ТОП

Бес ауданда электр стансалары салынады

Ержан Әбіш

Алдағы уақытта Ұлан, Глубокое және Күршім аудандарында жел мен күннен қуат алатын электр стансалары салынады. Бұл мәселе аймақ басшысы Данаил Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөнінде айтар болсақ, бүгінде Алтай мен Катонқарағай аудандарына арналған су электр станцияларының жобалары бар. Кеңесте аймақ басшысы Ұлан, Глубокое, Күршім аудандарында жел және күн электр стансаларын салу мәселесін талдауды тапсырды. Себебі, тұрғындар мен өндіріс орындарының электр қуатына деген қажеттілігі артып барады. Бұқтырма көпірі салынған соң Күршімде де электр энергиясына сұраныс өсуі тиіс.

Сондай-ақ кеңесте балабақшалар мен мектептер құрылысы талқыланды. Өңірде мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы, 2-6 жас аралығындағы балалардың 98 пайызы қамтылған.

– Өскемендегі төрт бұрынғы балабақша ғимараты жуырда мемлекетке қайтарылады, бұл қосымша 860 орын беріп отыр. Олар Аблакетка шағын ауданында және Лихарев, Космическая, Протозанов көшелерінде орналасқан. Келер жылы бүлдіршіндерді қамту 100 пайызға жетеді, – деді облыс әкімі.

Жиында жолаушылар көлігін субсидиялау мәселесі де қозғалды. Қала әкімдігі өз міндеттемелерін орындауда, ал тасымалдаушылар түскен табыс есебінен автобустарды жаңартуы тиіс. Электронды билеттендіру жүйесі, оның ішінде QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі тиімділігін көрсетті.

Жаңадан құрылған Самар және Тарбағатай аудандарына қатысты да тапсырмалар берілді.

– Мұнда инфрақұрылымға, көпбалалы отбасыларына, жас мамандарға арналған үйлер құрылысына байланысты шешуді қажет ететін мәселелер бар. Айталық, Самара ауылындағы аяқталмаған 60 пәтерлі үйді осы мақсатта пайдалануға болады, – деді аймақ басшысы.

Жақында Риддердің мәдениет сарайын жөндеу басталады, сондай-ақ бұл қалаға 300 орындық мектеп салу көзделген.

Осы айдарда

Back to top button