Аймақтар аухалы

Бесқарағайдың әлеуеті зор

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданында болды. Аймақ басшысы алдымен жерігілікті мәслихат сессиясына қатысып, ауданға жаңадан тағайындалған әкім Шалқар Байбековті таныстырды. Ол соңғы екі жылда облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

– Бесқарағай ауданының қай салада болмасын әлеуеті зор, өңірді бұдан әрі қарқынды дамыту үшін әкім қызметіне тәжірибесі мол басшыны тағайындап отырмын, – деп түсіндірді кадрлық өзгерісті Даниал Ахметов.

Бұдан соң облыс әкімі аудан активінің отырысын өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

– Адамның өмір сүру сапасын айқындайтын басты салалар – денсаулық сақтау мен білім беру, сонымен қатар жолдардың жағдайы, – деген аймақ басшысы осы бағыттарда атқарылған және алдағы уақытқа жоспарланған ауқымды жұмыстар жөнінде айтты.

Атап өтсек, денсаулық сақтау саласына соңғы үш жылда 24 миллиард теңге бөлінген. Медицина мекемелерін заманауи құрал-жабдықтармен қамту ісі жалғасуда. Алдағы уақытта Алтай мен Аягөз қалаларында кардиологиялық орталықтар ашылмақ. Облыс басшылығы алдағы 3-4 жылда денсаулық сақтау саласы жөнінен өңіріміз еліміз бойынша көш бастауы тиіс деп меже қойып отыр.

Білім беру саласы туралы сөз қозғаған аймақ басшысы үштілділікті дамыту бағытында атқарылған істерге тоқталды. Орта мектептердің материалдық-техникалық базасы Назарбаев зитякерлік мектептерінің стандартына сәйкес жарақтала бастады. Жетістіктің бірі – еліміздегі 1 мың ІТ-сыныптың 655-і бізде, республика бойынша 11 балаға бір компьютерден келсе, бізде алты копьютерден келеді. Енді өңір колледждерін жарақтауға алдағы төрт жылда 7 миллиард теңге құйылмақ.

Аудан еңбеккерлері мен жаңадан тағайындалған әкімнің қызметіне табыс тілеген аймақ басшысы алдағы көктемде өңірге тағы келіп, тапсырмаларының орындалу барысын  тексеретінін ескертті.

Бұдан соң аймақ басшысы Бесқарағай ауылының іргесіндегі «Жай-Жа» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Екі жыл бұрын құрылған шаруашылықта бүгінде 300 бастай абердин-ангус тұқымды сиыры мен 130 бас «тяжеловоз» тұқымды жылқы бар. Қожалық басшысы Жәнібек Жұмағазы алдағы екі жылда мал басын бір мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Аймақ басшысы шаруашылықтың базаларын, малын, техникасын көрді. Атап өтерлігі, мұндағы тракторлар, шөп шабатын, жинайтын, жем шашатын техниканың бәрі жаңадан алынған.

– Қожалықтың жай-күйі, аяқ алысы көңіл көншітеді, бұл – шаруашылықты сауатты ұйымдастырудың нәтижесі. Мемлекет тарапынан барлық тиісті субсидиялар төлінеп келеді. Еңбектеріңе табыс тілеймін! – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Стеклянка ауылындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығына ат басын бұрып, тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Он жыл бұрын құрылған шаруашылықта 600 бас сауынды сиыр, 70 бас жылқы бар. Жайылымы, шабындығы мен егістігі үш мың гектар аумақты алып жатыр.

Мұнан соң облыс әкімі Глухов ауылдық округіне қарасты Ақкөл ауылындағы көне ағаш мешіттің жағдайымен танысты. Семейден 30 шақырым жерде орналасқан бұл сәулет өнерінің ескерткіші 1905 жылы бой көтерген екен. Оны Сұлтан қажы Фазылбеков деген татар көпесі салдыртқан. Мешіттің іргесіне қаланған тастар сонау Абай ауданынан тасылыпты. 1918 жылдан кейін бұл жерде мектеп орналасқан көрінеді. Бұл ғимараттың басты ерекшелігі – бірде-бір шегесіз салынған, сонымен қатар ағаштары шірімес үшін алдын ала ерекше ертінідіге салынған, мұнарасы үш қабаттан тұрады.

Жергілікті дәрежедегі мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде тұрған нысанның бүгінгі халі мүшкіл. Ғимараттың іші-сыртын мұқият қарап шыққан аймақ басшысы оның жартылай бүлінгенін атап көрсетті. Ақкөл мешітінің алдағы тағдыры жан-жақта қарастыруды қажет етеді.

Сондай-ақ облыс әкімі Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан мәдени-сауықтыру орталығының құрылыс барысын тексерді. Іргесі екі жыл бұрын қаланған арена осы жылдың желтоқсанында пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі кезде үш үлкен блоктан тұратын нысандағы жұмыстардың басым бөлігі аяқталыпты, тек ішкі әрлеу, желі тарту сияқты шаруалар атқарылуда.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button