Қоғам

Ел мүддесін ескерген елеулі шешім

Сайлаубек Таушаев, Социалистік Еңбек Ері, Екпін ауылы, Тарбағатай ауданы.

Президент Жарлығымен елімізде үш жаңа облыс құрылды. Бұған дейін де айтылып келді. Енді заңмен нақты бекіді. Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалаласы бөлініп шықты. Әкімшілік орталығы Семей қаласы атанды.

Бұл ақыл-таразыға салынған, елеп-екшенген өте дұрыс шешім болды. Осы Жарлыққа сәйкес, 1997 жылы біріктірілген Ақсуат пен Тарбағатай да тарихи әрі географиялық тұрғыдан халықтың мүддесіне сәйкес дербес аудан болып қайта құрылды. Бұл бөліну емес. Ақсуат пен Ақжар өңірі бүгінде ауылы аралас, қойы қоралас бір бүтін елге айналған. Қаншама туыстық, достық, әріптестік қарым-қатынас орнықты. Бұл ізгі үрдіс кейін де жалғаса бермек. Әкімшілік бөліністің араластық-сыйластыққа тигізер шектеуі жоқ.

Ақжар өңіріндегі ағайындарымыз үшін де қуаныштымыз. Расымен, аудан көлемі үлкен, басқаруға ауыр және аудан орталығына кейбір ауылдардың шалғайлығы да бар болды. Оны да ескергеніміз жөн. Кейінгі жылдарда тозыңқырап кеткен Семей қаласының да облыс орталығы статусын қайта алғаны көңілімізді марқайтып отыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға негіздеп қаншама реформалардың жүзеге аса бастауына мұрындық болды. Мұны естіп-көріп жүрсіздер. Жаңадан үш облыстың құрылуы да осы ел игілігін көздеген межелі мақсат-мұраттардың бір парасы деп есептейміз.

Ольга Рыпакова, Олимпиада чемпионы:

 Жалпы, Семей қаласы мен өңірінің тұрғындарынан бұрыннан-ақ «Жеке, бөлек облыс болсақ қой, бұрынғы облыс дәрежемізді қайтарып берсе ғой, сонда қала да, жалпы осы өңір де дамып, өркендеп, кемелдене түсер еді» деген сыңайдағы әңгімелерді құлағым жиі шалып жүретін.

Менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында бұрынғы Семей облысын Абай деген жаңа атаумен қалпына келтіру туралы айтып, жұртшылықты бір қуантып тастады. Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген тілекті ескеріп, осындай батыл әрі әділетті шешімді қабылдады.

Енді жаңадан құрылатын Абай облысының тұрғындары да келешекке үлкен үмітпен қарап отыр деп ойлаймын. Себебі олар енді жеке-дара облыс ретінде бұдан да серпінді дамитын болады.

Өз басым жаңа Абай облысына, оның орталығы көне әрі көрікті шаһар – Семей қаласына қарқынды өсіп-өркендеу тілеймін! Ұлы ақын – Абайдың туған жері өз дәрежесіне сай болуы тиіс деп санаймын.

Татьяна Чернышова, Шығыс Қазақстан облыстық «Эко согласие» халық денсаулығы мен экологияны қорғауға әрекет ету қауымдастығы» ЗТБ президенті:

– Мен өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жаңа облыстар құру, оның ішінде Шығыста Абай облысын құру туралы бастамасын, сол бағыттағы саясатын толығымен қолдаймын. Кеше Президенттің Шығыс Қазақстанды бөліп, Абай облысын құру туралы Жарлыққа қол қойғанын өздеріңіз де көріп, естідіңіздер. Облыстық қоғамдық кеңестің құрамында он жылдан артық өңірдің денсаулық сақтау саласының өркендеуі жолында қызмет атқарған, қордаланған өзекті мәселелерді көзіммен көрген адам ретінде айтарым, бұл шешім өте дұрыс, ұтымды болды. Себебі жаңа құрылған Абай облысында тұрғындар үшін денсаулық сақтау саласында көптен бері шешімін тосқан кешенді мәселелер бірден шешімін таппақ. Жасыратыны жоқ, бұған дейін ол жақтағы халық денсаулығын түзету, дәрігердің қабылдауына кіру, қандай да бір денсаулығына қатысты анықтама алу үшін бірнеше жүз шақырымнан облыс орталығы Өскеменге сабылып келетін. Енді аталған мәселенің бәрі өздерінің тұрғылықты жерлеріне жақын қала Семейде шешілмек.

Ал алдағы уақытта жаңа Абай облысы гүлденіп дамиды деп толық айта аламын, себебі ол ұлы ақын Абай Құнанбаевты, оның дарынды ұрпақтарын өмірге әкелген, өсірген қасиетті өлке. Сонымен қатар семейліктер де осы тарихи сәтті жылдар бойы асыға күтті. Жағымды жаңалықпен өңірдің барлық тұрғындарын құттықтаймын.

Осы айдарда

Back to top button