Спорт

Бес елдің атлеттері Өскеменде бас қосты

Өскеменде жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлделері үшін өткен кезекті халықаралық турнир мәресіне жетті. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған доданың биылғысына 70-ке жуық спортшы қатысты.

Арасында қазақстандық атлеттермен қатар, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, сондай-ақ Тәжікстаннан келген саңлақтар да бар еді. Бір күнге созылған жарыс әдеттегідей тартысқа толы болды. Мұны турнирдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген үш бірдей Олимпиада ойынының жүлдегері, Әлем чемпионы, төрт дүркін Азия ойындарының жеңімпазы атанған даңқты қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакованың өзі де айтты.

– Бұл турнирдің ұйымдастырыла бастағанына тым көп бола қоймаса да, ол спортшылардың ең сүйікті әрі асыға күтетін жарыстарының біріне айналып үлгерді. Бұл жайт жүрекке ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Ең бастысы, жыл сайын біздің турнирде бірнеше жаңа рекорд тіркеліп жатады. Осының өзі оның мән-мағынасын арттырып, турнирдің деңгейі қаншалықты жоғары екенін анық көрсететіндей. Жеңіл атлеттеріміз Қазақстан және Азия чемпионаттарындағыдай тым үлкен жауапкершілікті сезінбейді, жарыс жолында еркін қимылдайды. Ал осының бәрі түптеп келгенде спортшының жоғары нәтиже көрсетуіне жол ашады. Байқағандарыңыздай, мұндай жарыстарда қатысушылар ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп жатады. Бұл жолы да солай болды. Бүгінгі жеңістері спортшыларымызға тың күш-қуат беріп, алдағы байрақты бәсекелерде де үздіктер қатарынан көрінуіне көмектеседі деп сенеміз, – деді биылғы жарысқа көрермен ретінде қатысқан Ольга Рыпакованың өзі.

Жарыс ауқымының кеңейіп, мәртебесінің өсіп келе жатқанын турнирге қатысушы спортшылар да айтуда. Мәселен, жуықта ғана аяқталған Азия чемпионатында қыздар арасындағы биіктікке секіру сайысында топ жарып, алтын медаль иеленген семейлік Надежда Дубовицкая Өскемендегі турнирдің де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді.

– Биылғы жарыстың атмосферасы шынымен де, керемет болды. Өзімізді үйдегідей сезіндік. Сол үшін аренаның трибуналарына жиналып, бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге және жарысты ұйымдастырушыларға рақмет айтқым келеді. Әсіресе Ольга Рыпаковаға айтар алғысымыз шексіз. Үнемі біз сияқты жас спортшыларға ақыл-кеңесін беріп, қолдауын аямайтын осындай аға-әпкелеріміз аман болсын! Жарысқа келер болсақ, турнир өте жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Қарсыластарымыз да осал болған жоқ. Дегенмен, сәтін салып, жеңіске жеттім. Бүгінгі жарыстағы өнеріме көңілім толады, – дейді биіктікке секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Надежда Дубовицкая.

Айта кетейік, Өскемендегі додада Дубовицкая 1,95 метрге секіріп, турнирдің рекордын жаңартты. Осы ретте, бұған дейін семейлік спортшының үздік нәтижесі 1,93 метрге тең болғанын айту керек.

Жарыстың жоғары деңгейде өткенін турнирге қатысқан өзге спортшылар да ерекше атап өтті.

– Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі  еліміздегі ерекше спорт нысандарының бірі екені даусыз. Сол себепті, біз сияқты атлеттер үшін мұндай жерде өтетін жарысқа қатысудың өзі – бір бақыт. Жалпы, аталмыш манежде бұған дейін де сан алуан елішілік және халықаралық дода өткен. Бұл жерде Қазақстан жеңіл атлетикасының тарихы жазылуда десем де қателеспеспін. Осы спорт түрінің өкілі ретінде Шығыс Қазақстанда жеңіл атлетиканың дамуына облыс басшылығы тарапынан ерекше мән беріліп, қолдау көрсетіліп жатқанына қуанамын. Бүгінгі жарыста бағым мен бабым қатар шапты, турнир жеңімпазы атандым, – дейді қарағандылық спортшы Игорь Косолапов.

Ал енді жарыс қорытындыларына келсек, биылғы бәсекеде шығысқазақстандық жеңіл атлеттер тәп-тәуір нәтиже көрсетті. Жерлестеріміздің еншісінде төрт алтын, екі күміс және үш қола медаль бар. Бұл жолы тұғырдың ең биік сатысына Элина Михина (300 метрге жүгіру), Юлия Башманова (60 метрге жүгіру), Надежда Дубовицкая (биіктікке секіру) мен Анастасия Рыпакова (ұзындыққа секіру) көтерілді.

Күміс жүлдеге Андрей Соколов (300 метрге жүгіру) пен Ақылжан Тоқтағалин (биіктікке секіру) қол жеткізсе, жарыстың қола медальдарын Андрей Лаврушенко (60 метрге жүгіру), Айым Қайсанова (300 метрге жүгіру), сондай-ақ Елизавета Матвеева (биіктікке секіру) жеңіп алды.

Әдеттегідей, турнир соңынан барлық жеңімпаз бен жүлдегер ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Марапаттау рәсіміне Ольга Рыпакованың өзі, сондай-ақ республикалық жеңіл атлетика федерациясының өкілдері қатысты. Ал аталмыш федерацияның президенті, облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жарыста көзге түскен барлық спортшыны жүлделерімен құттықтап, алдағы бәсекелерде де сәттілік тіледі.

– Өскеменде Ольга Рыпакованың жүлделері үшін өткен кезекті халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Алғаш рет Олимпиада чемпионы оған көрермен ретінде қатысты. Жарысқа алыс және жақын шетелден ондаған спортшы келді. Шығысқазақстандық спортшылар бұл жолы да үздік нәтижелер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақстандағы жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде соңғы жылдары еліміздегі жағдай айтарлықтай жақсарғанын, секцияларға жазылған балалардың саны біршама артқанын айтқым келеді. Біз мықты жаттықтырушылар командасын жинадық. Оның үстіне, бізде Ольга Рыпакова атындағы манеждей әлемдік стандарттарға сай келетін керемет спорт нысаны бар. Осының бәрі біздің спортшылардың беделді халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінуіне септігін тигізуде. Мәселен, жақында ғана аяқталған Х Азия чемпионатында ұлттық құрамамыз екінші орын алды, спортшыларымыз барлығы 12 медальға қол жеткізді. Ольга Рыпакованың жүлделері сарапқа салынған бұл жолғы турнирдің қатысушылары жанкүйер қауымды тамаша нәтижелерімен, жарқын жеңістерімен қуантты. Осы ретте, біз өзге де ауқымды додаларды өткізуге дайын екенімізді айтқым келеді. Тіптен, Әлем чемпионаттарын да ұйымдастыруға әлеуетіміз жетеді. Спортшыларымыз алдағы додада да жаңа рекордтар орнатып, тұғыр биігінен көрінетініне сеніміміз мол, – деді федерация президенті.

Осы айдарда

Back to top button