ШҚО бойынша қоршаған ортаны қорғаудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында аймақта табиғат қорғауға бағытталған 41 іс-шара іске асырылып жатыр.
Жоспарға сәйкес бұл шараларға жұмсалатын болжамды шығыстар 10 415 806 мың теңгені құрайды, оның ішінде атмосфералық ауаны қорғауға 1,4 млрд.теңге қарастырылған, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Өндірісті қала Өскеменнің экологиялық жағдайы – өзекті мәселе. Облыс орталығындағы ауа сапасын жақсарту мақсатында атқарылатын шараның бірі – Өскемен қаласындағы жеке тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен жабдықтау желілеріне қосу. Жоспарда мобильді жылжымалы экологиялық зертхана сатып алу; көше шаңын басу мақсатында облыс орталығында автомобиль жолдарының жүріс бөлігін суару шаралары қарастырылған. Қазір қалада бұл жұмыстар атқарылып жатыр.
– Жылжымалы экологиялық зертхананы сатып алу атмосфералық ауаға жедел бақылауды жүзеге асыру; атмосфералық ауаға химиялық талдау (сіңіргіштер арқылы іріктеу) жүргізу; апат орындарына жедел шығу; ластану көздерін бақылау үшін қажет. Өздеріңіз білетіндей, эмиссиялардың нақты көзін жедел анықтау әрдайым мүмкін емес. Бұл кешен экологиялық жағдайды объективті бағалауға мүмкіндік береді,- деп баяндады өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыста қоршаған ортаны қорғаудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша жүргізілетін және атқарылып жатқан жұмыстар барысын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еламан Мұхтарханов.
Жоспар аясында аймақтағы су объектілерін қорғауға 1,7 млрд. теңге қарастырылып отыр. Қаржы негізінен ластаушы заттардың төгінділерін азайтуға жұмсалмақ. Бұл көптеген жылдар бойы шешімін таппаған облыстың елді мекендері үшін жүйелі мәселе. Жоспарға қалалар мен аудан әкімдіктері және құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған бірінші кезектегі жобалар енгізіліпті.
Облыстағы өзендер мен көлдердің жағалау аумақтарын түрлі сыртқы факторлардың әсер етуінен қорғауға – 37,7 млн. тенге бөлінген. Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен трансшекаралық өзен туралы халықаралық міндеттемелерді орындау шеңберінде негізгі су артерияларын, оның ішінде суы тартылып бара жатқан Ертіс өзенін реттеуге ықпал ететін болады деп болжанып отыр.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға орай атқарылатын іс-шаралар орман өсіру мен орманды қалпына келтіруді тұрақты орындауға, орман өрттерінің алдын алуға, ауадағы көміртегі ізін төмендету есебінен парниктік әсерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, іс-шаралар бағалы балық түрлерінің популяциясын көбейтуге және су экожүйелерін сақтауға, сирек кездесетін балық түрлерінің жойылып кетуіне жол бермеуге ықпалын тигізбек.
Жоспардағы міндеттердің бірі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру және оңтайландыру есебінен экожүйелерді сақтау, түрдің ауқымын қалпына келтіру, кеңейту, резервтік аймақтар мен көші-қон дәліздері желісін құру, табиғи-ландшафтық қорға қашықтан мониторинг жүргізу, бірегей табиғи ландшафттарды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің бағалы және сирек түрлерін қорғау бойынша жедел шаралар қабылдауға бағытталған.
Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында түрлі өндірісітік қалдықтармен күреске айрықша назар аударылып отыр. Бұл мақсатқа – 3,8 млрд. тенге бөлінген. Іс-шаралардың ішінде өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті арттыру, Өскемен қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу, ескі полигонды рекультивациялау жұмыстары бар. Баспасөз мәслихатына қатысқан табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы табиғат қорғау бағдарламалары бөлімінің басшысы Аяулым Еркінованың айтуынша, осы шараларды іске асыру экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін қатты тұрмыстық полигондардың санын көбейтуге мүмкіндік береді. Жоспарда көретілгендей алдағы уақытта Өскемен қаласында, Катонқарағай ауылында (Катонқарағай ауданы), Ақжар және Тұғыл ауылдарында (Тарбағатай ауданы), Жаңа Бұқтырма кентінде (Алтай ауданы), Самар ауылында қатты тұрмыстық (Самар ауданы) полигондар салынбақ.
Экономикалық есептеулердің дайындалуына қарай негізгі полигондар алдағы жылдары кезең-кезеңмен салынбақ. Сонымен қатар, облыстың барлық аудандарында рұқсат етілмеген қоқыстар жойылады дейді мамандар.
Қоршаған ортаны қорғау жоспарын іске асыру облыстың өзекті мәселелерін шешуге, атап айтқанда: ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділерін азайтуға, орманды молықтыру көлемін ұлғайтуға, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға және халықтың жайлы өмір сүру ортасын құруға ықпал ететін болады.
Автор: Жамал Ермен