ТОП

Бес ауылда автобекет болады

Ержан Әбіш

Облыс әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіндегі басты мәселе жолаушылар көлігінің жай-күйі және даму келешегі болды. Облыста 3 автовокзал, 10 автостанция, 12 жолаушыларға қызмет көрсету бекеті жұмыс істейді. Алайда Күршім, Катонқарағай, Глубокое және Көкпекті аудандарының орталықтарында олар жоқ.

Мәселені шешу үшін аймақ басшысы Даниал Ахметов офтейк-келісімшарттар бойынша салынып жатқан бір ғимаратты автостанция ғимаратына бөлуді тапсырды.

– Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына осы жылдың соңына дейін осы төрт ауданда автостанциялар ашуды тапсырамын. Олардың ауданы, әдетте, шамамен 200 шаршы метрді құрайды, бұл жолаушыларға ауданаралық және облысаралық тасымалдауды жүзеге асыратын автобустарды күтуге ыңғайлы жағдай жасау үшін жеткілікті, – деді облыс әкімі.

Осы жылы Бесқарағай ауданының орталығында да автостанция ашылады.

Пандемияға байланысты қалааралық маршруттарды шектеу тасымалдаушылардың қаржылық жағдайын нашарлатты. Жолаушылар ағыны төмендеп, салдарынан облысішілік қалааралық маршруттар 83-тен 67-ге қысқарды. Сондай-ақ заңсыз тасымалдаушыларда теріс әсер етеді, тұрақты автобус қатынасының тоқтауына байланысты жолаушылардың көбі «такси» секілді жеке тасымалдаушыларға ауысты.

Осылайша, жарты жылда тасымалданған жолаушылар саны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,4%-ға төмендеді.

– Сіздің тапсырмаңызға сай облыс орталығының қоғамдық көліктері жаңартылуда, 2021-2024 жылдары Семейде құрастырылатын 60 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінде қала тасымалдаушылары мүгедектерге бейімделген 20 автобус алуға шарт жасады. 2023-2024 жылдары тағы 40 автобус алу көзделуде.

Осы жылдан бастап Өскеменнің қоғамдық көліктерінде автоматтандырылған төлем жүйесі енгізіле бастады, бүгінде ақшасыз төлемнің үлесі – 10%, сондай-ақ тұрғындарға маршрутты нақты уақыт режимінде қадағалау үшін «Oskemen bus» мобильді қосымшасы қолжетімді. Алдағы қыркүйекте барлық қалалық бағыттар жүйеге қосылады, – деді жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Облысішілік теміржол қатынасы Өскемен – Алтай, Өскемен – Риддер, Өскемен – Жалаңашкөл, Семей – Жалаңашкөл бағыттары бойынша субсидияланатын қаражат есебінен ұйымдастырылады. Биыл бұл мақсатқа 526,9 миллион теңге қарастырылған. Жыл сайын 160 мыңнан астам жолаушы тасымалданады.

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы Алакөлдің көліктік логистикасын жақсарту үшін вагондар саны 10-нан 15-ке көбейтілді, бұл маусым-шілде айларында осы бағыттағы жолаушыларды 12 мыңнан (2020 жыл) 30 мыңға (2021 жыл) немесе 40%-ға ұлғайтты. Өскемен – Жалаңашкөл, Семей – Жалаңашкөл бағыттары бойынша биыл бекітілген тариф – 3782 теңге, бұл 2020 жылғы тарифтен 10% жоғары.

Бүгінде Семейдің жаңартылған әуежайы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Зайсан бағыттары бойынша күніне 9 рейс қабылдайды. Келешекте ұшақтар Ақтау, Атырау қалаларына, сондай-ақ шет елдерге де қатынайды.

– 2019 жылдан Өскемен мен Үржар әуежайлары жаңартылуда, осы мақсаттарға тиісінше 14,4 миллиард және 4,7 миллиард теңге көзделген. Жаңарту барысында ұшу-қону жолағы ұзартылып, жабынды, жарық-сигналдық, метеорологиялық жабдықтар ауыстырылады. Биыл бұл жұмыс аяқталады. Болашақта әуежай ғимараттарын қайта құру жоспарлануда. 2022-2024 жылдары Зайсан әуежайын жаңарту қарастырылған, бүгінде аудан әкімдігі жобалау-сметалық құжаттарды дайындауда, – деді басқарма басшысы.

Көкпекті мен Күршім аудандары арасында «Қызыл ту» өткелі жұмыс істеуде. Қазір паром жұмысына «Облшығысжол» ЖШС қызмет көрсетеді, өткел жұмысында үзілістер болған жоқ. Жолаушылар мен көлік құралдары күн сайын екі пароммен сағат 6-дан 21-ге дейін тасымалданады. Коронавирустың таралуына байланысты көліктің барлығы «Ашық» жүйесіне қосылды.

Сурет: шартты

Осы айдарда

Back to top button