Аймақтар аухалы

Бес ауылда су құбырлары тартылып жатыр

Берікхан ТАЙЖІГІТ

Ауданымызда ауызсу құбырын тарту жұмыстары ежелден кешеуілдеп келе жатқаны жасырын емес. Мұның, әлбетте, объективті және субъективті себептері бар. Көзі қарақты жандар бәлкім есіне түсірер, Аягөз қаласында сонау кеңестік кезеңде де ауызсу мәселесі қиын еді. Шыны керек, әр көшеден флягасын сүйреткен тұрғындарды көптеп кездестіруге болатын.

Дегенмен бүгінде жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқанға ұқсайды.

– Мәселен, Аягөз ауданындағы 50 елді мекеннің 45-і ауызсумен қамтылды, бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Жалпы, елді мекендердегі 30 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, қазіргі кезде аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінде орталықтандырылған сумен қамту мақсатында «Аягөз қаласында су құбырлары желісінің құрылысы» жобасы іске асуда, соның арқасында 37 көшеде су құбыры салынады. Бұл жұмыстар 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Қазір 19 шақырым су құбыры төселді, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай.

Рас, аталмыш жұмыстар барысында біршама кедергілер ұшырасуда. Мәселен, Қорық ауылындағы су құбырын тарту жұмыстары жерасты суларының шығуына байланысты уақытша тоқтап, жобалық-сметалық құжаттары түзетіліп жатыр.

Бұдан өзге, жырақтағы Шұбартау өңірінің Байқошқар  ауылында су тарту жұмысы іске асуда. Бүгінге дейін 3,2 шақырым құбыр төселді.

Сол сияқты Ай және Қопа ауылдарында су құбыры салынуда. Айда 13,9 шақырым, Қопада 25,6 шақырым құбыр жүргізу жоспарланған. Мердігер – «Компания Арнайы Құрылыс» ЖШС. Қазір жобалық-сметалық құжаттамалары түзетілуде.

Сондай-ақ Ақтоғай кентінде су құбыры салынып жатыр. Құбыр желілерінің ұзындығы – 31 шақырым. Жұмыс аяқталғанда  2938 адам сапалы сумен қамтылмақ. Мұнда қазір 4,9 шақырым құбыр төселді.

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button