа беріп отыр. Осылайша, жаңа баспаналардың игілігін аудан халқы көретін болады.
Игі істер аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шарамен жалғасып, дәстүрге сай айтулы мерекеде еңбегімен ерекшеленген бірқатар еңбек адамдарына құрмет көрсетілді. Сол сияқты аудан тарихында өзіндік орны бар ардагерлер назарға алынып, оларға Жарма ауданының Құрмет грамоталары табыс етілді. Сондай-ақ мереке қарсаңында екі анаға «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.
Мерекелік кеш аудандық Мәдениет үйінде концерттік бағдарламаға ұласты.
Азамат Темірбеков