Қоғам

Бес балабақшаны іске қосты

Бес балабақшаны іске қосты


Ерлі-зайыпты Айдын және Меруерт Тоқтаровтар бұдан екі-үш жыл бұрын «Айналайын» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған болатын. Мемлекеттің «Балапан» бағдарламасы қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдарда балабақшаларды мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салуды қолға алғаннан бері өңірде ондаған ғимараттар пайдалануға берілді. Айдын мен Меруерт осы бағдарлама бойынша тиімді бастамаға үн қосып, бұдан екі жыл бұрын Өскеменде «Аружан», «Құлыншақ» балабақшаларын іске қосты. Жақында балдырғандарға қуаныш сыйлап жүрген ерлі-зайыптылармен танысудың сәті түсті.

Сонау 1997 жылы Глубокое кентінде бір ғимарат Оралхан Бөкей атындағы мектептің игілігіне берілген. Содан бері 20 жыл өте шығыпты. Екі жыл бұрын кентте заманауи мектеп іске қосылып, оған Оралхан Бөкей мектебі қоныс аударған. Ақыры мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік аясында тендерге қатысқан Тохтаровтар аудан орталығында екі балабақшаны пайдалануға беру құқығына ие болды.

– Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы бойынша Уварово ауылы мен Глубокоеда балабақша салуға қаржы бөлінген болатын. Ескі ғимараттарды күрделі жөндеу Тоқтаровтар басқаратын серіктестікке тапсырылды. Мұның алдында Уварово ауылындағы 50 орындық «Алтын бала» бақшасын олар мерзімінде сапалы етіп салып берді. Кейін оны 100 орындық етіп кеңейту ойда бар. Ал мына тұрған «Болашақ» балабақшасын күрделі жөндеуге ерлі-зайыптылар 10 миллион теңге қаржы жұмсап, жақында ғана пайдалануға берді, – деп аудан әкімі Қалихан Байғонысов біраз жайдан хабардар етті.
Екі қабатты балабақшаның іші айнадай жарқырайды, бөлмелер жылы, балалар төрт мезгіл тамақ ішеді, кітап оқып, ән салады. Бірінші қабатта асхана, демалыс орындары бар, ал екінші қабаттағы үлкен бөлмеде балалар сабақ оқуға кірісіп кетіпті. Сәлден кейін сәбилердің күміс күлкісі келесі кең залдағы шырша орналасқан фойені кернеп кетті. Балалар шыршаны айналып жүріп ән салды, тақпақ оқыған бүлдіршіндерге сыйлықтар таратылды. Балабақша тәрбиешілері аудан әкімі мен ғимаратты сапалы етіп салып берген Тоқтаровтар отбасына алғысын айтты.

Айдын мен Меруерттің «Айналайын» серіктестігі алдағы уақытта да бүлдіршіндерге қуаныш сыйлай бермек.

Оңдасын Елубай
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button